Бұл туралы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары Сүйеніш Әбділдин айтты.
«Біз әлі күнге дейін адамдардың көпшілігі қызмет алу үшін ХҚКО-ға келетінін көріп отырмыз. Талдау нәтижесі 6 қызметтің өзі қызмет алушылардың 75%-ын қамтитынын көрсетті. Былтыр 4,8 млн. азамат ЭЦҚ алуға келді. Бұл – барлық өтініштің 30 пайызы. Цифрлық даму министрлігі Ұлттық ақпараттық технологиялар АҚ-пен бірлесіп, «бұлтты» ЭЦҚ енгізу мәселесін шешіп жатыр. Бұл жоба ЭЦҚ алу процесін айтарлықтай жеңілдетеді. ХҚКО-ға келушілерді онлайн режимге көшіруге ықпал етеді», – деді ол.
«Бұлтты» ЭЦҚ-да биометриялық деректер қолданылады.
«Былтыр күзден бастап mgov мобильді қосымшасында авторизация мен биометриялық деректер арқылы тіркеу енгізілді. Жүйенің өзі файл түрінде болмайды, ЭЦҚ арнайы серверде сақталады. Биометриялық сәйкестендіру бойынша ЭЦҚ алынады. Үнемі оны жеке куәлікте немесе флешкада алып жүрудің қажеті болмайды. Адамдар флэшкаларын жоғалтады. ХҚКО-ға ЭЦҚ-ны жаңарту үшін тағы келеді. «Бұлтты» ЭЦҚ-да мұның бәрі қашықтағы серверде сақталады. Адамдар жеке басын биометриялық растағанда автоматты түрде ЭЦҚ шығарылады және құжаттарға қол қойылады», – деп түсіндірді Сүйеніш Әбділдин.
Оның айтуынша, бұл жоба жыл соңына дейін eGov платформасына енгізілмек.