Көкшетауда саяжай тұрғындары жолға таласып қырылысқан

Көкшетауда саяжай тұрғындары жолға таласып қырылысқан

Көкшетауда саяжай тұрғындары бір-бірімен қырық пышақ болып қырқысуда. Өйткені он шақты адам саяжайға кіріп шығатын жолға шлагбаум мен бетон блок қойып тастаған. Олар ерсілі-қарсылы күнде ағылатын көліктер көк шаң көтеріп, содан тынысымыз тарылды, – дейді. Бұл туралы КТК арнасы хабарлайды. 

Ал екінші тарап бау-бақшамызға жете алмай қалдық деп қиғылық салуда. Саяжайларды қалада үйі жоқтар қысы-жазы қоныстанатын тұрақты баспанаға айналдырып алған. Көшеден күнде көлік нөпірі үзілмейді екен. Ашуланған кей тұрғындар жолдың екі бетіне бетон блок қойып, қозғалысты тоқтатып тастаған. Соның салдарынан арғы беттегі саяжай тұрғындары үйіне жете алмай зар илеп жүр.
"Бұл барып тұрған басып алу ғой. Ең кең көше, бәрімізге ортақ. Саяжайшыларды әбігерге салып қойды, тіпті жағдай ушығып барады. Жұрт төбелесуге дайын. 40 жылда болмаған мәселе. Қазір жабылып ашып тастадық, құлыптап қойған. Егер өрт болса, мынадай ыстықта бәрі кетеді ғой. Соны түсіндіре алмай жүрміз", — деді саяжай тұрғыны Анатолий Салонский.
Түсінгісі келмей жолды жауып жүрген – 10 шақты адам. Олар қалтасынан қаржы шығарып шлагбауым орнатып қойыпты. Енді өзара келісе алмай қалған бау-бақша бірлестіктері жолды жапқандардың жарығын өшіремін деп өшігіп отыр. Ал көшені ашқысы келмегендер саяжайда басқа да жол бар екенін айтады.
"Міне, тасжолдан тура қажетті саяжайларына апаратын жол бар. Соны жөндеу керек. Сонда әркім өз жолымен жүреді. Ешкім ешкімге кедергі жасамайды. Масқара емес пе, күніне 200-дей көлік жүріп өткенде, шаң жұтып отырғанымыз. Осы жолға жабысып қалғандай", — деді саяжай тұрғыны Айгүл Ғабдуллина.
Көлік нөпірінен шаршаған жұрт тым болмаса, жылдамдықты тежейтін кедергілер қойылса екен, дейді. Бірақ оны саяжайшылар өз қаржысына жасауы керек. Ал атқамінерлер көшені иемденіп алған тұрғындардың әрекеті заңсыз дейді.
"Бұл жолдар мен өткелдер ортақ пайдаланымдағы жер. Мемлекет меншігі, бірақ ешкімнің балансында жоқ. Саяжай кооперативтеріне бөлінгендіктен, олар өздері келісіп шешуі қажет. Шлагбаум қойып, бетонмен бекітуге көпшіліктің келісімінсіз ешкімнің құқығы жоқ", — деді Көкшетау қаласы жер қатынастары бөлімі басшысының міндетін атқарушы Асхат Вазиров.
Күлтөбенің басына күнде жиналатын бақша иелері екіге жарылып қызыл кеңірдек болып жүргенде, саяжайдағы жолдан басқа да өзекті проблема бар екенін естен шығарған сияқты. Олар тау төбе болып үйілген қоқыстың астында жатыр десе болады. Мынадай аптап ыстықта қоқыстан шыққан сасық иіс қолқаны жарады.