Құрылыс саласы – экономиканың локомотиві
Құрылыс саласы –  экономиканың локомотиві
466
оқылды

Кеңес Одағының ыдырауы елімізде экономиканың бар­лық секторы секілді, құрылыс саласын да тұралатып кеткені белгілі. Сол 1990 жылдардың басында тұралағаннан бұл са­ла­ға тек Сарыарқаның төсіне көшкен жаңа қала – Астананың құрылысымен жаңа тыныс бітті. Осылайша, 2000 жылдардың басында елордада қарқын алған бұл сегменттің 2005 жылы екінші демі ашылды деуге болады. Қазақстанда ұлттық тұрғын үй құрылысы бағдарламасы жүзеге асырыла бастады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сол кездегі сөзімен айт­қанда, «Құрылыс саласы экономиканың локомотивіне ай­налуы тиіс» болды. Сол тұрғын-несиелік бағдарлама жүзеге асқан 2005-2007 жылдары елімізде барлық қаржы көздерінен салынған тұрғын үй көлемі 12 млн шаршы метр болыпты. Бұл 195 мың пәтер пайдалануға берілді деген сөз. Осылайша, құрылыс қарқыны бірден екі есе артқан.

Тұрғын үй қоры ескі жаңа Қазақстан

Кеңес Одағының елімізге қал­дырған мұрасының бірі – ескі тұрғын үй қор. Апаттық жағдайдағы үйлердің қатары өсті. Жертөлесі сасыған, төбесінен су аққан, қа­бырғасы сыз үйлер онсыз да әлеу­меттік-тұрмыстық тауқыметті одан сайын ушықтыра түсті. Дағдарыс алғашқы кезеңінде бұл шешімі жоқ шарасыздық боп көрінгені рас. Әйтсе де, қазір толық әлеуетіне көш­кен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласын жаңғырту және дамыту бағдарламасының қабылдануы сол кезде қазақстан­­­­­дықтарға жылымшы үміт сыйлады. Бұл 1996 жылғы тұрғын үй-ком­муналдық реформа болатын. Аза­маттарға тұрғын үйлерін же­ке­меншікке, яғни өз аттарына ауда­рып алуға мүмкіндік берген бұл бастама ел халқына өз мүлкінің ғана емес, өмірінің қожайыны екенін сезінуге мүмкіндік берді. Бұл қазақстандықтардың кө­­кейіндегі ел мен жердің иесі өздері екенін ұғындырған азаттық рухын нығайта түсті.

Осы жылдары алғаш Тұрғын үй-пайдалану коопе­ративтері (ЖЭК) мен Пәтер иелері кооперативтері (ПИК) пайда болды. Адамдар кондоминиумға біріге бастады. Осылайша, на­­рық­тық қатынас әліппесінің ал­ғашқы парағы ашылды. Тұрғ­ындар ескі тұр­ғын үй қорын өз күштерімен жаңартуға болатынын түсінді. Егер сол кезде мемлекет мұндай батыл қадамға бармағанда, бүгінде еліміздегі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мүлдем құлдырап кетер еді. Ал экономика жанданып, халықтың әл-ауқаты артқан сайын бұл бағдарламаға қажетінше қаржы құюдың да мүмкіндігі туды.

Баспана – басты нысана

Елімізде құрылыс қарқыны то­қыраудан кейінгі аяқтан тұра бас­таған 2000 жылдардан бастау алады. Осы уақытта экономиканың локомотиві делінетін бұл сала жан­дана бастаған болатын. Ал баспа­­наға деген сұранысты құры­лыс қарқыны ғана қанағаттан­дыра­тындықтан, мұнда инвести­ция тар­тудың барлық мүмкіндігі қа­растырылды. Соның бірі – жеке капиталды пайдалану тетігі. 2003 жылы Астана және Алматы қала­ларында осы жаңа қатынас практи­каға енді. Осы секілді көп­теген бастама аясында еліміз­дегі құ­рылыс дүмпуі 2000 жылдардың ортасына тұс келді: 2004 жылы – 2,6 млн, 2005 жылы – 5 млн, ал 2006 жылы 6,2 млн шаршы метр тұрғын үй салын­ды. Осылайша, Қазақстан 1991 жылғы көрсеткішті қуып жетті. 2007 жылы ол көр­сеткіштен екі есе асып түскенін жоғарыда атап өттік.

Одан кейінгі жылдарды сала тарихында жаңа кезең деуге бо­лады. 2011 жылы «Nur Otan» пар­тиясының XIII съезінде Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы: «Тұрғын үй құрылысы бағдарламасының арқасында бүгінде миллионға жуық қазақстандықтар жаңа бас­панада тұрып жатыр. 2009-2010 жылдарға арналған дағдарысқа қарсы шара­лар бізге тұрғын үй құрылысы кө­лемін жыл сайынғы 6,4 миллион шаршы метр көле­мінде ұстап қалуға мүмкіндік берді» деген бо­латын. Осы орайда Елбасы Үкі­метке тұрғын үй құры­лысын қолдау және ипотеканы ынталан­дыру бойынша кешенді шаралар жасап шығаруға тапсырма берді. Нә­ти­жесінде, 2011 жылы тұрғын үй құ­рылысына бюджеттен 75 мил­лиард теңге қарастырылып, 6 мил­лион­дық меже сақталып қалды. Содан бері бұл көрсеткіш жылдан-жылға өспесе, кеміген емес.

«Нұрлы жолдан» «Нұрлы жерге» дейін

Құрылыс дегеніміз тек тұрғын үй мен коммуналдық шаруашылық емес екені  белгілі. Елбасының  2014 жылы жариялаған «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Жол­дауынан туындайтын бағдар­лама еліміздің құрылыс саласын ке­шенді түрде қарастырды. Ол елдің мак­роөңірлерін біріктіру және хаб қағидаты бойынша бірыңғай на­рықты қалыптастыруға негізделген жаңа экономикалық саясатты іске асыруға бағытталды. Жалпы ал­ғанда, «Нұрлы жол» бағдарламасы негізгі екі блоктан тұрды. Оның біріншісі – инфрақұрылымды дамыту. Бұл блоктағы жобалар 7 ба­ғыт бойынша өрбіді. Олар – көлік­тік-логистика инфра­құ­ры­лым, индустриялық инфра­құры­лым, энергетикалық инфрақұ­рылым, тұрғын үй-коммуналдық шаруашы­лығы және тағы басқалар. «Нұрлы жол» бағдарламасын іске асыру 2020 жылға дейін бірқатар нәтиже­лер­ге қол жеткізуге мүм­кіндік берді.

Сала тарихында ерекше атап өтетін жылдың бірі – 2017 жыл. Осы жылы Қазақстан халқына Жолдауында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «урбанизация процес­тері құрылыс секторының тоқ­таусыз дамуына түрткі болып отыр, сол себептен де бұл сала отандық экономиканың драйвері болуы тиіс» деген болатын. Оның тапсыр­малары негізінде осы жылы «Нұр­лы жер» бағдарламасы қабыл­данды. Бұл бағдарлама алдағы 15 жыл­да 1,5 миллион отбасын баспанамен қамтуға арналды.

Одан кейінгі жылдарда да құ­рылыс қарқыны бәсеңсіген жоқ. Көптеген бағдарлама мен жол картасының арқасында құрылыс қарқыны бүгінде жылына 15 млн шаршы метрге жетіп отыр. Был­тырғы пандемия іскерлік белсен­ділік пен шығындарды қысқартуға алып келгенімен, бұл құрылыс қарқынына әсер еткен жоқ. 2020 жылы құрылыс саласы Қазақстан экономикасының экономикалық белсенділігінің негізін құрап, пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі 16,8%-ға өсіп, 15,3 млн шаршы метрді құрады. Тұрғын үй құрылысы көлемі мен қарқыны жағынан Нұр-Сұлтан мен Шым­кент қалаларын және Қарағанды, Солтүстік Қазақстан, Жамбыл, Түркістан облыстарын атауға болады.
Нұрлан ҚОСАЙ