Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, режиссер Сатыбалды Нарымбетов 75 жасында өмірден өтті. Ол қазақ кино өнерінде өзіндік қолтаңбасы бар, суреткерлік шеберлігін ұдайы шыңдап отыратын шын дарындардың бірі еді. Кино мен әдебиетте өзіндік суреткерлік әлемін қалыптастырды. Ол соңында тамаша туындылар қалдырды.
БАҚ-қа берген сұхбатында кинорежиссер: «Сарғайған архив беттерін ашқанда, «Мұстафа Шоқай» және күні кеше тұсауы кесілген «Аманат» фильмдерін түсіргенде осындай күйге түстім... Әлбетте, өзегіңді жарып шыққан әр туынды сенің ағзаңа ғана емес, ақыл-ой, сезіміңе де тың өзгеріс, жаңа сапа әкеледі... Мен зерттеген Мұстафа Шоқай, Бекмаханов, Бөкейханов, Кенесары – үлкен ориентир, планка... Олардың интеллектуалдық деңгейіне дейін секіріп, қол жеткізу – үлкен арман, стимул. Дүниеге, болмысқа соларша көз салуға өзіңді-өзің дайындау... Ойбо-о-ой, бұл енді ащы азап қой... Өкінішке қарай, діттегенің болмыспен кереғар болып жатқанын айтам да, азап деп... Абай атамыздың «болмасаң да ұқсап бағы» бәрімізге қамшы болуы керек» деген екен.Семейдегі полигон зардабын баяндайтын «Қыз жылаған» фильмі де ерекше еді. Бұл фильмді түсіру режиссерге оңай соққан жоқ. Оған себеп болған Болат Атабаев қойған «Мәңгілік бала бейне» спектаклі. «Сценарийді Әкім аға екеуміз (Тарази) өте белгілі жас драматург Роза Мұқанованың әңгімесі желісі бойынша жазып шықтық. 3 жыл ақша күттік. Толғатып жаттым үйде. Ал оның нәтижесі жөнінде өзінің шығармасына сүйсіне қарайтын режиссердің бірі мен емеспін», – дейді. Нарымбетовтің «Мұстафа Шоқайы» да, «Аманаты» да ерекше көрермен ықыласына бөленді. «Созақтан шыққан Гамлет», «Балалық шағымның Дон Кихоты», «Ауылдан келген күйеу», «Айғай» фильмдерінің авторы. Көп фильмінің сценарийін өзі жазды. Саналы ғұмырын киноға арнаған жан.Оның арманы көп еді. Ең үлкені – Кенесары туралы фильм түсіру. Әріптестерінің айтуынша, екі бірдей тарихи фильмді түсіруді ойлап жүрген екен. Тіпті, бірінің сценарийі өндіріске де жіберілген. Оның туындылары бір-біріне ұқсамайды, бірін-бірі қайталаған емес. Кинода да, әдебиетте де жаңа сүрлеу салуға ұмтылды. Таптаурын тақырыптарға жоламауға тырысты. Оның бір ғана фильмі «Көзімнің қарасы» әлемнің талай айтулы кинофестивалінде топ жарды. Франция кино академиясының Жорж Садуль атындағы сыйлығының лауреаты атанды.
Бір өкініштісі, хан Кенені түсіріп үлгере алмады. Ұзақ жылдар бойы толғатқан, пісіп-жетілген дүниесі еді. Ажалға қарсы тұрған кім бар дерсің... Әттеген-айы, арманына жете алғанында ғой...
Асанәлі Әшімов, Қазақстанның Еңбек Ері:
– Бұл күн қазақ кино өнерінде қайғылы күн деп айтар едім. Заманымыздың заңғар өнерпазы, кино қайраткері Сатыбалдының дүниеден озғаны қабырғамызға қатты батып отыр. Көз алдымызда інішектердің кетіп жатқаны да жанға батады. Ол өнерге көп дүние әкелген, әлі де әкелетін мүмкіндігі бар азамат еді. Кино әлеміне «Мұстафа Шоқай», «Аманат» секілді жақсы туындылары қосылды. Сатыбалдының өнер мен әдебиетте әрдайым орны жоғары болып қалады. Өзі ақкөңіл, адамгершілігі мол, ешкімге зияны жоқ, мінезі жұмсақ, сондай жаны жайсаң, жақсы жігіт еді. Мұндай жігіттердің ерте кеткені қабырғамызды қайыстырады. Айналайын, інім Сатыбалды, қош! Жатқан жерің жайлы болсын!Смағұл ЕЛУБАЙ, жазушы:
– Кеше таңғы сағат 6-да арамыздан алып режиссер Сатыбалды Нарымбетов өтіп кетті. Алладан әмір дәл бүгін болады деген ой Сатыбалдыда жоқ еді. Өндірісте Кенесары тағдырын қозғайтын «Жаңғырық» атты фильмі басталған болатын. «Аманатында» Кеңесары рухымен тілдескен еді. Арманы осы тұлғаны экранда толық тірілту еді. «Мұстафа Шоқайды» экранда тірілткеннен кейін Кенесарыны «тірілту» арманы болатын. «Көзімнің қарасы» фильмімен Француз киноакадемиясының өрлеу баспалдағына аты алтын әріппен жазылған тұңғыш қазақ режиссері еді Сатыбалды. Өмірде өнерден өзге ойлағаны жоқ қалам мен камераға әулиедей адал хас шебер-тұғын. Бұл дүниеден кісіге қиянат жасамай, періштедей пәк өтті. Ана дүниеде Алланың дидарын көруге жазғай! Иманы жолдас болғай!Болат Қалымбетов, режиссер:
– Біз үшін бұл – қаралы күн. Қазақ киносының үлкен дарынды, талантты режиссері, кинодраматург Сатыбалды Нарымбетов ағамыз өмірден озды. Әттең, ерте кетті. Амал жоқ. Бірақ, ол кісінің істеген ісі, түсірген фильмдері халықтың, көрерменнің есінде қалады. Фильмдері тарихта қалды. Ең өкініштісі, Сәкен ағаның алға қойған жоспары көп еді. Ол кісінің арманы бар-ды: ол – Кенесары туралы үлкен фильм түсіру. Сол фильмді түсіруге дайын еді. Амал жоқ, арамыздан кетті де қалды. Үлкен суреткер азамат болатын. Жүргенов атындағы Өнер академиясында сабақ берді. Ол кісінің шәкірттері биыл бітіріп шықты. «Балаларым бітірді. Енді қазақ кинодраматургиясына жаңа жас режиссерлер қосылады» деп қуанып жүр еді. Қазақ киносына, оның дамуына үлкен үлес қосқан киногердің бұлай ерте кеткені қабырғамызға қатты батып отыр. Алланың шапағатына бөленсін!Ерлан Төлеутай, дәстүрлі әнші, музыка зерттеушісі:
– Кешегі Шәкен аға бастаған ұлы киногерлердің көзіндей болып ортамызда жүруші едіңіз. Аяулы ағамыз, қысылғанда кеңес сұрар ақылшымыз едіңіз. Арамызда қалқайып жүргеніңізді ес көруші едік. «Қазақфильмде» «мұртымыз көкке шаншылып» кеңес құрған күндеріміз келмеске кеткені ме?! Енді кімді тәлімгер тұтамыз, ағатайым-ау?! Арманыңыз көп еді. Сансыз кедергілер қолыңыз бен жолыңызды қабат байлап, ойға алған фильмдеріңізді түсіре алмай жүргеніңізге қынжылушы едіңіз. Кенесарыны түсіремін деп 8 жыл сергелдең кешкеніңіз көз алдымда. Ақыры бұл арманыңызға жетпедіңіз, жеткізбеді... Көз жасым тыйылар емес. Қош, Сатыбалды аға! Қош, қазақ киносының корифейі!Дайындаған Гүлзина БЕКТАС