Боксшының өліміне қатысты сот үкімі шықты
Боксшының өліміне қатысты сот үкімі шықты
Фото: rus.azattyq-ruhy.kz
195
оқылды

Қылмыстық істі Қарағанды ​​облысы Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Қайрат Қасымов қарады. Сотталушыны ҚР ҚК-ның 99-бабы 1-бөлігі «Адам өлтіру» бойынша жауапқа тартты. Сот оны 11 жылға бас бостандығынан айырды. Жазасын қатаң режимдегі абақтыда өтейді.

«Былтыр 20 тамызда Шахтинск қаласында сотталушы достарымен бірге Иван Тациды бұрын болған келіспеушілікті шешу үшін автовокзал артына шақырған. Сол төбелес кезінде Иван пышақталған. Сотталушы пышағын жолдың бойына лақтырып, оқиға орнынан қашып кетті. Оның кінәсі айғақ зат, бейнежазба, сот-медициналық сараптамалармен дәлелденді. Сотталушы бұрын қылмыстық жауапқа тартылмаған. Ол жасаған ісіне өкінген жоқ. Сондықтан ол қатаң тәртіптегі қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде жазасын өтей отырып, 11 жылға бас бостандығынан айырылды. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ» делінген ресми хабарламада.

Оқиға былтыр 20 тамызға қараған түні болған. Шахтинск қаласының орталық ауруханасына пышақ жарақатымен 24 жастағы қала тұрғыны жеткізілген. Жас жігіт ес-түссіз жатқан. Дәрігерлер барлық күш-жігерін жұмсаса да, жігітті аман алып қала алмады. Оны өлтірді деген күдікпен Шахтинск қаласының 22 жастағы тұрғыны ұсталды. Боксшы мен күдікті бұрын дос болған.