Қырғызстанның экс-президенті Асқар Ақаев Бішкекке жеткізілді
Қырғызстанның экс-президенті Асқар Ақаев Бішкекке жеткізілді
© inform.kz
231
оқылды
Қырғызстанның бұрынғы президенті Асқар Ақаев Бішкекке жеткізілді. Бұл туралы Қырғыз Республикасы Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің (ҰҚМК) баспасөз қызметі мәлім етті, – деп хабарлайды ҚазАқпарат «Кабар» агенттігіне сілтеме жасап. Бұған дейін хабарланғандай, «Құмтөр» жобасын іске асыру кезіндегі сыбайлас жемқорлық фактілері бойынша елдің бұрынғы президенті Асқар Ақаевқа іздеу жарияланған болатын. А.Ақаев жоғары лауазымды өзге шенеуніктермен қатар 1992 жылы «Құмтөр» жобасы бойынша Бас келісім жасау, 1994 жылы оған өзгерістер енгізу, сондай-ақ 2003 жылы «Камеко» компаниясымен Бас келісімді қайта құрылымдау кезіндегі сыбайлас жемқорлық фактісі бойынша қылмыстық жауапқа тартылды. Осылайша, А.Ақаевтың президенттігі кезеңінде «Құмтөр» жобасын іске асырудағы жемқорлыққа қатысы бар барлық кінәлі тұлғаға құқықтық баға берілді.
«Сонымен қатар Қырғыз Республикасының ҰҚМК-мен бірлескен тергеу барысында А.Ақаевты республика аумағына жеткізу жолымен оны қылмыстық жауаптылыққа тарту бөлігінде тарихи әділеттілікті қалпына келтіруге бағытталған белсенді жұмыс жүргізілді. Солай, ҰҚМК қабылдаған шаралар нәтижесінде 2021 жылғы 2 тамызда бұрынғы президент Асқар Ақаев Бішкек қаласына жеткізіліп, кейін дереу Ведомствоаралық тергеу тобына берілді. А.Ақаев ҰҚМК ғимаратында. Онда оның қатысуымен «Құмтөр» кен орны бойынша қылмыстық іс шеңберінде қажетті тергеу әрекеттері жүргізіледі. Жүргізілген тергеу әрекеттерінің нәтижелері және ол бойынша, оның ішінде А.Ақаевқа қатысты қабылданған процессуалдық шешімдер туралы ҰҚМК жұртшылықты қосымша хабардар ететін болады», - делінген «Кабар» ақпаратында.
Еске сала кетейік, 2005 жылдың наурыз айындағы төңкерістен кейін А.Ақаев Ресейге қашып кеткен болатын және осы күнге дейін сонда болды.