А тобында өнер көрсеткен каратэші үшінші қарсыласы жапон Саго Наотоны 3:0 есебімен жеңіп, мерзімінен бұрын жартылай финалға жолдама алды.
Ол бұған дейін екі жекпе-жекте де жеңіске жетті.
Жарыс ережесі бойынша спортшылар А және В тобына бөлінген. Әр топтағы бес спортшы бір-бірімен өзара кездесулер өткізіп, ең көп ұпай жинаған екі каратэші жартылай финалға жолдама алады.
Дархан өз тобындағы алғашқы жекпе-жекте түркиялық Эрай Самданмен кездесіп, 6:2 есебімен жеңіске жетті. Ал екінші жекпе-жегінде әзірбайжандық Фирдовси Фарзалиевпен кездесіп, тағы да 6:2 есебімен басым түсті.
Әзірге, Дархан Асаділов өз тобында 4 ұпай жинап, көшбасында келеді.
Айта кетелік, каратэден Токио Олимпиадасында Қазақстан намысын бес спортшы қорғайды.