Еріктілер қайырымдылыққа даяр
Еріктілер қайырымдылыққа даяр
553
оқылды
Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде биылғы Волонтер  жылына орай ENU Volunteers атты салтанатты шара өтті. Волонтерлікті да­мыту, студенттерді бұл іске көптеп тарту мақсатын көздейтін жиында биыл атқарылуы тиіс  шаралардың 6 бағыты  айқындалды.  Сөйтіп,  уни­вер­ситет студенттері «Жақсы іс», «Мәдени сұхбат», «Қайырымды орта», «Өрісті өнер», «Таза елорда»  және «Медиа алаң»  бағыттарында  ерікті болып еңбек ететін болады. Әрине, университеттегі волонтерлік қызмет дәл биыл басталған жоқ. Біз сөз еткен  6 бағыт бойынша  жастар бұдан бұрын да қоғамға пайдалы істермен айналысқан  оқу орнының жанынан түрлі орталықтар құрылған-ды. Студенттер бос уақытында  көптеген қайырымдылық шараларына қатысып келеді. Дегенмен  ENU Volunteers шарасында Танзания, АҚШ, Франция, Қырғыз Республикасы мемлекеттерінен  келген еріктілер сөз сөйлеп, өздерінің  тәжірибесімен бөлісті.
Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің әлеуметтік және азаматтық даму департаменті, жастар жөніндегі бөлімінің аға маманы Толғанай Насихатқызының айтуына  қарағанда, қазір жастар волонтерлікпен айналысудан тартынбайды екен.  «Оқу ордамыз еліміздегі жоғары оқу орындары ішінде Еріктілер жылының шымылдығын алғаш болып ашып отыр. Елбасының бастамасын жалғастыра отырып, бүгінде  университет студенттері түрлі іс-шараларды ерікті түрде атқаруға сақадай-сай.  Аталған 6 бағыт бойынша  студенттеріміз жұмыс істейтін болады. Университет  жанынан ашылған  қоғамдық ұйымдарға кез келген студент мүше бола алады», –  деді маман.  Ал университет жанынан ашылған «Қамқор еріктілер одағының»  жетекшісі Ерасыл  Жұмабай болса: «Жақында жастармен бірлесе отырып, қарттар үйіне барып, көмектесіп қайтты. Сонымен қатар аз қамтылған отбасыларды қажетті заттармен қамтамасыз етуге барынша тырысып жатырмыз. Ұйымға 100-ге  тарта студент мүше болды. Одан тыс еріктілер штабында  248 студент жұмыс істеп жатыр», – деді.
Өз еркімен қоғамға пайдасын тигізуді көздейтін  университет жастары «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып»  қайырымдылық жасауға дайын. Ерікті болу – ерлікпен тең.  Студенттердің ерен еңбегі ақталып,  азаматтық қоғамның  дамуына үлес қосары сөзсіз. Еріктілер атқарған шаралар үлкен мақсатқа серпін береді.   Венера ОЙЫЛХАНОВА