Алматы облысында ауылдық округ әкімдерінің сайлауына саяси партиялардан және өзін-өзі ұсыну арқылы 279 үміткер ұсынылыпты.
Орташа бәсекелестік деңгейі 3,9 адамнан келеді. Ұсынылған 279 үміткердің 249-ы – ер, 30-ы – әйелдер қауымынан. Үміткерлердің орташа жасы – 41 жас. Бұл туралы Талдықорғанда өңірдегі ауылдық округтердің әкімдеріне үміткерлерді ұсыну қорытындылары туралы өткен брифинг барысында облыстық аумақтық сайлау комиссиясының мүшесі Қаһарман Жақсылық мәлімдеді. Облыстық аумақтық сайлау комиссиясы мүшесінің айтуына қарағанда, жалпы Алматы облысында 71 ауылдық округте әкімдер сайлауы өтеді. Бұл ретте 60 әкім өкілеттік мерзімінің аяқталуына байланысты, 11-і өкілеттіктерін мерзімінен бұрын тоқтатуға байланысты сайланады. Өз кандидаттарын ұсынған саяси партиялар қатарында «Nur Otan» партиясы, «Ауыл» ХДПП, «Ақ Жол» ҚДП, АDAL СП, ҚХП, ЖСДП бар. «Ұсынылғандар арасындағы 154 үміткер – жұмыс істеп жүрген мемлекеттік қызметшілер, 32-і - коммерциялық құрылымдардың өкілдері, 70-і – бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері, 10-ы уақытша жұмыс істемейді, 3-еуі – қоғамдық бірлестіктердің өкілдері, 6-ы – өзін-өзі жұмыспен қамтығандар, 3-еуі ішкі істер және әскери салада қызмет еткен зейнеткерлер. Арасында ғылыми дәрежесі бар кандидат та бар», – деді Қаһарман Жақсылық. Биылғы 10 шілдедегі дерек бойынша 279 үміткердің 159-ы тіркелген (56,6%). Түрлі себептермен 23 адам үміткерлікке тіркеуден өтпеген. Олардың 16-сы талаптарға сәйкес келмесе, 7-і өз кандидатурасын алып тастау туралы өтініштеріне сәйкес тізімнен шығарылыпты.Болат АБАҒАН, Алматы облысы