Smart Astana: жайлы, қауіпсіз, ақылды, үнемді
Smart Astana:  жайлы, қауіпсіз, ақылды, үнемді
628
оқылды

Нұр-Сұлтан қаласы – бүгінде тұр­ғындарының саны бір миллион төрт жүз мың адамға жуықтаған еліміздегі ірі мегаполис. Сарыарқа төсінде қар­қынды құрылыс дүмпуі­мен дүр­кірей бой көтерген жас шаһар халық­аралық озық қалалардың үлгісімен үздіксіз дамып келеді. Сондай даму­дың бір тармағы – инновация. Жыл­дан-жылға халқының саны артып келе жатқан ел астанасы үшін, әрине соңғы үлгідегі даму технологияларына иек арту керек-ақ. Өйткені бұл қала өмірін жайлы ете түсуімен қоса қауіпсіздігін арттырады. Соның ішінде ақылды технологиялар үнемдеуге септік етеді.

Smart Astana – даму тұжырымдамасы 

Бұрын Smart city деген сөзді тек шетел­дік кино не болмаса жаңалықтардан ести­тінбіз. «Ақылды қала» деп аударылатын бұл инновациялық бастаманың төркіні автоматтандырылған ақпараттық техно­логияларда жатыр. Енді бүгінде бұл са­ғым­дай дүние шынға айналып, Нұр-Сұлтан қаласы тұрғындарының көптеген мәселесі осы заманауи Smart технология­лар арқылы шешіліп жүр. Осы мақсатта осыдан тура 10 жыл бұрын индустрия­ландыру және инфрақұрылымды дамыту саласының білікті мамандары мен сарапшыларының басын қосқан Астана Innovations АҚ құрылған болатын. Соның аясында ең үздік әлемдік тәжірибе мен «Ақылды қаланың» 6 негізгі сипаттамасы тоқайласқан Smart Astana тұжырымдамасы дүниеге келді. Тұжырымдама негізінде шетелдік кеңесшілермен бірлескен «Қауіпсіз қала», Smart city жобалары іске асуда. Ендеше бүгінде нұрсұлтандық­тардың игілігіне қызмет етіп жатқан барлық ақылды технологиялар осы жоба­ның жемісі. Astana Innovations Smart Astana жобасының сервистік интеграторы ғана емес, сондай-ақ «Қауіпсіз қала» жобасын іске асыру операторы, қаланың инновациялық экожүйесін дамыту ин­ституты, Нұр-сұлтан қаласы әкімдігінің деректерді басқару операторы.

«Біздің инновациялық орталық он­жыл­дық тарихында алға қойған мін­деттерін жүзеге асыру үшін Big data-ны, заттар интернетін, «бұлтты» техно­логия­ларды, жасанды интеллектіні қолдану арқылы қала құрылысының барлық сала­сын цифрландыруға баса назар аударып келеді. Осы мақсатта Бейнежазу жүйелерін бақылау (БЖБО), Тіршілікті кешенді қамтамасыз ету жүйелерін бақылау (ТКҚЖБО), SMART жобаларды дамыту, Инновациялық экожүйені дамыту (ИЭДО), Ақпараттық технологияларды дамы­ту (АТДО), Кабельді кәрізді пай­да­лану (ККПО) орталықтары ашылды», – дейді Astana Innovations АҚ басқарма төрағасы Нұрсұлтан Қалдыбаев.

Елімізде, соның ішінде ел ордасында «ақылды қала» туралы алғашқы талпыныс­тар көшелерге орнатылған «ақылды шам­дар­дан» басталғаны тұрғындардың ес­терін­де болар. Күннің жарығына әсер ететін фотоэлементтерден тұратын бұл шамдар күн батқан кезде өздігінен жанып, күн шығып келе жатқанда өшіп қалатын. Бұл технология күн бұлтты кезде де жолды жарықтандыратын ерекшелігімен қолай­лы еді. Оның үстіне, үнемді болатын. Өйт­кені орталықтандырылған жүйе қыз­мет көрсету бригадасына, жанар-жағар­майға кететін шығынды азайтса, жарық диодтарынан жасалған шамдар тоқты аз тұтынды.
«Ақылды» қалалық ортаның ең бірінші сипаты жайлылық болса, екіншісі – қауіп­сіздік. Ол ең әуелі қала көшелеріндегі қылмыс пен апатты азайтуға бағытталды. Осы мақсатта бейнебақылау мен бейне­жазбаға арналған аппараттық-бағдар­ламалық кешен (АБК) құрылды. Полиция департаментінің Жедел басқару орталы­ғы­ның жұмысын қамтамасыз етуші бағ­дар­ламаны орнатқан соң 2017 жылы 446, 2018 жылы 1 043, 2019 жылы 1 724, 2020 жылы 2 320 қылмыстың беті ашылды. Сонымен бірге бейнебақылау камера­ларының қарбалас кезде де, басқа уақытта да жолдағы көлік кептелісін реттеуге үл­кен көмегі тиіп отыр.
Бейнебақылау камераларынан бөлек «ақылды қиылыстар» жобасы да осы қауіп­сіздік пен жол қозғалысын реттеуде тиісті қызметтер үшін «интеллектуалды қолғанат» болып отыр. Олар көлік саны мен нөмірін арнайы қондырғы арқылы автоматты түрде анықтап, бағдаршам жарығын ұзақ немесе аз жағу арқылы реттеп отырады. Мұндай ақылды бағдар­шамдар қаланың 107 ірі қиылысында орнатылған.

Қоқыс жәшігіне дейін ақылды қала

Astana Innovations-тың тағы бір маңыз­ды міндеті – қала инфрақұрылымын қол­дау және жақсарту. Осы мақсатта астанада «Есіл», «Алматы» және «Сарыарқа» аудан­дарында «Ақылды аудан» атты ауқымды жоба іске қосылды. Жоба идеясы – бүгінгі  танымал ақылды технологиялар мен тиім­ді шешімдерді елорда аудандарының бірін­де пилоттық режимде енгізу.

«Қазір солардың ішінде жаяу жүргін­шінің жақындағанын лазерлік сәуле шаш­қыш арқылы жүргізушілерге хабарлайтын «ақылды» жаяу жүргіншілер өткелі, жер­ас­ты қоқыс жәшіктеріндегі қоқыс көлемін анықтайтын және коммуналдық қызмет­терді шақыру керегі жайлы хабарлаушы қоқыс толтыру датчиктері бар «ақылды» қоқыс жәшіктері, бейнебақылау жүйесі және мобильді қосымшамен жабдықталған «ақылды» домофондар, рұқсатсыз ашыл­ғаны туралы коммуналдық қызметтерге хабар беретін люк датчиктері, көрсеткішін қашықтықтан жолдау қызметі бар модуль­ді су және газ есептегіштері сынды тағы да басқа жобалар жүзеге асырылып та жа­тыр», – дейді Astana Innovations АҚ бас­қарма төрағасының орынбасары Асан Асылбек. 

Сонымен қоса, мектеп оқушыларының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін елор­дадағы екі мектепте пилоттық режимде адамның жүзін тану жүйесі іске қосылды. Ол арнайы қосымша арқылы баланың сабаққа келгенін немесе келмегенін ата-анасына хабарлайды. Бұл сәтті жүзеге асып жатқан жобалардың тұрғындардың тұрмысын жеңілдетіп, қала өмірінің дамуына тыныс қосқаны сөзсіз. Соның ішінде коммуналдық саланы автомат­тандыру – мұндағы қордаланып қалған мәселелердің шешімін табудың кілті болмақ.

Жаяу жүргіншілер қаласы

Соңғы он жылда ел халқының әл-ауқаты артып, қала көшелерінде көлік санының көбейгені атқарушы органдарға да, жергілікті билікке де ыңғайсыздық тудырғаны рас. Көлік кептелісі мен оның салдарында туындайтын у-шу мен көк түтін қаланың экожүйесіне өз зиянын тигізді. Кептелісті, әсіресе қарбалас кездегі жол қозғалысын реттеу үшін түрлі шара қолданылды. Бірақ көлік саны өсіп бара жатқандықтан, оны еңсеру мүмкін болмады. Сол себепті де қала билігі шаһарды жаяу жүргіншілер шаһарына айналдыруға шешім қабылдады. Бұл әлемнің ірі мегаполистерінде бар озық тәжірибе болатын.

«Нұр-Сұлтан қаласы урбанистика тұрғысынан келгенде көптеген ілгерілеу­шілікке ие. Көше қозғалысын реттеу, коғамдық кеңістікті ұйымдастыруда үйре­нетін тұстар өте көп. Саябақтар да, аллеялар да, су бұрқақтар да жетерлік. Енді мұнда «жаяу жүргіншілер қаласы» практикасын енгізу қаланың экология­сына да, тұрғындардың денсаулығына да оң әсер етпек. Өйткені әрбір қаланың жетістігі оның тұрғындарына арнап жасаған жайлығымен есептеледі. Ал ол үшін инфрақұрылымдарды ұйымдас­тырғанда кеңес кезіндегідей автомобильді қатынасқа емес, қоғамдық көліктерге, велосипедшілерге және жаяу жүргін­шілерге басымдық беру керек. Қаланың орталығын босату үшін өзен арқылы көпірлер мен айналма жолға шығатын күн сәулесі сынды шашырама жолдарды көбейту керек», – дейді урбанист-сәу­летші Әділ Әжиев.

Қалай болғанда да, 22 жылдық тари­хында ел астанасы заманға лайық қарқын­мен дамып келеді. Оның қай саласына да ақпараттық технологиялар дендей еніп, біртұтас инттелектуалды болмысқа айна­луда. Елбасымыз 2012 жылы өз Жол­дауында: «Цифрлы және нанотехнология, регенеративтік меди­цина және басқа да көптеген ғылыми же­тістік қоршаған ор­таны ғана емес, адам­ның өзін трансфор­мациялап,  күн­делікті ақиқатқа айналады. Біз осынау үдерістердің белсенді қаты­сушылары болуға тиіспіз», – деп айт­қанындай, халықаралық стандарттарға сай өркендеп келе жатқан Нұр-Сұлтан қаласына лайық болып, оның гүлдене түсуіне өз үлесімізді қосу елордалықтар үшін де үлкен сын!
Нұрлан ҚОСАЙ