Жарамсыз болған 134 ұпай
Жарамсыз болған 134 ұпай
© коллаж: Еркебұлан Дүйсеболатов
422
оқылды

ҰБТ аяқталып, нәтижесі шық­қаны­мен, айналасындағы дау-дамай бітер емес. Жақында мемлекеттік грантқа ие болған түлектер тізімі жарияланатыны тағы бар. Осы тұста министрлік 19 оқушының тестілеу нәтижесі жойылғаны туралы ақпарат таратты. Демек, олар грант алу құқығынан автоматты түрде айырылды. Олар ендігі кезекте не істейді? Министрлік мұндай қадамға неге барды?

Тест нәтижесі қалай жойылды?

ҰБТ нәтижесі осымен үшінші жыл қатарынан қайта тексеріліп жатыр. Тестілеу орнына кіргізу, қадағалау жыл сайын қиындағанымен, адамнан айла аса ма? 2019 жылы 128 мың, 2020 жылы 1 296 түлек тестілеуге тыйым салынған заттарды алып кіруге тырысса, биыл 758 оқушы осындай қадамға барған. Биыл да өткен жылдағыдай Ұлттық тестілеу орталығының қызметкерлері 145 мың талапкердің бейнежазбасын қарап шыққан. Өйткені өткен жылы бақылау камераларынан бейнежазбаларды қарау туралы ереже енгізілген еді. Мәселен, 2020 жылы ҰБТ аяқталғаннан кейін 152 талапкердің тестілеу ережесін бұзғаны анықталып, нәтижелері жойылды. Осы­лайша, олардың 91-і білім беру грантынан айырылды. Ал 2021 жылғы ҰБТ нәтижесі бойынша бейнежазбаларды қайта қарау арқылы 19 талапкердің жинаған ұпайы жарамсыз деп танылды. Мұның өзінде министрлік орталық қызметкерлерінің «бейне­жазбалардың бір бөлігін егжей-тегжейлі қарап шыққаннан кейінгі нәтиже» деп отыр. Яғни, бұдан да басқа талапкерлердің ұпайы жойылуы мүмкін деген сөз. Сертификаты жарамсыз болып қалған 19 оқушыға келсек, олар ҰБТ барысында шпаргалка қолданып, ереже бұзғаны анықталған. «Алдымен Ұлттық тестілеу орталы­ғының қызметкерлері 100-ден жоғары балл жинаған тестіленушілердің бейне­жазба­ларын тексереді. Мәселен, талапкерлердің нәтижесі наурыз және мамыр, маусым айларындағы көрсеткіштерінен айтар­лықтай жоғары болуы мүмкін. Мысалы, бір түлек наурыз айында  60 балл алған, ал маусымдағы тестілеуде 134 балл жинаған. Күмәнді көрсеткіш емес пе? Сол себепті бейнежазбаны қайта қарап, нәтижесін жойды.  Тестілеуге қатысушылардың арасында шпаргалка қолданып, смарт­фоннан көшіріп отырғандар болған», – дейді БҒМ баспасөз хатшысы Мөлдір Абдуалиева.

Жарамсыз сертификатпен қайда барады?

Соңғы жаңалықты естіген кез кел­генімізде осы сұрақ туғаны даусыз. Өйткені олар мемлекеттік грант конкурсынан шет қалып отыр. Дегенмен оқуға  түсудің амалы бар екен. Әрине, ақылы түрде. Мұны Ұлттық тестілеу орталығы директорының міндетін атқарушы Наужан Дидарбекова түсіндіріп берді. Оның айтуынша, барлық түлекке ҰБТ-ны жылына бірнеше рет тап­сыру мүмкіндігі бекер берілмеген. Бұл тес­тілеуге дайындалу барысында оқушылардың күйзелісін азайтатыны тағы бар. «Түлектердің тек өз біліміне үміт артуы үшін осындай мұқият  тексеру жүргізіп жатырмыз. Өйткені бүгін тест тапсырып, ережені бұзған талапкердің ертең полиция қызметкері, дәрігер, мұғалім немесе судья ретінде адал маман болатынына кепілдік жоқ. Сондықтан комиссия 19 талапкердің нәтижесін жоюға шешім шығарды. Енді олар грантты тағайындау конкурсына қатыса алмайды. Бірақ бұл жағдай балалар тарапынан болғанын ескеріп, оларға жоғары оқу орындарында ақылы негізде оқуға мүмкіндік беріледі. Ал біз бейне­жазбаларды тексеруді жалғастырамыз. Бұзушылықтар анықталған жағдайда нәтижелер мен тіпті берілген гранттардың да күші жойылады», – дейді Наужан Дидарбекова. Орталық өкілінің сөзіне сүйенсек, маусым айындағы ҰБТ сертификаты жойылған талапкердің одан бұрын тап­сырған тестілеу нәтижелері күшінде қалады. Яғни, сол ұпайы арқылы ақылы оқу орнына тапсыруға құқы бар. Себебі мемлекеттік универдің ақылы  бөліміне оқуға  тапсыру үшін де 50 ұпай керек. Мысалы, жоғарыдағы ҰБТ нәтижесі жойылған баланың жағдайын қарастырсақ болады. Ол маусым айында 134 балл жинағанымен, наурыз айында 60 балл алған. Демек, 134 балл жарамсыз болғаны­мен, 60 балмен ақылы оқу орнына түсуге мүмкіндігі бар.

ҰБТ тапсырмай-ақ ұпай жинауға бола ма?

Жыл сайын ҰБТ тапсырудың қатаң­дағанын жаздық. Оқушылардың қандай атмосферада тест тапсырғанын білмек мақ­сат­та елордадағы тестілеу орнына бардық. Мә­­селен, Тәуелсіздік даңғы­лындағы тес­тілеу орталығында  кіреберіс­тен тексеріспен қарсы алып, жеке куәлігіңіз арқылы Face ID жүйесінен өтесіз. Одан ары қарай әр та­лап­кердің қолына логин-паролі, оты­ратын орны жазылған қағаз ұстатады. Сол жүйемен орныңызға барып жайғасасыз. Бірақ мұнымен шаруа бітпейді. Тестілеуді бастау үшін маңдай тұсыңыздағы камераға түріңіз бен жеке куәлігіңізді көрсетесіз. Камера мақұлдаса, компьютерге белгі береді. Ары қарай тест тапсыруды бастайсыз. Қателеспесем, әрбір 30-45 минут  сайын жоғарыдағы камераға қарап, тест тапсырып отырған өзіңіз екенін дәлелдейсіз. Одан бөлек, алдыңызда 4-5 парақ тұрады. Отыр­ған орынның тек бір адамға лайықталғаны тағы бар. Сол үшін анау-мынау артық қимыл жасау қиын-ақ. Ал мұндай жерде амалын тауып, шпаргалка қолдану қиынның қиыны екені даусыз. Сондықтан да ҰБТ нәтижесі жойылған оқушылармен тілдесіп көргіміз келді. Алайда ойлағанымыз жүзеге аспады. Себебі министрлік «оларға қатысты жеке мәліметті бере алмаймыз» деп кесіп айтты. Бір байқағанымыз, әлеуметтік желіде де оқушылардың аты-жөні немесе оқыған мектебінің аты ашық жарияланбағаннан кейін күмәнмен қарайтындар көп екен. Тіпті, «қайран миллиондар-ай» деп пікір қалдырған желі қолданушысын да кездес­тірдік. Мұның сыры неде екен деп іздес­тіріп көріп едік, мынадай бір мәліметке тап болдық. Мамыр айының ортасында мессендж­ерлерде «ҰБТ-ға кірмей-ақ 120 балды алып беремін. Құны – 1 миллион 300 мың» деген хабарламаның скриншоты жария­ланған. Қызмет ұсынушы талапкердің өзіне жеке куәлігін алып келсе жеткілікті екенін көр­сеткен. Одан кейін байланыс орнатушыға бұрын тапсырған тестілеудің нәтижесін жіберген. Тестілеу орны деген жерде Шым­кент қаласы Терешков көшесі деп жазылып тұр. Кейіннен осы жазбаны Бидос Қалшабек атты желі қолданушысы бөлісіп, «ҰБТ сау­дасы басталды. Шымкентте тестілеуге кір­мей-ақ, 120+ балл алуға болады» деп жазған. Жел тұрмаса шөптің басы қимыл­дамайтынын ескерсек, тестілеу қанша қатаң өтті дегенмен қолынан келгендер қоны­шынан басса керек. Бірақ неге даудың басы айналып Шымкентті табады? Себебі мұ­ғалім­дер арасындағы тестілеуден өте алма­ғандар да арада біршама уақыт өткен соң Шымкент немесе Түркістан облысында тест тапсырып, тиісті ұпайды жинап қай­тады екен.  Ол жерде расымен «бармақ бас­ты, көз қысты» әрекетке тыйым салын­баған ба?..

Айзат АЙДАРҚЫЗЫ