Емхана қызметкері коронавирусқа қарсы екпенің маңызын түсіндірді
Емхана қызметкері коронавирусқа қарсы екпенің маңызын түсіндірді
Гүлбаршын Қалмағамбетова. Фото жеке архивінен
256
оқылды

Нұр-Сұлтан қалалық №5 емханасының қызметкері Гүлбаршын Қалмағамбетова астаналықтарды коронавирусқа қарсы вакцина алуға шақырып, оның маңызын түсіндірді. Оның айтуынша, уақыт өткен сайын коронавирус жұқтырушылардың саны күрт артқан.

"Өзім вакцинаны алғашқылардың бірі болып, көктемде алдым. Содан бері ешқандай ауру мазаламады. Вирус жұтырып аламын деген де қорқыныш жоқ. Дегенмен, карантин талаптарына бағынып, санитар талаптарын сақтап жүремін", - дейді ол. Гүлбаршын Қалмағамбетова коронавирусқа қарсы вакцинаның қаншалықты маңызды екенін де айтты. "Коронавирусқа қарсы вакцинаның кері әсері туралы жалған фактілерге, ғылыми негізі жоқ сөздерге сеніп жүргендер бар. Олар екпені өздері де алмағанымен қоймай, басқаларды да алмауға шақырады. Бұл қоғамға жасалған қастық деп есептеймін. Екпе алғаннан кейін дене қызуының көтерілуі, әлсіздіктің болуы - заңды. Ағзаның ондай реакция беруі қалыпты. Одан қорқудың қажеті жоқ. Вируспен күрестің жалғыз жолы - осы болып тұр. Сондықтан барлық астаналықты коронавирусқа қарсы вакцина алуға шақырамын. Екпе алар кезде дәрігер пациенттің вакцинаға аллергиясы туралы деректерді анықтап алады. Пациенттің аллергиясы болған жағдайда аллерголог маманға жіберіледі. Аллерголог вакцина алуға болатыны немесе болмайтыны туралы шешім шығарады. Сол сияқты вакцина алғаннан кейін кез келген адам жарты сағат көлемінде дәрігердің қарауында болады. Осы аралықта аллергиясы болса тиісті көмек көрсетіледі», - дейді маман. Гүлбаршын Қалмағамбетованың айтуынша, кейінгі кезде вакцина алуға 50 және одан асқан Нұр-Сұлтан тұрғындары көптеп келе бастады. "Меніңше, бұл - азаматтардың дұрыс шешім қабылдауы, дәрігерлерге, ғылымға сенімі артқанын білдіреді. Үлкен жастағы азаматтардың вакцина алуға асығуы - қуантарлық жағдай. Себебі коронавирусқа көбіне егде жастағылардың иммунитеті қарсы тұра алмай жатады. Бұл жағдайда оларға жалғыз вакцина көмектеседі", - дейді Нұр-Сұлтан қалалық №5 емханасының қызметкері. Айта кетейік, астанада екпенің бірінші компонентін 366 мыңнан астам адам алды, ал 284 мың тұрғын екі дозасын да толық алды. Бұл туралы Нұр-сұлтанның Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тимур Мұратов айтты. Басқарма басшысының айтуынша, екпе алған азаматтар арасында әр апта сайын бағалы заттар ұтысы ойнатылады. Қала әкімдігі бүгінге дейін 35 бағалы сыйлықты ойнатты.