Арнайы аймақтар «ақша айлағына» айнала алмады
Арнайы аймақтар  «ақша айлағына» айнала алмады
418
оқылды

Арнайы экономикалық аймақтар (АЭА) елімізде 2007 жылы құрылған болатын. Содан бері олар әуелгі ой­ластырылған мүмкіндігінде жұмыс жүргізе алмай келеді. Бүкіл қолайлы жағдай жасалғанның өзінде де инвесторлар тарту қиын бол­ды. Тартқан инвесторларға инженерлік инфрақұрылымдар мен үздіксіз ресурстар мәселесі барлық жерде түбегейлі ше­шілмей жатты. Мәселен, еліміздегі АЭА-лардың 60%-ы әлі де болса бос тұр. Ендеше оларды басқа форматқа көшіру қажет болар? Бәлкім, жауып тастаған дұрыс па? Мұндағы ахуалға назар салып көрген едік.

Инвестициялық стагнация – мүмкіндіктер кезеңі

Естеріңізге сала кетсек, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жыл басында әрбір Арнайы экономикалық аймақтың қаншалықты мақсатты түрде жұмыс істеуде екеніне талдау жүргізуді тапсырған болатын. Қаңтарда өткен жиында ол елдегі инвестициялық ахуал стагнациялық жағдайда тұр деп бағалап, мұндағы атқарылуы тиіс жұмыс кешенін жария еткен-ді. Соның бір тармағы – Арнайы экономикалық аймақтардың жұмысын қайта қарау. Су тартыл­ғанда айлақтарды жөндеп алатыны секілді, бүгінгідей инвестициялық цикл бәсеңсіген тұста мүмкіндікті пайдаланып, ұйымдастыру жұмыстарын жөнге келтіріп алу дұрыс-ақ! Билік институттарының, соның ішінде министрліктер, әкім­діктер мен ұлттық компаниялардың инвестиция тартуда ортақ мақсаты жоқ, ала-құла жұмысын сынға алған Президент елімізде инвестицияларды басқаруда көпдеңгейлі күрделі модель қалыптасқанына назар аудартты. Соның бір үлгісі – тиімділігі төмен Арнайы экономикалық аймақтар.

«Елімізде бүгінде 13 АЭА бар. Олар тек 52% мүмкіндікте жұмыс істеп тұр. Оған қоса былтыр тағы да екі аймақ құруға ұсыныс түсті. Бірақ бар аймақтардың өзін ұқсата алмай отырып, жаңасын ашқан жөн деп ойламаймын. Сондықтан да олардың әрқайсысы қаншалықты мақсатты түрде жұмыс іс­теуде екеніне талдау жүргізуді тапсырамын. Жұмыс жүргізудің жаңа моделін жасап шығару қажет. Ал даму көрсеткіштері төмен аймақтарды жауып тастап, оларға бюджет қаражатын шығындамау керек», – деді Президент.

Мемлекет басшысының тап­сырмасы бойынша өткен аудит қо­рытындысы таяуда жария болды. Сенат отырысында баяндама жасаған Есеп комитетінің төрағасы Наталья Годунова құйылып жатқан қаржы мен ұзақмерзімді жұмыстарға қарамастан Арнайы экономикалық аймақтар елімізде баяу дамуда екеніне назар аудартты. Оның айтуынша, елімізде АЭА-ларды дамытуға 2001-2019 жылдар аралығында республикалық бюджеттің өзінен 372 млрд теңге бөлінген. Оның 62%-ы – Ұлттық қордың қаржысы. Әйтсе де, еліміздегі 13 аймақтың 3-еуінің құрылысы толық аяқталған. Ал қалғанын түгел аяқтау үшін 280 млрд теңге қажет.

«Бұл аймақтардың міндеті – заманауи өндірісі жоғары, бәсекеге қабілетті өндірісті дамыту. Аталған нысандар мұндай мақсат үдесінен табылып отыр дегенмен де, олардың 60%-ы әлі де болса қаңырап тұр. Бұл тұста инвестор тарту мәселесі кемшін екенін атай кеткен абзал. Мәселен, осы уақыт­қа дейін бұл аймақтарға тартылған инвестиция көлемі шамамен 4,3 трлн теңгені құраған. Әйтсе де, ол қаржының 29%-ы пайызы немесе 1,2 трлн теңгесі өнеркәсіпті дамытуға жұмсалған», – деді Наталья Годунова.

Есеп комитеті төрағасы айтып отырған инвестициялардың жартысынан көбі, яғни 65%-ы квазимемлекеттік сектордың субъектілері қатысқан жоба екен. Яғни, бұл қаржылар осының алдында республикалық және Ұлттық қордан бөлінген. Мәселен, 1 теңге мемлекеттік қаржыға 3 теңге инвестициядан келсе, оның тек 1,1 теңгесі жеке сектордың қаржысы да, қалған 208-і квазисектордан түскен қаражат. Әрине, мұндай көрсеткішпен мақтана алмайтынымыз анық. Әйтсе де, дәл қазір мемлекеттің салған ақшасы салық ретінде қайта оралып, бұл жобалар әзірге өзін-өзі ақтап отыр деуге болады. Енді Бюджет кодексінде биылдан бастап жұмсалған қаражаттың әлеуметтік-экономикалық әсерін анықтау үшін негіздемелер қарастырылғанын ескерсек, әрбір бағдарлама әкімшісінен оны орын­дау міндетті түрде талап еті­летін болады. Бұл бюджетті игеру тиімділігін арттыра түседі деген сенім бар. Бұл тұста барлығына түсінікті ортақ әдістеме қажет және Ұлттық экономика министрлігі мен Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі мұны тікелей үйлестіріп отыруы керек.

Жекеменшік – ортақ мүддеден оңаша пайда

Экономист Сапарбай Жұбаев негізгі мақсаты инвестиция мен жаңа технология тарту тетігі ретінде құрылған АЭА-лардың проблемасы экономикалық аймақтан да кең екенін айтады. Оның пікірінше, елімізде жекешелендіруді тездетіп, жекеменшікті көбейтпей проблема шешілмейді.

«Арнайы экономикалық аймақтарды көбейтпесе, азайтпау керек. Мұндағы басты мәселе – ондағы мемлекеттің қатысуын қысқарту. Мәселен, бізде экономика саласының 50-55%-ы квазимемлекеттік кәсіпорындарға тиесілі. Ал арнайы экономикалық аймақ, ол – коммерциялық жоба. Оған келетіндер көбіне шетелдік жеке кәсіпкерлер. Әрине, олар мемлекеттік ақшаға алаңсыз жұмыс істеп жатқан квазисекторға бәсекелес бола алмайды. Сондықтан біздің еліміздегі мемлекеттік меншікті 10-20%-ға дейін қысқартпай, экономикалық аймақтардың жұмысы жолға түсіп кетеді деп ойламаймын. Ол үшін шетелдіктерге жерді жалға беруден қашпау керек. Жалған патриоттық ұрандарды қою қажет. Инвестор үшін мемлекеттік кепілдіктің бір түрі – осы. Әйтпесе, қырғыз еліндегі Құмтөрдегідей басшылық ауысса талас болып жатқаны құптарлық дүние емес. Ал аймақ мәсе­лесіне оралар болсақ, басқарушы оператордың да рөлін әкімдіктен алып, барлық мемлекеттік преференциясын сақтай отырып, жекеменшікке беру қажет деп ойлаймын», – дейді Сапарбай Жұбаев.

Экономистің айтуынша, бұл бағыттағы тағы бір мәселе – өнімді өткізу. Өйткені ұлттық компанияларда арнайы экономикалық аймақтардан шығатын өнімдерге қажеттілік бола тұра, олар оны шетелдерден алдырады. Себебі – арзан. Сондықтан да әрбір АЭА-ны ұзақмерзімді тапсырыстармен қамтамасыз ету қажет. Жоқ дегенде біржылдық келісімшарт жасасқан абзал. Әрине, бұл тұста тағы да мемлекеттік қаржы тартылатынына сөз жоқ. Әйтсе де, бұл импорт алмастыру, әртүрлі саладағы шаруашылық байланыстарды қалпына келтіру, өңдеу саласының үлесін арттыру сияқты мәселелерді реттеуге көмектесер еді.

«Бұл жобаға қатысушыларды ынталандыру мақсатында ғылыми-техникалық тапсырыстар мен бағдарламаларды әзірлеу, аралас және кластерлік өндіріс құру, «бір терезеден» үйлестіру секілді мәселелері осы кезге дейін бірде-бір нор­мативтік-құқықтық актілерде қарастырылмаған. Соның салдарынан «Инновациялық технологиялық парк» АЭА ғылыми-техникалық даму және жаңа технология жасау үшін берілетін мемлекеттік тапсырыстан құр қал­ған», – дейді Сенат депутаты Мұрат Бақтияр­ұлы.

Сол сияқты аймақтардың өз арасында кластер қалыптастыру жағы кемшін. Мәселен, өндіру­шілер негізінен экспортқа жөнелткенді жөн санайтындықтан «Сарыарқа» АЭА өздерін металл өнімдермен қамтамасыз ете алмай отыр. Ал «Оңтүстік» АЭА елімізде шикізаты бола тұра өз өн-дірісіне қажет тоқыма тауарды сырттан алдырады. Осы тұста аралық өндіріс буыны жетіспейді. Ал инвестор табылса, ол тауарды өзімізде жасауға болар еді.

Баяу да болса баянды дамыған аймақ

Арнайы экономикалық аймақ құру идеясының өзі – өміршең идея. Біздегі мәселе оны дұрыстап ұйымдастыруда жатыр. Болмаса 40 пайыз жұмыс жасап тұрған 13 АЭА-ның жетістіктері де жоқ емес. Мәселен, бүгінде бұл аймақтар өнімнің 136 түрін шығарады. Олардың арасынан тікұшақ, бронетранспортер, локомотив пен электровоз, жолаушылар вагонын құрастыру, винтовкаға оптикалық мергендегіш пен түнде көру аспабын жасау, премиум сыныпты құбыр, мақта целлюлозасы, полипропилен жіпті атап өтуге болады. Кластерлік бағытта да жүргізіліп жатқан жұмыс бар. «Хоргос – Шығыс қақпасы» АЭА базасында логистикалық кластер қалыптастырылған болса, «Астана – жаңа қала» АЭА-да теміржол машинасын құрастыру кластері жолға қойылған. Ал СЭЗ «НИНТ» АЭА мен «Павлодар» АЭА арасында мұнайхимиялық кластердің негізі қаланған. Тағы бір жетістік, «ПИТ» АЭА 50-ден астам IT шешім мен қызмет түрін көрсетеді екен.

Бірақ қалай дегенде де экономиканың қозғаушы күшіне айналу үшін бұл жетістіктердің өзі жеткі­ліксіз. Мемлекеттің арнайы аймақты арнайы қолға алып жатқаны сондықтан. Бұған дейін АЭА-лардың әрекет ету мерзімін 25 жылдан 49 жылға дейін созу қажеттігі туралы хабарланған болатын. Ендеше қай аймақ жабылып, қай аймақ­тың тарихы жалғасатынын уақыт көрсетеді. 

Нұрлан ҚОСАЙ