Иранның жаңа президенті: Раисиды неге «жендет-88» деп атайды?
Иранның жаңа президенті: Раисиды неге «жендет-88» деп атайды?
291
оқылды

Иранда кезекті президент сайлауы өтті. Халық дауысының басым бөлігін жиған Ибрахим Раиси жаңа президент атанды. Алайда бұл жолғы сайлауға сарапшылар «таңдаусыз сайлау», тіпті «тағайындау» деген баға беріп жатыр. Ал Иран халқының сайлауға қатысу деңгейі әдет­тегіден аз. Сонымен, сайлауда жеңген Раиси деген кім? Неге оны либералдар ұната бермейді? Оның жүргізетін саясаты қандай болуы мүмкін?

Өткен аптадағы президент сайлауы Иран үшін маңызды сая­си оқиғалардың бірі болды. Бұған дейін «реформистер» атынан екі мерзім ел басқарған Хасан Роу­хани 3-ші рет сайлауға қатыса ал­мады. Ал бұрынғы президент Ахмадинежадтың кандидатурасы өтпей қалды. Жалпы, бұл жолы Ислам революциясының сақшы­лар корпусы президент сайлауына қатысуға ниетті 592 кандидаттың тек 7-еуін ғана іріктеп алған. Иә, бұл елде аталған корпустың ықпалы жоғары, ол тіпті сайлауға қатысшу­лардың тізімін де анықтай алады. Осылайша, сайлауда Ибрахим Раисиге бәсекелес болуы мүмкін деген адамдар шеттетіліп, оның билікке барар жолы тазарды. Сөйтіп, ол 17,8 млн. сайлаушының дауысын жинап (62 пайыз), Иран­ның жаңа президенті атанды. Алайда корпус неге Раисиды таң­дап отыр?

Ибрахим Раиси деген кім? Бұл сұраққа жауап беру үшін жаңа иран­басының биографиясын шо­лып шығу керек. Ол өз елінде қатаң діни консерватор ретінде, Батысқа қарсы көзқарастарымен белгілі әрі елдің жоғарғы басшысы Аятолла Али Хаменеидің ізбасары, жақын серіктесі ретінде қарас­тырылады. Аятолла Хаменеи се­кіл­ді Иран шииттері үшін қасиетті қала Мешхедте туған. Раиси қыз­мет жолын құқық саласында бас­таған, 1981 жылы Карадж қаласы­ның, кейін Хамадан провинциясы­ның прокуроры қызметіне та­ғайын­далған. Раисиді қарсы­ластары «жендет-88» деп атайды. Негізгі себеп – ол 1988 жылы Иран­дағы режимге қарсы шыққан мыңдаған кісіні өлім жазасына кескен «өлім комиссияларының» құрамындағы 4 судьяның бірі болған.

Комиссиядан соң ол 1989 жылы Тегеран прокуроры болып тағайындалады. Бұл қызметті 5 жыл атқарып, 1994 жылы Иран сот жүйесінің бас инспекциялық ұйы­­мының жетекшісі атанды. Ал 2004 жылдан 2014 жылға дейін Раиси Иран сот төрағасының бірінші орынбасары қызметін ат­қарды. 2014-2016 жылдар ара­лығында елдің бас прокуроры атанды. 2016 жылы әкімшілік қызметке ауысты. «Астан Кодс Разави» (Astan Qods Razavi) холдингінің басшысы болды. Бұл – шиитер үшін қасиетті Имам Резеви кесенесі мен басқа да ғимараттарды, қайырымдылық қорларды басқаратын әкімшілік ұйым. 2019 жылы Иран сот жүйесінің басшысы атанды.

Оның қызметтік жолы Иран­ның саяси элитасының талап­тарына сай келетіндей. Бір жағы құқық саласында талай жыл жұмыс істесе, екінші жағы шииттік ағым­ның жарқын өкілі саналады.

4 жыл бұрынғы жеңіліс. Ибрахим Раиси 2017 жылы пре­зиденттік сайлауға қатысып, бағын сынап көрген. Ол сайлауға Ислам рево­люциясының халық фронт­ының (JAMNA) өкілі ретінде тір­келді. Сол кезде-ақ Раиси Иран­ның жоғарғы жетекшісі Аятолла Али Хаменеидің «сүйікті және болашақ мұрагері» ретінде сипат­талған және сайлауда жеңу мүм­кіндігі жаман емес еді. Бірақ ол сол кездегі пре­зидент Хасан Роуха­нидан ұтылып, 2-ші орын алды. Сайлау нәтижесі белгілі болған соң қалыптасқан саяси мәдениетті ұстанбады, жеңімпазды құттық­тамады. Оның орнына 100 беттік есеп дайындап, сайлаудың әділ өткенін тексеруді сұрады.

Жалпы, бұл жолғы сайлауда Иран халқы белсенді болған жоқ. Электораттың 48 пайызы ғана дауыс берді. Мәселен, 2017 жылғы сайлауда бұл көрсеткіш 73 пайыз болған. Ирандықтардың сайлауға аз келуі «менің дауысым ештеңе шешпейді» деген ұстанымнан туындап отырған сынды. Себебі, Ислам революциясының сақшылар корпусы Раисиге қарсы негізгі кандидаттарды сайлауға қатыс­тырмаған соң «бәрі шешіліп қой­ды» деген түсінік қалыптасты. Мә­селен, саяси додаға қатыса ал­маған кандидаттың бірі парла­менттің экс-спикері Али Ларид­жани еді.

Реформистер неге жеңілді? Жалпы, Иран қанша қатаң ре­жимдегі ел саналса да, рефор­малар мен өзгерістерді қалайтын саяси топ өкілдері бар, реформистер. Алайда ол Батыста қалыптасқан классикалық либералдар емес. Олардың ұстанымы консер­ва­торлардан қатты өзгере қоймайды. Мәселен, сол либерал саналатын Али Лариджани негізінен тек парламент рөлінің күшейгенін ғана қалайды. Бірақ сонда да сарап­шылар «реформистер» қоғам қолдауынан айырылып бара жатыр деген пікірде. Неге? Бірден-бір себеп – Батыс елдерімен жасалған ядролық келісімнен АҚШ-тың шығып кетуі. Өйткені сол рефор­мистер жетекшісі саналатын пре­зидент Хасан Роухани өз халқын, саяси элитасын әлгі ядро­лық ке­лісімді жасап, санкциядан құ­тылуға келіскен еді. Алайда АҚШ-та билікке Дональд Трамп келген соң ол келісімнен шығып, санк­ция­ларды қалпына келтірді. Осы­лайша, Иранда Батыс бізді алдап соқты деген түсінік қалыптасты және оған негізгі айыпты ретінде сол құжатқа бастамашы болған реформистер саналды. Бұл Иран қоғамында олардың рөлінің әл­сіреуіне, Батыспен шекісуді жақ­тайтын консерваторлардың сай­лауда жеңіске жетуіне алып келген сыңайлы.

Халықтың жағдайы мүшкіл. АҚШ санкциялары мен Батыспен жасалған ядролық келісім – соңғы сайлауларда талқыланатын негізгі тақырыптар. Өйткені эконо­микалық санкциялар Иран хал­қының жағдайын нашарлатып жіберді. ЖІӨ көлемі артқанымен, сарапшылар қарапайым халықтың әлеуметтік жағдайы төмендеп жатқанын айтады. Инфляция 46 пайызға жеткен, халықтың жар­тысынан астамы кедей сана­лады, жастар арасындағы жұмыссыздық 20-30 пайыз арасында. Коронавирус пандемиясы жағдайды ушықтырып жіберді. Сондықтан халі қиындаған электоратты көптен бері елдің яд­ро­лық қаруы, АҚШ-пен ай­қастан бұрын өзінің күнделікті күнкөрісі, табысы көбірек мазалайды.

Аталған мәселенің шешілуі Иранмен жасалған ядролық ке­лісіммен тікелей (Бірлескен іс-қимыл жоспары) байланысты деуге болады. Яғни, Иран өзінің уранын байытуды тоқтатса, АҚШ құжатқа оралып, санкцияларын алып тастауы мүмкін. Бірақ уранды байы­туды тоқтату деген сөз Иран­ның ядролық қаруға қол жеткізу арманын кешеуілдету дегенді білдіреді. Егер Иран қазір АҚШ, НАТО, Израиль, Сауд Арабиясымен қырғи-қабақ қа­тынаста екенін ескерсек, онда яд­ролық қару Тегеранның қауіп­сіздік кепілдігіне айналар еді. Бірақ санкция жегідей жеп барады.

Ядролық келісім қайта жасала ма? Енді жаңа президент ядролық мәселе бойынша қандай ұста­нымда болуы мүмкін? Сарапшылар Ибра­хим Раисидың қатаң консер­ватор, Батысқа қарсы жиі пікір айтатын саясаткер, сондықтан ол ешбір жеңіл­дік жасамайды, келіс­сөздерде қатаң ұстанымда болады деген болжам айтуда. Тіпті, ке­ліссөздер тоқтап қалуы мүмкін деген де пікір бар. Өйткені Раиси бұған дейін Хасан Роухани үкі­метін бірнеше рет сынап, Иран Батыспен келіс­с­өзді қатал жүргізу керек деп талап қойған.

Бірақ ядролық келісім қайта жасалу мүмкіндігі жоғары. Неге? Өйткені Раиси экономикалық жағ­­дайдың қиындап бара жат­қанын көріп отыр. Жағдайдан шығудың бірден-бір жолы – санкцияларды алып тастау. Ол үшін АҚШ-тың жаңа президенті Джо Байденмен келісімге келуі шарт. Байден де Иранға бет бұруы ғажап емес. Оған да бірнеше фак­тор ықпал етеді. Біріншіден, ол – демократ әрі Обама саясатын жал­­­­ғастырушы. Демократтар бұған дейін Кубамен де тіл табысты. Оған қоса, Байден бастаған Аме­­рика Қытайды бас қарсылас деп санайды. Егер АҚШ Иранмен текетіресін жалғастыра берсе, онда Бейжің мен Тегеран тез тіл табысуы бек мүмкін. Бұл АҚШ-қа аса қажет емес. Сондықтан Қытайға тағы бір қуатты одақтас табылмай тұрғанда Байден де ядролық келісімге ора­луы ғажап емес.