Дабыл: «Талибан» Орталық Азия шекарасына жақындады
Дабыл: «Талибан» Орталық Азия шекарасына жақындады
347
оқылды

АҚШ әскері Ауғанстан жерін әлі тастап шықпаса да, «Талибан» қозғалысының (Қа­зақстанда тыйым салын­ған) жендеттері ашық ша­буыл­ға көшіп кетті. Бүгінде ау­ған территориясының тең жар­тысынан көбі солардың бақы­лауында. Егер бұл про­цесс жалғаса берсе, 1990 жыл­­дардағы жағдай қайта оралуы бек мүмкін. Дегенмен аталған арпалыс ауған жері­мен шектелмейтіндей. «Тали­бан» қазірдің өзінде ауған ар­миясы сарбаздарын Тә­жікстанға, Өзбекстанға ысы­рып тастады. Яғни, соғыс өрті Орталық Азияның оңтүс­тік ше­карасына жақындады. Ертең не болмақ?

Қазір Ауғанстан жерінде «Талибан» ерекше белсенді, жаңа уәлияттар мен аудандарды жаулап алып жатыр. Тек 5 шілде күні 9 ауданды жаулап алды. Бүгінде Ауғанстандағы 398 ауданның 100-ден астамы «Талибан» бақылауына өтті деген ақпарат бар. Жалпы, Ауғанстан Орталық Азияда Өз­бекстан, Тәжікстан және Түрік­менстанмен шекараласады. Бұл елдермен ауғанның Герат, Бадгис, Фарьяб, Джаузджан, Балх, Кундуз, Тахар және Бадахшан аймақтары іргелес жатыр. Бадахшан секілді провинциялар қозғалыстың қол астына өтіп кет­кен. Ауған армия­сы­ның сарбаз­дары көптеген қала, өңірлерді қарсыластарына беріп қойып жатыр. Аймақтардан тек айы­рылып қана қоймай, шегініп, тәжік, өзбек жеріне бас сауғалап кетті. Тәжікстан маусым айынан бері ауған армиясының мыңға жуық сарбазы шекараны кесіп өткенін хабарлады. Өзбекстанға да амалсыз қашып кеткендер бар екен. Тәжікстан ол жауынгерлерді ұшақпен Кабулға қайтармақ, ал Өзбекстан ауған жеріне қайта депортациялағанға ұқсайды. Түрлі деректерге сенсек, бүгінде Талибан қозғалысы Ауғанстанның аймақтарын басып алып жатыр. Қалалар әлі де үкімет бақылауында. Келесі кезек Қандағар провинция­сына келгенге ұқсайды. Егер бұл өңір талибандықтардың қолына көшсе, онда Ауғанстан мен Пәкіс­тан арасындағы шекараның басым бөлігін солар бақылайды. Сарап­шылар «Талибанның» ел астанасы Кабулға шабуыл жасауы уақыт еншісіндегі мәселе дейді. Түрлі болжамдар бойынша, Кабулға 5 мыңға жуық жендет кіріп үлгерген. Олар негізгі күштің келуін күтіп отыр. Алайда Кабулда әлі де АҚШ және басқа да елдердің азын-аулақ сарбаздары бар. Олар елшіліктерді, халықаралық ұйымдардың кеңсе­лерін, әуежайды қорғайды. Былтыр жасалған Доха келісімі бойынша, Америка Ауғанстанда қалған 7 мың әскерін 2021 жылғы 1 мамырға дейін алып кетуі тиіс еді. Кейін бұл мерзім 11 қыркүйекке ауыстырылды. Қазір әскердің 95 пайызы шығарылған. Осы сәтті пайдаланып, Талибан қазіргідей нәтижеге жетті. Ал қыркүйектен соң ашық арпалыс басталатыны анық. Талибан қазірдің өзінде Кабулға шет мемлекеттерден (со­ның ішінде Орталық Азиядан) ке­летін қосымша көмек жолын жа­буға тырысып жатыр. Егер олар бұл мақсатына жетсе, онда Ашраф Ғани басқаратын үкіметті биліктен оңай құлатуы мүмкін. АҚШ пре­зиденті Джо Байден елінің 20 жылдық әскери операциясының жоққа шығып жатқанын, триллион­даған доллардың, 2 446 сарбазының өлімі зая кеткенін көріп тұрса да, былтырғы келісімді орындамақ. Әрине, Демократиялық партияның өкілдері қашанда соғысқа қарсы. Алайда кезінде Барак Обама да Ауғанстаннан әскерді толық шыға­руға уәде берсе де, оны орындамады. Бәлкім бірден-бір себеп панде­миядан кейінгі әлсіреген эконо­мика болуы мүмкін. Өйткені бұл елде әскер ұстау шығыны бірнеше миллиард долларды құрайды. Бірақ Ауғанстанда АҚШ-тың 7 мыңдай әскері қалған еді. Бұрынғы 90 мың сарбаз емес. Талибан Алайда Қазақстанды қазір алаң­датып отырғаны Талибанның Орта­лық Азияның шекарасына тым жақындауы. Жалпы, бұл қозғалыс жендеттері 2013-2014 жылдардан бері Тәжікстан, Түрікменстан шекарасы маңында қарулы қақ­тығыстарға қатысып отырған. Бір­неше шекарашыны да өлтірген. Алайда қазір жағдай күрделенді. Тәжікстан мен Өзбекстан өз армия­сын әскери жағдайға көшірді. Тә­жікстан шілде айының басында Ұжымдық қауіпсіздік келісімі ұйы­мынан (құрамында Армения, Бела­русь, Қазақстан, Қырғыз Респуб­ликасы, Ресей, Тәжікстан бар) көмек сұрады. Әзірге ұйым ресми түрде әскер жіберу туралы шешім қабылдаған жоқ. Тәжікстан терри­ториясында Ресейдің 201-әскери базасы орналасқан. Бұл да Тали­банға қарсы уақытша тежеуші күш болуы мүмкін. Бірақ Ұжымдық қа­уіпсіздік келісімі ұйымы Тәжік­стан, Өзбекстан шекарасын Тали­бан қозғалысынан қорғау мақса­тында қосымша әскер жіберу тура­лы шешім қабылдаса, Қазақстан оған келісе ме, жоқ па, белгісіз. Өйткені 1995 жылы Тәжікстандағы Пшихавр шатқалындағы қақты­ғыста Қазақстанның 17 жауынгері қаза тапқаны әлі есімізде. «Талибаннан» келетін келесі қауіп – Ауғанстан екінші Сирияға айналуы мүмкін. 1996-2001 жыл­дары бұл қозғалыс билікте болған кезде Орталық Азия елдерінің мыңдаған тұрғыны радикалды діни уағыз-насихатқа уланып, шекара асқан еді. Ауған жеріне жетіп, қо­лына қару ұстап, түрлі радикалды ұйымдардың, партиялардың мүшесі атанды. Ол кезде интернет, әлеу­меттік желі жоқ кезең болатын. Ал қазір талибандықтар жақтастар санын арттыру үшін ақпараттық технологияның сан әдісін қолдануы ғажап емес. Таяу Шығыстағы Си­рияға 1 000-ға жуық қазақстандық аттанғанын ескерсек, онда «жұмақ­қа жылдам жету жолдары» жайлы уағызға алданып, іргеміздегі Өзбек­станның арғы бетіндегі ауған тауларына ауатындар көп болуы мүмкін. Егер олар белгілі уақыттан соң Отанына оралса, нағыз қауіп сонда туады. Жалпы, қазіргі «Талибан» 2001 жылға дейінгі жіберген қателіктерін ескерген секілді. Иранда, Қатарда, Ресейде Ауғанстан үкіметінің өкіл­дерімен кездесіп, келіссөз жүргізді. Алайда пәлендей жетіс­тікке жетпеді. Оған қоса, осы келіс­сөздерде өзге мемлекеттерге ешбір қауіп төндір­мейтінін айтып, уәде берді. Бірақ қазірдің өзінде Талибан қозғалысы Әл-Қаида, ДАИШ (Қа­зақстанда тыйым салынған) сынды терро­ристік ұйымдармен қоян-қолтық бірлесіп соғысып жатыр. Мәселен, Әл-Қаида Бадахшан провинциясына иелік еткісі келеді. Яғни, осыдан-ақ ертең «Талибан» билікке толық қол жеткізсе, онда Ауғанстан халық­аралық содырлар жиналатын жерге айналу мүмкіндігі өте жоғары. Себебі қазірдің өзінде олардың қатарында жалдамалы жендеттер аз емес. Оны Ауғанстан армиясымен болған қақтығысқа куә болған тұрғындар байқаған. Тали­бан­дықтар қатарында жергі­лікті пушту не дари тілдерінде емес, басқа тілдерде сөйлегендер көп болған. Жалпы, АҚШ ауған жерін тас­тап кетпей жатып, Ауғанстан армиясы өз позицияларын жыл­дам әрі көптеп жоғалтып алады деп күтілген жоқ. Себебі оларды АҚШ-тың әскери инструкторлары жылдар бойы жаттықтырды, қару­мен жабдықтады. Алайда соңғы қақтығыстарда ауған армиясы сарбаздарының Талибан, ДАИШ қатарына жаппай өтіп кету фак­тілері жиі кездескен. Мұны сарап­шылар бірнеше фактормен түсін­діреді. Соңғы 40 жыл бойы соғыстан көз ашпаған халық үшін аман қалу маңызды, оларды идеологиялық ерекшелік аса қатты мазаламайды. Оған қоса, АҚШ әскерилері жер­гілікті азаматтарды армияға өз ере­жесі, яғни келісімшарт жүйесінде дайындады. Бұл Ауғанстанда тиім­сіз екені көрінді дейді. Сонымен, 2001-2021 жылдар ара­лығында АҚШ пен НАТО коа­лициясы бастаған әскери операция тәмамдалғандай. Бірақ сонша уа­қыт, қаржы, ресурс, құрбандық зая кеткендей. «Талибан» қайта билікке ұмтылып, ел басқаруын қолына алуға ұмтылып жатыр. Терри­то­рияның тең жартысы бақылауында. Ал енді келешекте олар билікке келсе, Орталық Азияға, соның ішінде Қазақстанға қатер төндіре ме? Төндірсе, қандай шара қа­былдау керек? Төндірмесе, дипло­матиялық қатынас орнатамыз ба, әлде бейресми байланыспен шек­телеміз бе? «Талибанды» тыйым салынған ұйымдар тізімінде қалды­ра береміз бе? Қазір бізде жауабы жоқ осындай сұрақтарымыз көп.

Нұрмұхамед БАЙҒАРА