«Бастау» түлегі балабақша ашты
«Бастау» түлегі балабақша ашты
582
оқылды
Алматыда «Атамекен» ҰКП-ның «Бастау» бизнес-жобасына қа­тысып, арнайы курстан өткен Бигүлсін Келіскен алған гранты мен жеңілдетілген несиеге балабақша ашты. 47 жастағы Бигүлсін осыдан төрт жыл бұрын Қытай елінен Қазақстанға көшіп келген. Көршілес мемлекетте 21 жыл бойы медбике болып істеген ол елге келген соң біраз уақыт өз маман­дығы бойынша жұмыс іздеп көреді. Дәрілердің, аурулардың атауын орыс тілінде біліп, осы тілде сөйлеу қиындық тудырады. Сол себепті алып-сату, тырнақ жасау сияқты ұсақ-түйек жұмыстармен айналысты. Қытайдағы үйін сатып келген олар Алматыдан жер алып, үй салады. Әр жұмыстың басын бір шалып жүргенде елден «Атамекен» ҰКП, оның бизнес бастауға көмектесетіні туралы естиді. Кәсіпкерлер палатасына барып тіркеліп, бір айлық курстан өтеді.
– «Бастау» бизнес-жобасына қа­тысып, 505 мың теңге көлеміндегі грант­ты жеңіп алдық. Сондай-ақ бизнес-тре­не­рі­міз Ербол Сүйінбаевтың сүйе­мел­­деуі­мен 6 пайыз жеңілдікпен несие ие­лендік. Мемлекеттік бағдар­ла­малар­дың арқасында бүгін өз бала­бақ­шамызды ашып отырмыз. Ал­ғашында бұл үйді өзіміз тұрамыз деп соқ­қанбыз. Грантты алып, бизнес-жос­парымызды әзірлегеннен кейін осы жерден бала­бақша ашуды жөн көрдік. Ба­лабақ­ша­ның нақты жұмыс бастағанына бір апта ғана уақыт болды. Қазіргі таңда бұл жерде 10 бала тәрбиеленуде. Әзірге мұнда бір тәрбиеші, бір бала күтуші, бір аспаз жұмыс істеп жатыр. Келешекте балабақшаға бүлдіршіндерді тарта бастаймыз. Жұмысымыз сәтті жүріп кетсе, мұнда 80 балаға дейін қабылдауға дайынбыз. Ол кезде төрт топ болады. Тағы тәрбиеші, бала күтуші, аспаз кө­мекшісі, медбике, күзетші жұмысқа алынады. Алдағы уақытта бұл жер тек бала тәрбиелейтін ғана емес, сонымен қатар қазақ, орыс, ағылшын және қытай тілдерін үйрететін дамыту орталығына айналады. Күйеуім Ершат Зікірхан Қытайда тұрғанымызда 23 жыл бойы қазақ және ұйғыр балаларына қытай тілінен сабақ берген болатын, – дейді жоба тыңдаушысы Бигүлсін Келіскен. Сондай-ақ ол бизнес-тренер құжат дайындауда үнемі жол көрсетіп, бағыт-бағдар беріп отырғанын айтады.
Алатау ауданының бизнес-тренері Ербол Сүйінбаевтың айтуынша, «Бастау» жобасының түлегі оқуды бастағаннан үйренуден еш жалықпаған және барлық тақырыпты толық меңгеруге тырысқан. – Бигүлсін жобаның алғашқы ле­гінде білім алды. Ол өз жобасын өт­кен жылдың қараша айында қорғап, 505 мың теңге көлемінде грантқа ие болды. Жалпы, балабақша – 80-ге жуық баланы тәрбиелеуге арналған ор­талық. Айналасында жаңадан соғыл­ған үйлердің барлығына адамдар қо­ныс­танғаннан кейін балабақшаның жұмысы 100 пайызға дейін орындалатын болады, – дейді ол. «Бұл жоба алдағы уақытта жалғасын табады. 2019 жылы елімізде 75 000 адам оқып шықты. Биыл Алматы қаласы бойынша 2 180 грант бөлінген. Сол грантқа ие болғандардың бәрі де өз кәсібін ашып, жұмыстарын жалғастыруда. Ынта білдіріп, ден қойып оқығандардың бәрі грантқа ие бо­лып жатыр. Сабақ барысында өз бизнес-жоспарын жасап үлгермесе, ол грант қорғауға бара алмайды. Олардың арасында бұрыннан кішігірім бизнес жасап жүргендер де бар». Бүгінде Neet санатындағы 2 650 жас «Жас кәсіпкер» компоненті бойынша, ал 4 250 адам «Бастау» жобасы бойынша білім алды. Оның 153-і мүгедектер, 685-і аз қамтылған отбасылардың мүшелері, 1 339-ы жұмыссыздар және өзін-өзі жұмыспен қамтыған жастар, 830 көпбалалы отбасылардың мүшелері және 1 393 жұмыссыздар. Кәсіпкерлік негіздері бойынша курс аяқталғаннан кейін «Жас кәсіпкер» жобасының 1 771 және «Бастау» жобасының 1 046 тың­­даушысы грант иеленді. Осы жылы ко­миссия мүшелері «Бастау» жобасының қа­тысу­шыларына қосымша 700-ден астам грантты мақұлдады.    width=Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ