"Пандемия да соғыс": Ауған соғысының ардагері отандастарын вакцина алуға шақырды
"Пандемия да соғыс": Ауған соғысының ардагері отандастарын вакцина алуға шақырды
Бағлан Баяхметов жұбайымен. Фото жеке архивінен
289
оқылды

Ауған соғысының ардагері, Нұр-Сұлтан тұрғыны Бағлан Баяхметовтің айтуынша, қазіргі пандемия да соғыс сияқты, ондағы вируспен күресудің жалғыз жолы – вакцина. Ол отандастарын коронавирусқа қарсы вакцина алуға шақырды.

Бағлан Баяхметовтің жасы 60-тан асып кеткен. Отбасымен Спутник V вакцинасын алған.

"Қазір өзімді жақсы сезінемін. Барлық жерде вирус тарап, ауру көбейіп, күшейіп жатыр. Өзім Ауған соғысының ардагерімін. Бұл енді бүкіл әлем халқының басына түскен нәубет болғаннан кейін онымен бәріміз бірге күресіп, тоқтатуымыз керек. Сондықтан отандастарымды вакцина алуға шақырамын", – дейді ол. 

Зейнеткердің айтуынша, әлеуметтік желілердегі, мессенджерлердегі тарап жүрген вакцина туралы жалған ақпараттарды біреулер қасақана таратады. Ол ондай мәліметтерге сенудің қажеті жоқ екенін жеткізді.
"Коронавируспен күрестің жалғыз жолы – вакцина. Соны ешқандай қаңқу сөзге ермей, өз еркімізбен, саналы түрде алдық. Желілерде тарап жүрген жалған ақпараттың таралуын халыққа қастық ойлайтындардың ісі деп ойлаймын. Әйтпесе мемлекет вакцинаны халыққа тегін беріп қойып, өз халқына жау болмайды ғой", – дейді Бағлан Баяхметов.
Оның пікірінше, бүкіл әлем халқы дәрігерлердің сөзіне, ғылымға сенсе, бұл вирустан да жылдам құтылады.
"Менің достарымның бәрі дерлік вакцина алды. Ал жалған фактілермен оны жоққа шығарып жүргендерге бәрін түсіндіруге тырысамын. Кейбірі шындыққа жанаспайтын аргументтерін айтып, вакцинаға қарсы шығады. Вакцина алғандар да коронавирус жұқтыруы мүмкін, бірақ оларда ауру жеңіл өтеді.   Бәріміздің денсаулығымыз жақсы. Менде вакцинадан кейін ешқандай эффект болмады. Тек жұбайым екінші дозасын алған соң ағзасында сәл реакция болды. Ондайдың болуы да заңды шығар. Қазір жағдайы жақсы, – дейді Ауған соғысының ардагері Бағлан Баяхметов.
Айта кетейңе, елордада спорт жанкүйерлерінің вакцинацияны қолдауға арналған акциясы өтті. Пандемия басталғалы бері командалық және басқа спорт түрлерінің жанкүйерлері көп зардап шегіп жатыр. "Астана" футбол клубының жанкүйерлері тұрғындарды трибунаға оралып, сүйікті командасына қолдау көрсету үшін вакцинаны тезірек алуға шақырды. «Құрметті "Астана" клубының жанкүйерлері, сіздерді екпе алуға шақырамын. Өзім жанкүйер ретінде ойынды стадионнан көріп, жанкүйер болғым келеді, футболдың әдемі сәттерін өз көзіммен көрсем деймін. Астаналықтар мен қаламызға келген қонақтардың тезірек вакцинацияланғанын қалаймын. Осылай ғана біз пандемияны жеңеміз!» — деді "Астана" ФК жанкүйері Талғат Құсайынов.