Оқушылар биыл мектеп формасын киюге міндетті ме?
Оқушылар биыл мектеп формасын киюге міндетті ме?
Фото: bilimdinews.kz
1,413
оқылды

Пандемияға дейін мектеп формасын кию міндетті болды. Бұл туралы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Facebook-тағы парақшасында жазды.

«Бірақ, өткен жылы барлық жағдайларды ескере отырып, біз оқушыларға мектепке тек мектеп формасында ғана емес, сонымен қатар классикалық стильдегі киімде де келуге мүмкіндік беретін шешім қабылдадық. Мектеп формасы алдағы оқу жылында міндетті бола ма? Мен өзім ата-ана ретінде де, Білім және ғылым министрі ретінде де мектеп формасын киюді қолдаймын. Cонымен қатар, педагогтер мектеп формасы балаларды бір тәртіппен тәрбиелеуге үлес қосатынын, сол мектепке баратын балалармен бірлікті сезінуге мүмкіндік беретінін және ең бастысы, оқушылар арасындағы әлеуметтік айырмашылықты азайтуға көмектесетінін айтады. Ата-аналар, мұғалімдер, мектеп әкімшіліктері, Білім басқармасы басшыларының пікірлерін тыңдап, көбісі мектеп формасын жақтайды деген қорытындыға келдім. Бірақ, мектеп формасын қолдағандар мен қарсылық білдіргендердің пікірлерін саралап, барлық жағдайларды ескере отырып, біз оқушыларға мектепке тек мектеп формасында ғана емес, сонымен қатар классикалық стильдегі киімде де келуге мүмкіндік беретін шешімді қабылдадық, – деді министр. Министр мұндай шешімді қабылдауға, біріншіден, эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып қабылдағанына да тоқталды. «Қазір еліміздің көптеген аймағында карантиндік шектеу шаралары күшейген. Дүкендер белгілі бір уақытта, кейбір қалаларда жұмыс күндері ғана істейді. Егер ата-аналар балаларға мектеп формасын сатып алу үшін сауда орталықтары мен дүкендерге жаппай баратын болса, онда ұзын-сонар кезек болып, коронавирусқа шалдығу қаупін тудыруы мүмкін екенін білеміз. Екіншіден, кейбір отбасылардағы уақытша экономикалық қиындықтарға байланысты мектеп формасын сатып алу отбасылық бюджетке қосымша жүктеме болуы мүмкін. Сондықтан, егер ата-аналар түрлі жағдайларға байланысты балаға мектеп формасын ала алмаса, онда уақытша, келесі оқу жылына дейін мектепке классикалық стильдегі киіммен баруға болады», – деді ол.