Жетісу өлкесі жылу маусымына дайын

Жетісу өлкесі жылу маусымына дайын

«Қыс шанаңды жаз сайла» дегенді есте ұстап, ал­дағы қыста қысылып қалмауды осы бастан ойластырған Алматы облысында 2021-2022 жылғы жылыту мау­сы­мына дайындық қызу жүріп жатыр.

Жергілікті билік қысқы жы­лыту маусымына даярлық үшін және құрылымдардың үздіксіз жұмысы мен қысты төтенше жағдайсыз өткізуді қамтамасыз етуге бюджеттен 13,7 млрд теңге қарастырған. Қомақты қаржы­ның 3,3 млрд теңгесі жылумен қамту нысандарын жөндеуге, 10,4 млрд теңгесі отын сатып алуға бөлініпті. Облыстық Энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруа­шылық басқармасының мәліме­тінше, жылыту маусымын сапа­лы өткізу үшін 35 орталық қа­зандық, 58,2 шақырым жылу же­лісі, 13,5 мың шақырым электр желісі, 3 101 бірлік транс­форматорлық қосалқы станса дайындалып жатыр. Бюджеттік сала нысандары үшін 26,2 млн литр дизель оты­нын сатып алуға бюджеттен 5,2 млрд теңге қарастырылған. Қа­зір бюджеттік мекемелер үшін отын жеткізу жұмыстары баста­лып та кетіпті. Энергия өндіруші мекемелер үшін 405,3 мың тонна көмір, 15 мың тонна мазут дайындау жос­парланған. Сол сияқты халықты көмірдің қажетті көлемімен уақытылы қамту жұмыстары да жүргізіліп жатыр. Жалпы, об­лыс­тың көмірге деген қажеттілігі – 1,37 млн тонна. Бүгінге дейін тұрғындарға 202,5 мың тонна көмір сатылып, 94,1 мың тонна көмір қоймаларына түсірілген. Жергілікті әкімдік тұрғындарға көмірді ерте кезден сатып алу туралы үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді. Облыста қазандықтарды газға ауыстыру, блокты-модульді қазандықтар орнату жұмыстары да жүйелі түрде атқарылып жатыр.

Болат АБАҒАН, Алматы облысы