Діни радикал қайдан шығады?
Діни радикал қайдан шығады?
688
оқылды

Еліміз Мемлекет діннен бөлек, қоғам ше?

Бүгінде осындай қауіптердің бірі – исламның атын жамылған радикалды топтардың қарқын алуы. Әрине, олармен арнайы мемлекеттік органдар өте нәтижелі түрде күре­суде. Әйтсе де, бұл жұмыстар көп ретте радикализм мен экстремизмге қарсы бағытталған. Ал шындығына келгенде, радикализм мен экс­тремизм бұл проблеманың салдары ғана. Қоғамға зияны тиетіні де осы тұс. Оны түпкілікті еңсеру үшін оның салдарымен бірге түпкі себеп­терін жоюға да мән беруіміз керек. Сондай-ақ радикализм белгілері неғұрлым ертерек анықталса, со­ғұрлым адамның дәстүрлі ортаға бейімделіп, жат діни түсініктен құлан-таза айығып кету мүмкіндігі де көбірек болмақ. «Жалпы, діни экстремизм мен радикализмге итермелейтін көп­теген фактор бар. Солардың ішінде ең бірінші фактор діни ілімнің таяз­дығы және оны арнайы бекітілген мекемелерден алмауы. Жалпы, діни радикализммен жауапқа тартылып жатқан адамдардың басым көп­шілігінің діни сауаты өте төмен. Бұл дегеніміз халықтың діни сауатын арттыру керек екенін көрсетеді. Ал дін жағынан білімі таяз адамдардың діни ақпаратты интернеттен із­­­дейтіні белгілі. Сондайда олар қы­зығушылықпен ондағы діни ақ­параттардың арбауына қалай түсіп қалғанын өздері де аңғармай қалады. Сонымен қатар дін саласында арнайы оқу орнын бітірген білікті мамандардың және ақпараттық кеңістікте дін саласы бойынша орыс тілінде сөйлей алатын (ұстаз, лидер, имам, теолог) мамандардың аздығы бір бөлек мәселеге айналып отыр. Жалпы, қазір деструктивті діни ағымдардың жетегінде кет­кендердің көбі орыс тілінде сөй­лейтін азаматтар. Жастардың дінге деген қызығушылығы күннен-күнге артуда, осыған байланысты дін ілімінде елімізде заманауи білікті маманның болмауы тағы бір фактор болып саналады», – дейді Нұр-Сұлтан қаласы Діни зерттеу орта­лығының маманы Еркебұлан Шамшатов. Бұл мәселенің психологиялық және әлеуметтік жағы тағы бар. Психологиялық факторларға адам­дардың ой-өрісінің дұрыс же­тілмеуін, отбасы бақытын сезіне алмауын, өзіне деген назардың же­тіспеушілігін, тағдыр тауқыметін тартып, одан әрі діннен жұбаныш іздеймін деп радикализмге ұры­нуын, радикал болу арқылы өш­тескен адамдарымнан кек ала­мын деп ойлауын жатқызуға болады. Әлеуметтік факторларға келетін болсақ, тұлғаның әділет­сіздікке ұшырауы, әлеуметтік ахуалы тө­мендігі, қоғамнан сыбайлас жемқорлықты көруі оны ради­ка­лизмге итермелейді. Осы фак­торларды өз алдына дербес қа­растырып, шешімін табатын болса, діни радикализмнің қаупі біршама сейіле түсуі мүмкін дейді мамандар.

Туннельдік сана мен діни конверсия

Теріс ағымдарды терең зерттей бастаған теологтер бұрын діннен көп хабары жоқ адамның ради­калдануындағы бір фактор осындай психологиялық күйлер екенін айтады. Онымен күрестің тиім­ділігін арттыра түсу үшін білікті мамандардың қатарын көбейтіп, насихат жұмыстарын қарқынды жүргізу қажет. Өйткені терро­ризммен күрестің ең алғашқы бас­палдағы – сауатты да терең түсіндіру жұмыстарын жүргізу. «Радикалды-деструктивті идео­логияларда проблеманы, алдына қойған мақсат-мүддені кең ауқымда және объективті түрде қарап талдай алмайды. Ол дегеніміз не? Қандай да болмасын мәселеге бейта­раптылық тұрғысында баға бере алмау. Мысалы, дін, сенім, құдайға сену, мархабат жасау деген мә­селенің барлығын біржақты ғана өздерінің мақсатына келтіріп қарайды. Бұл не деген сөз? Былайша айтқанда, діни құндылықтарды таныған кезде өзінің ішкі агрессивті ұстанымын араластыра отырып тану. Осылайша, рухани құнды­лықтарды бұрмалау және оны өзінің теріс ниетімен былғау. Діни тун­нельдік сана дегеніміз – осы, яки ешқайда бет бұрмай, сол тар дәліздің ішімен жүру деген сөз. Мұндай психологиялық сипат ме­дицинада көбіне суицидке жақын адамның көңіл күйіне тән екен. Радикалды идеологияның да түп тамыры осы өзін-өзі құрбан ету жолына итер­мелейді», – дейді Нұр-Сұлтан қа­ласы Діндерді зерттеу орталығы директорының орынбасары, теолог Жандәулет Сүлейменов. Оның сыртында «Рэмбо син­дромы» деген бар екен. Ол ақырғы қадамға, яки, жаңағы айтқан суи­цидке бару жолында өзін батыр сезініп өлу. Санасына уын сепкен деструктивті идеологияға адал­ды­ғын дәлелдеу үшін ертегідегідей немесе кинодағыдай қаһармандық жасауға ұмтылып қалу дегенді біл­діреді. Оны Ақтөбеде болған терракт дәлелдеді. Радикалды күйге душар болғаны сондай, оларға «шейхтері» қаруды өздерің табыңдар деп бұйырғанда, «Паллада» қару дүкенін тонағандар, оңай құрбан болатынын ойламаған. Тергеу кезінде «егер осылай өлсем, шейіт болам, қабірде ешкім сұрақ алмайды, тікелей жұ­маққа түсемін» деп жауап беріпті. Бұл енді осы тұста теологтер айтып жүрген діни конверсияның сипаты. «Құранда «бір-бірлеріңді өл­тірмеңдер, өздеріңді өлтірмеңдер» деген аяттар бар. Бірақ оны дінді бұрмалағандар өздеріне қарай бұ­рып алған. Олар адамға жеккөру, оқшаулану, өзін жоғары қою сезімін көбірек егеді. Осындай жолмен қарапайым ғана жүрген адамды радикалды идеяларға итермелейді. Мәселен, «конверсия» дегеніміз – «белгілі бір күйден екінші күйге ауыстыру» дегенді білдіретін тер­мин. Оның қолданылу аясы кең. Ал діндегі мағынасы дәстүрлі қа­лыптағы күйден, агрессивті күйге ауысып кететін үрдісті суреттеуге, соның жиынтық бейнесін си­паттауға арналған. Біз адамды осы қалыпқа салып, конверсиялық даму эволюциясын анықтаймыз. Бірінші күйден бастап қаншалықты ра­дикалданғанын бағалаймыз. Кон­версияның ең жоғарғы шегі – өз өміріне қауіп төніп тұрса да, екінші бір адамның айтқанын, оны жақсы танымайтын болса да, бұлжытпай орындау. Ақтөбедегі «шейхтер мен шейіттер» осының дәлелі», – дейді теолог маман. Бұл әрекеттердің барлығы шы­найы дінді комуфляциялық күйге енгізу арқылы өздерінің негізгі сая­си-идеологиялық мақсатына қол жеткізуді көздейтін топтың жасап отырғаны бесенеден белгілі. Ендеше мұның барлығы түптеп келгенде мемлекеттің біртұтастығына нұқсан келтіру немесе мемлекеттік аппа­ратқа, билікке саяси ұстанымдарын көрсету. Егер бір адамның санасы радикалды идеялармен уланатын болса, онда ол қоғамда бүлік ту­дырады. Өйткені ол өзі өмір сүрген қоғамдағы тарих бола ма, ғұрып бола ма, дәстүр бола ма, салт бола ма, заң бола ма бәріне қарсы шы­ғады. Әуелден бұл идеяның тарихи мақсаты осындай.

Меморандум мақсаты – насихат

Ендеше мемлекеттің біртұтас­тығына нұқсан келтіретін ради­калды идеологияларға қарсы күрес біздің қоғамның барлық саласында жүруі тиіс. Осы мақсатта Нұр-Сұл­тан қаласында таяуда Діндерді зерттеу орталығы мен «Nur Otan» партиясы жанындағы «Jas Otan» ЖҚ елордалық филиалы өзара ынты­мақтастық туралы меморандумға қол қойған болатын. Меморандум мақсаты – жастардың рухани да­муына, діни көзқарастарын қалып­тастыруға бағытталған жастар ақ­параттық-түсіндіру тобының жұ­мысын жаңғырту. Іс-шараға ел­ордалық мәслихат депутаты Бақ­дәулет Жанділдаев, Діндерді зерттеу орталығының директоры Мади Тайпин және теолог Жандәулет Сү­лейменов қатысты. «Әрбір үшінші елорда тұрғыны 35 жасқа дейінгі жастар. Сон­дықтан да жастар арасында дін та­­­­­­­­­­­қы­­­­­ры­бында түсіндіру жұ­мыс­тарын жүр­гізіп, діни сауат­тылығын арттыруға арналған іс-шаралар өт­­кізу де маңызды. «Жұ­мыла кө­тер­ген жүк жеңіл» демекші, алдағы уа­­­қытта Діндерді зерттеу орта­лы­ғымен бір­лесіп көптеген жо­баны қол­ға алатын боламыз», – деді «Jas Otan» ЖҚ елордалық фи­­­­лиа­лы­ның төрағасы Бақдәулет Жан­діл­­­­даев. Бұл ортақ бастама жастардың ру­хани дамуына, діни көз­қа­рас­тарын қалыптастыруға және діни сауаттылығын арттыруға ба­ғыт­тал­мақ. Діндерді зерттеу орта­лығы мен «Jas Otan» ЖҚ ел­ордалық филиалы қолға алып жатқан жұмыстың нәти­желі бо­луы үшін қос тарап белсене қыз­мет етуі үшін бар күш-жігерін салмақ. «Жастар арасындағы норма­лауға бағытталған іс-шараларды ұйым­дастыру және діни толерант­тылықты тұрақтау, экстремизм мен терроризм идеологиясын та­ра­лудың алдын алу жұмыстарын жүргізу, патриоттық тәрбиеге ба­ғытталған іс-шараларды өткізу – біздің басты мақсатымыз», – дейді жұмыс барысын таныстырып өткен орталық директорының орын­ба­сары Жандәулет Сүлей­менов.

Нұрлан ҚОСАЙ