Бүгінгі саяси науқан нәтижесінде ауыл ғана емес, аудандық маңызы бар қала әкімдері де сайланбақ. Солтүстік Қазақстан облысында бір ғана қала – Мамлюткада сайлау өтіп жатыр.
Мамлют ауданының орталығындағы №324-ші сайлау учаскесінде 1610 адам тіркелген. Таңғы 7-ден бастап өз таңдауын жасауға ағылған халықтың арасында әсіресе жастар мен алдыңғы толқын өкілдерінің қарасы қалың. Учаскелік сайлау комиссиясының төрағасы Ғалихан Бюрекбаев сайлауға өздерінің дайын сақадай сай әзірлікпен келгенін айтып, тұрғындар ел өміріндегі елеулі оқиғаға қатысуда белсенділік танытады деген сенім білдірді. Бұл учаскеде 18 жасқа биыл толған 5 адам бүгін алғаш рет дауыс бермекші. Солардың бірі – қаңтар айында кәмелет жасына жеткен Кристина Нажмутдинова Мамлютка қаласында туып-өскендіктен, туған жерінің тағдырына бей-жай қарай алмайтынын айтады. «Біздің тұрмысымыз әкімдердің жұмысына тікелей байланысты болғандықтан, оларды сайлау құқығы өзімізге берілгені – үлкен мәртебе. Мен туған жерімнің өсіп-өркендегенін қалаймын. Сондықтан бүгін өз таңдауымды жасау үшін сайлау учаскесіне келдім. Өз замандастарымды да маңызды іс-шарадан шет қалмауға шақырамын», - деді бойжеткен. Ол өз дауысын бермес бұрын әкімдіктен үміткерлердің барлығымен жолығып, сайлауалды бағдарламаларымен алдын-ала танысыпты. Барлығының да жоспарлары көңілінен шыққанын жасырмаған қыз бала сайланған әкім халыққа берген уәделерін ұмытпағанын қалайды.Роза ШӘКЕН