Нұр-Сұлтан тұрғыны, фотограф Айтжан Мұрзанов №9 қалалық ауруханада вакцина алған. Ол жерлестерін вакцина алуға шақырды.
"Вакцинаны өмірлік қауіпсіздігім үшін алдым. Қазір жағдайым жақсы. Вакцина алсаң да вирус жұқтыруымыз мүмкін. Бірақ бізде ауру жеңіл өтеді. Сол үшін санитар нормаларын сақтап, көпшілік жерде бетперде киіп, сақтанып жүру керек.
Отбасымның барлық мүшесі де алды. Өзім фотограф болғандықтан бұрын түрлі көрмелерге баратынмын. Қазір карантин шектеуіне байланысты бәрі онлайнға көшті. Бұрынғы қалпымызға тез оралу үшін астаналықтарға тезірек вакцина алуға кеңес беремін", - деді ол.
Оның айтуынша, қазіргі таңда ауру өте жылдам тарап, вакцина алмағандар қатты ауырып жатыр. Ал вакцина алған азаматтардан вирус жеңіл өтіп жатыр.
Елордада "Астана" футбол клубының жанкүйерлері тұрғындарды трибунаға оралып, сүйікті командасына қолдау көрсету үшін вакцинаны тезірек алуға шақырды.
«Елде маңызды матчтар басталды, бірақ пандемияға байланысты олар жанкүйерлерсіз өтеді. Жанкүйерлерді трибунаға қайтару үшін барлығын екпе алуға шақырамын», — деді футбол фанаты Жамбыл Молдашбаев.
Айта кетейік, астанада екпенің бірінші компонентін 366 мыңнан астам адам алды, екі дозасын да толық 284 мың азамат алды. Бұл туралы Нұр-сұлтанның Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тимур Мұратов айтты.
Басқарма басшысының айтуынша, елордада екпе алған азаматтар арасында әр апта сайын бағалы заттар ұтысы ойнатылады. Бүгінде қала әкімдігі 35 бағалы сыйлықты ойнатты.