Беларусь спортшысы Токиодан еліне қайтпай, Австрияға ұшатын болды
Беларусь спортшысы Токиодан еліне қайтпай, Австрияға ұшатын болды
Фото: news2world.net
258
оқылды

Оны Жапония полициясы алып жүрді. Қазір ол Нарита әуежайында. Спортшы бұл жерден Варшаваға емес, Австрияға ұшатын болды. Бастапқы шешімнің неге бұлай өзгергені туралы әзірге ақпарат жоқ. Оған Польша билігі гуманитарлық виза берген болатын. Тимановская дипломатиялық өкілдікте 2 тамыздан бері болды.

Ол Беларусь құрамасының басшылығын сынға алған еді. Себебі, бапкерлер спортшыны дайындалған 200 метрге емес, 400 метр қашықтыққа жүгіру жарысына оның келісімінсіз ауыстырған. Беларусь Ұлттық олимпиада комитеті атлетті эмоциялық-психологиялық жағдайына байланысты елге күштеп қайтармақ болған. Бірақ Тимановская Минскіге оралудан бас тартып, Жапония полициясы мен Халықаралық Олимпиада комитетінен араша сұрады.

Спортшы Кристина Тимановская: «Германия Еуропаға аман-есен ұшып жетуімді қамтамасыз етсе екен деймін. Еуропада Беларусь Спорт ынтымақтастығы қорының өкілдерімен кездесіп, болашақ жоспарымызды талқылаймыз. Мен ешқашан саясатқа араласқан емеспін. Негізі бұл оқиғаның саясатқа еш қатысы жоқ болатын. Мен бар болғаны біздің бас бапкерлердің жөнсіздігін айттым. Мұның осындай үлкен саяси жанжалға ұласатынын мүлде білмедім. Спортпен әрі қарай да кәсіби тұрғыда айналысқым келеді. Жасым 24-те, әлі 2 Олимпиадаға қатысуға мүмкіндігім бар. Жоспарым іске асады деп сенемін. Атлет ретінде мүлде көңіл күйім жоқ. 200 метр қашықтыққа қатыса алмай қалдым. Ұзақ дайындалған едім», – деді.