100-ден жоғары балл жинағандардың ҰБТ бейнежазбасы қаралды: қанша талапкердің нәтижесі жойылды?
100-ден жоғары балл жинағандардың ҰБТ бейнежазбасы қаралды: қанша талапкердің нәтижесі жойылды?
428
оқылды

ҰБТ аяқталғаннан кейін Ұлттық тестілеу орталығының қызметкерлері 145 мың талапкердің бейнежазбасын қарады. Қорытындысында биыл 19 талапкердің ҰБТ нәтижесі жойылды. Бұл туралы Білім және ғылым министрлігі хабарлады.

Бұған дейін Білім және ғылым министрі ҰБТ-ны тапсыру рәсімінің ашықтығын қамтамасыз етуді және тестілеу нәтижелерін бақылауды күшейтуді тапсырған еді.
Былтыр бақылау камераларынан бейнежазбаларды қарау туралы ереже енгізілді. ҰБТ аяқталғаннан кейін 152 талапкердің тестілеу ережесін бұзғаны анықталып, нәтижесі жойылды. Олардың 91-і білім беру грантынан айырылды.
Бақылау күшейгеннен кейін үш жыл ішінде тыйым салынған заттарды кіргізу әрекеттері азайған. 2019 жылы 128 мың түлек, 2020 жылы 1296 түлек ҰБТ-ға тыйым салынған заттарды алып өтпекші болған, биыл сондай 758 жағдай тіркелді.
Әуелі Ұлттық тестілеу орталығының қызметкерлері 100-ден жоғары балл жинаған талапкерлердің бейнежазбасын тексереді. Мәселен, талапкерлердің нәтижелері наурыз және мамыр, маусым айларындағы көрсеткіштерінен айтарлықтай жоғары болуы мүмкін.
Биыл ҰБТ бейнежазбаларының бір бөлігін егжей-тегжейлі қарап шыққаннан кейін, 19 талапкердің шпаргалкаларды қолданғаны және ережелерді бұзғаны анықталды. Осыған байланысты олардың нәтижелері жойылды.
«Біз түлектеріміздің тек өз біліміне үміт артуын қамтамасыз ету үшін осындай мұқият тексеру жүргізіп жатырмыз. Өйткені, бүгін тест тапсырып, ережені бұзған талапкердің ертең полиция қызметкері, дәрігер, мұғалім немесе судья ретінде адал маман болатынына кепілдік жоқ. Сондықтан комиссия 19 талапкердің нәтижелерін жоюға шешім қабылдады. Енді олар білім беру гранттарын тағайындау конкурсына қатыса алмайды. Бірақ бұл жағдайлар балалар тарапынан болғандығын ескеріп, оларға жоғары оқу орындарында ақылы негізде оқу мүмкіндігі беріледі. Жалпы, барлық түлектер ҰБТ-ны жылына бірнеше рет тапсыра алады. Бұл тестілеуге дайындалу барысында оқушылардың күйзелісін азайтады. Біз тағы да барлық талапкерлерді академиялық адалдыққа шақырамыз. ҰБТ-ның барынша ашық және адал өтуі үшін бұдан әрі де барлық жағдайды жасайтынымызды айтқым келеді. Бейнежазбаларды тексеруді жалғастырамыз. Бұзушылықтар анықталған жағдайда нәтижелер мен тіпті берілген гранттардың да күші жойылады», – деп атап өтті ҚР БҒМ Ұлттық тестілеу орталығы директорының міндетін атқарушы Наужан Дидарбекова.