Қазір ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында мелекет тарапынан көптеген патриоттық іс-шара қолға алынып жатыр. Соның ішінде ұлт руханиятын жаңғыртып, үлкен-кішінің санасына өткенінен өмірлік сабақ алар тың тақырыптарды сіңіру ұстанымы бар. Осы орайда біз қазір биік мінберде тарих, тіл, руханият, мәдениет мәселесін көтеріп жүрген Парламент Мәжілісі Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі, «Nur Otan» фракциясының депутаты Берік Әбдіғалиұлынан сұхбат алдық.
– Берік Әбдіғалиұлы, кейінгі жылдары мемлекет тарапынан «Ел бірлігі» доктринасы, «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру», «Ұлы даланың 7 қыры» сияқты бастамалар аясындағы түрлі жоба, реформалар көптеп қолға алынды ғой. Соның бәрі ұлт санасын жаңғырта алды ма? Халықтың елдігіне, ерлігіне, кеңдігіне қаншалықты әсер-ықпалы болды деп ойлайсыз?
– Нақты іс-шарамен есептесек, оның біразы атқарылды. Енді ол халық санасына қаншалықты сілкініс жасады, діттеген мақсатына жетті ме деу – маңызды мәселе. Мысалы, «Рухани жаңғыру» аясында бірқатар жақсы жұмыс атқарылғанын мойындау керек. Атап айтқанда, қаншама жаңа оқулық шығарылып, шетелдің ең мықты деген классикалық туындылары тікелей қазақ тіліне аударылды. Соның бәрі ана тіліміз бен ұлттық ғылымның дамуына бірден-бір септігін тигізетін дүниелер. Бірақ оны қазақы орта түгел оқып, балалар мен жасөспірімдер білімін шыңдауға кеңінен қолданып жатыр ма? Қазір латын әліпбиі қолға алынды. Ал ол ғылыми тұрғыдан қаншалықты зерттеліп, пысықталып, қолданысқа енгізудің қандай жолдары қарастырылып жатыр? Сондай-ақ «Туған жер» бағдарламасы бойынша көптеген киелі мекеннің маңызын айтуға болады. Бірақ оларға қатысты ұдайы атқарылып тұруы тиіс жұмыс 2-3 жылмен өлшенбеуі керек. Қазір көтеріліп жатқан мәселелермен айналысып, соның маманы ретінде қалыптасқан азаматтар ол еңбегінің жемісін алдағы 5-10 жылдан кейін көреді деп үміттенемін. Өйткені олардың ішінде тәрбиелік мәні зор жұмыстар баршылық.
Жалпы, жаһандану заманында әлеуметтік желілердің ықпалы күшейген сайын осындай ұлттық жобаларды дамыту – өзіміздің қауіпсіздігімізді қамтамасыз етудің бір жолы. Қазақтың тарихы, әдебиеті, салт-дәстүрі бар дейміз, бірақ соның бәрін қазіргі жастардың көбі оқи ма? Оны халық санасына қалай жеткізу керек? «Рухани жаңғыру» дегеніміздің өзі жалпы ұлтты жаңғырту жобасы ғой. Мысалы, «Туған жер» бағдарламасы аясында көптеген азамат ауылына спорт алаңдарын қойып, балабақша, ескерткіш пен мешітін салып беріп жатыр. Елбасының «Ұлы даланың 7 қыры» мақаласында қызғалдақтың әлемге Қазақстаннан тарағаны сияқты қызықты мағлұматтар келтірілген. Сондай-ақ мұхиттың арғы жағындағы елдер үшін сақ дәуірі мәдениетінің де ықпалы зор болды. Жылқыға, алмаға қатысты да шетелдіктерді таңғалдырған қызықты тарихымыз бар. Соны түсіне білу керек. Қазір өзімізді әлемге толық таныта алмай жатырмыз. Сондықтан біз алдыңғы жылдары Алтын Орданың 750 жылдығын өткіздік. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауымен Жошы хан кешені салынып жатыр. Соның бәрі тарихи сана-сезімді қалыптастырып, ұлттың бірегейлігін қамтамасыз ететін жобалар.
Мемлекеттік бағдарламалар әлі бастамасы ғана деп ойлаймын. Әйтпесе, ондай игілікті істер әртүрлі тақырыпта болса да әрқашан қоғам дамуымен қатар жүруі керек. Былтырғы әл-Фараби, Абай мерейтойлары да ұлттық саясаттың бір көрінісі. Ең бастысы, ата-баба рухына тағзым – өсіп келе жатқан ұрпаққа көрсетілген құрмет. Себебі тұлғалардың еңбегін насихаттау – нағыз идеологиялық жұмыс! Оған тек Үкімет емес, тұтас ел болып атсалысуымыз керек. Бұлай дейтінім, біз шығарып жатқан ұлт рухын жанып, руханиятын жаңғыртатын қаншама кітапты оқитын азаматтар болса, еңбектің нәтижесі сонда білінеді.
– Ол үшін оқытудың мемлекеттік бағдарламасы болуы керек шығар? Мысалы, неге Мәдениет және спорт министрлігі мен Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне кітапханалар жүйесін ретке келтіріп, қазақ қоғамын кітап оқуға қызықтыра білудің жобаларын жасамасқа?
– Иә, біз қазір миллиондаған, миллиардтаған теңгеге мәдениет үйлерін, ауыл клубтарын жөндеп, кітаптарын таратып беріп жатырмыз. Шын мәнінде, соны оқыту мәселесін шешу жолдарын қарастыруға болады. Бірақ халықтың кітап оқып, білім көкжиегін кеңейтуге отбасылық тәрбиесі негіз болмаса, жас ұрпақтың өз тарихын білмей, тұлғаларын танымауына жалғыз Үкімет кінәлі емес қой. Өкінішке қарай, үлкендер теледидарға, жастар әлеуметтік желіге телміріп қалған. Ал бюджет қаржысына жөнделген ауыл клубтарында қарапайым домбыра мен қобыз да жоқ. Сондықтан ғимараттарды жөндеу ғана емес, оның ішкі сапасына да көбірек көңіл бөлсек дұрыс болар еді. Мәдени іс-шаралар мен домбыра, қобыз үйрету үйірмелерін көптеп ашуға не кедергі?! Мысалы, біз «ұлт ұясы» аталған Ұлытауда мектептерге, ауыл клубтарына міндетті түрде домбыра алғызып, оны үйрететін үйірмелер аштық. Міне, нәтиже сондайда ғана болады! Ұлттық аспаптарды тартуға қолдары үйреніп алған балалар кейін ансамбль құрады. Сондықтан домбыра мен қобыздың өзі үлкен мәдениет.
Сондай-ақ біз Ұлытау балаларына өз тарихын тереңірек таныту үшін барлық мектептен тарихи-өлкетану музейлерін ашқызып, сонда байқау ұйымдастырып, «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» шыққандарға қомақты сыйақысын беріп, музейлерге көмектестік. Өйткені музей тек мектептің емес, ең алдымен сол ауылдың рухани ордасы. Мысалы, мен Торғайдағы Қызбел ауылында болғанда шағын ғана бір мектептен қаншама академик, жазушылар шыққанын көрдім. Ал өзі білім алып жатқан мектептен сондай ел мақтаныштары шыққанын біліп өскен бала жаман болмайды. Болашақта еліне қызмет етеді.
– Ұлт зиялыларын ақтап, ашаршылық ақиқатын аша бастағанымызға көп жыл өте қойған жоқ. Бірақ біздің мұрағатпен жұмыс істейтін құзырлы орган өкілдері әлі күнге дейін сол баяғы кеңестік заңға сүйеніп шешім қабылдайды. Ал ол кезде қызыл жағалылар нысанаға іліккендердің кім екеніне қарамай, жазықсыз ата берген еді. Дұрыс, заңнан аттамау керек. Алайда неге біз большевиктер заманындағы көрінеу жала жапқан, ұлт жанашырларын «банда», «кісі өлтіруші қылмыскер» деген заңға сүйенуден танбаймыз?
– Рас, 20-30-жылдары елімізде «бандит» атанған тұлғалар көп болды. Әйгілі «қолмерген» Кейкіні де Амангелді Имановтың жанында жүрген бір батыр ретінде ұмытып кетер едік. Бірақ оның әділдік үшін күресіп, қызылдардың қолынан қапыда қаза тапқанын тарихи құжаттармен растадық. Кейін басын тауып әкеліп, тұтас ел болып жерлеген соң ғана жұрттың бәрі Кейкінің кім екенін білетін болды. Қазір депутат болып қызмет етуден бөлек, мемлекеттік комиссияның жұмыс тобында жүріп, сол Кейкі сияқты батырларды түгендеп жатырмын. Құжат бойынша қазақ даласында 372 көтеріліс болғаны айтылады. Енді соның тізімін жасамақпын. Біз Батбаққара көтерілісінен бастап Созақ, Маңғыстау, Абыралы, Ақсу, Ырғыз, Қызылқұм, Қарақұм сияқты 10-15 көтерілісті айта аламыз. Ал қалғаны қайда? Соның бәрін бастаған жеке-жеке батырлар еді. Мысалы, бүкіл батыс өңірінде ұсталмай кеткен Құныскерейдің өзін айтсақ та жеткілікті. Сондай-ақ Маңғыстауда Құрмаш бар дегендей... Қазір сол кездегі қазаққа қатысты қағазды көтерсең, бәрі «бандит». Сондықтан мен ел арасындағы аңыз, әңгімелерді жинап-теріп, мұрағат құжаттарынан батырларды шығарғым келіп отыр. Өзіңіз айтқандай, әлі күнге дейін «бандит» атанып жүргендердің ұлт батыры ретіндегі есімін қайтару үшін әрқайсысының Кейкінің ұрпақтары сияқты іздеушілері, зерттеушілері болса, сосын олардың жатқан жерлеріне белгі қойып, көше аттарын берсек, ол да ұрпақ тәрбиесі үшін маңызды.
Оларды жойғаннан кейін ашаршылық келді. Сол кездегі билік халыққа үлкен қиянат, қылмыс жасады. Қорғайтын беткеұстарлары қалмаған елдің малын соңғы тұяғына дейін жинап алып, жазықсыз жұртты аяусыз қырғынға ұшыратты. Кейбір сұхбаттан байқап қалдым, ұлт батырларын әлі де «басмашы», «бандит» деп атайтындар өз арамызда да бар екен. Енді оларды саяси тұрғыдан ақтағанмен іс бітпейді. Көтерілістердің мән-мағынасын жан-жақты зерттеп, елге ерек тұлғалардың ерліктерін насихаттау шарт. Халықтың арасында дұрыс түсіндіру жұмыстары жүрсе, оларды ешкім «бандит» деген қара таңбамен атамайды. Әрине, арасында шын мәніндегі қылмыскерлер болуы да мүмкін. Бәрін нақтылап, тексереміз. Бірақ елдің аузындағы естелікке қарағанда көбі ешкімге жөнсіз ұрынбаған, халық қамына өз тағдырларын арнаған азаматтар.
Қазір Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай мемлекет тарапынан қолға алынған іс-шараларда сондай ел қамын жеген тұлғалардың болмысын барынша ашу көзделіп отыр. Өкінішке қарай, біз күрескерлік рухымызды жоғалтып алдық. Әрбір азамат өзінің тарихы, тілі, мәдениеті үшін күресуі керек. Өмірдің өзі күрес. Халық «елдің әл-ауқаты төмендеп, баға көтеріліп кетті» деп шулап жатыр. Оның жолдарын қарастыратын білікті мамандар, Үкімет, бағаны ұстайтын кәсіпкерлер елді ойлайтын болса, бұл уақытша қиындықтан да шығамыз.
– Ал өзіңіз Мәжіліс депутаты ретінде қай мәселені басты назарда ұстап отырсыз?
– Мен бұрыннан мемлекеттік тіл мәселесін көтеріп жүрмін. Депутаттық мандат берген соң бірінші кезекте соны қолға алдым. Бұрынғы әріптестерім бастап кеткен арнайы заң жобасы қолыма түсті. Басшылар оны маған сеніп тапсырды. Содан кейін қазақ тілінің қолдану аясын кеңейту жағын қолға алдым. Мемлекеттік тілді дамытудың әртүрлі жолы бар, әрине. Ал мен Үкіметке қазақша елді мекендер мен көше атауын аудармасыз, тек мемлекеттік тілде жазуды ұсынып отырмын. Сонымен қатар Президенттен бастап ауыл әкіміне дейін мемлекеттік органдарда қолданылатын бланктарға орыс тілінің қажеті жоқ. Құдайға шүкір, қазір отандастарымыздың бәрі қазақ тіліндегі «Аудан әкімдігі» деген сияқты 1-2 ауыз сөзді оқи алады.
Үкімет дерегінше, қазақстандықтардың 90 пайызы мемлекеттік тілді біледі екен. Оның бәрі сайрап кетпесе де, тым құрыса, мектептік деңгейде оқи алатын мүмкіндіктері бар деп ойлаймын. Мектеп, балабақша, аурухана сияқты мемлекеттік мекемелерді айтпағанда, елордадан бастап әрбір ауылдағы әкімдіктерге дейін мемлекеттік органдардың маңдайшаларындағы атаулар да қазақ тілінде жазылуы керек. Мысалы, Үкімет үйі мен Бас прокуратура ғана солай жазылған. Ал қазақ ұлтының өкілдері ғана шоғырланған шалғайдағы ауылдарға не үшін «Сельский акимат» деп жазып қояды? Өйткені қазіргі заң талабы сондай. Енді қазақ тілінің аясын жұрттың көз алдындағы атауларды дұрыстау сияқты шағын қадамдармен кеңейтетін заң жобасын Президент Әкімшілігі мен Үкіметтің қолдауымен күзге қарай қабылдаймыз деген жоспар бар. Бірінші оқылымнан өткіздік.
Қазір мемлекеттік комиссияның тарихи құжаттарды құпиясыздандыру жөніндегі кіші комиссиясына жетекшілік етемін. 30-50-жылдар аралығындағы «құпия» деген белгісі бар құжаттарды құпиясыздандырумен айналысып жатырмыз. Мемлекеттік мұрағат, Президент мұрағаты, ҰҚК, ІІМ, облыстарда жұмыс біртіндеп жүре бастады. Оның өзі ғалымдардың тарихымызды толық зерттеуіне әжептәуір жол ашады.
Сонымен қатар күзде жергілікті жерлерді басқару үшін аудан, ауыл әкімдерін сайлау заңына міндетті түрде қазақ тіліндегі емтиханды қосу мәселесін көтермекпін. Бізде әзір Президент қана мемлекеттік тілден сынақ тапсырады ғой. Сол талапты депутаттарға да, әкімдерге де қою керек.
– Байқауымша, сіз мәселенің бәріне ұлттық патриотизм тұрғысынан қарайтын сияқтысыз. Солай ма?
– Солай деуге де болады. Мысалы, жоғарыда айтып өткен тілге жанашырлық, кәсіпкерлердің азық-түлік, дүние-мүлік бағасын төмен мөлшерде ұстап тұруы болсын, оған қоса дәрігердердің халық денсаулығы үшін өзін пандемияның құрбаны етуі болсын, соның бәрі патриотизм. Енді патриот болу деген тек Отан үшін отқа түсу емес, әркімнің өз саласында жүріп-ақ елге күнделікті қызмет етуі ғой. Мысалы, қара басының қамын ойлап, айлық үшін жұмыс істеген мұғалім ешқандай нәтиже бермейді. Ол бірінші кезекте ұрпақтың жақсы білім мен тәрбие алуын ойлауы қажет. Ал айлықты ондай игіліктен кейінгі орынға қоя білу де патриотизм. Сол үшін Білім және ғылым министрлігі мұғалімдерді қағазбастылықтан арылту жөнінде бірқатар жұмыс жүргізіп жатыр. Қазір «Nur Otan» партиясының бағдарламасы бойынша сол мұғалімдер мен дәрігерлердің айлығы жыл сайын 25 пайызға көтерілуде. Құдайға шүкір, жұмыс тәжірибесі бойынша 300, 400, 500 мың теңгеге дейін айлық алатындары бар. Ахмет Байтұрсынұлының «Балам дейтін ел болмаса, елім дейтін бала қайдан болсын?» дегенін ескерсек, мемлекет халыққа барынша қамқорлық жасап, көмектесуге тырысып бағуда. Халық та үйде отырып алып сырттан сынай бермей, мемлекетке соншалықты жақындау болып, қолдау көрсетіп отырса, ол да патриотизм. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бастаған мемлекеттік комиссия да патриоттық жоба. Өйткені «қызыл террор» кезінде «халық жауы» атанған аталарын ұмытып кеткен ұрпақтар бар. Біз сол комиссия аясында тұлғаларды тауып, енді қазіргі ұрпақтарын іздестіріп жатырмыз.
– Әңгімеңізге рақмет! Жұмыстарыңыз берекелі болсын!
Сұхбаттасқан Еркеғали БЕЙСЕН