Санаққа 9 миллиард: көп пе, аз ба?
Санаққа 9 миллиард: көп пе, аз ба?
296
оқылды

Ұлттық статистика бюросы Қазақстанда өтетін ұлттық халық санағы туралы ақпарат таратты. Олардың айтуынша, пандемияға қарамастан бұл шара өтетін болады.

«Ол 2020 жылдан 2021 жылға шегерілді, бірақ енді кейінге ше­ге­руге болмайды. Санақты дайын­дау кезінде, әрине жағымсыз эпидемиологиялық жағдай ес­ке­ріл­ді. Барлық сұхбат алушылар бі­ріншіден, екпе алды, ал екін­ші­ден, жеке қорғаныс құралдарымен қамтылды», – деді ведомство өкілі. 2018 жылдан 2023 жылға де­йінгі Қазақстан халық санағының жиынтық бюджеті – 9 000 078,172 теңге. Санақшылар кейбір көрші елдерде жан басына шаққандағы халық санағы бұдан да қымбатқа шыққанын ескеру қажет деп отыр. Мәселен: Қырғыз Республикасы – 1,2 доллар, Әзербайжанда – 1,44 доллар, Ресейде – 3,6 доллар. «2018-2023 жылдарға арналған санақ бюджеті – 9,1 миллиард теңге. Яғни, бір адамға шамамен 1,1 доллар. 2009 жылмен салыстыр­ғанда санаққа үш есе (2,9 доллар­дан) аз ақша жұмсалып отыр», – дейді олар. Олар таратқан мәлімет бойын­ша, жалпы бюджеттің жартысынан көбі – 4,7 миллиард теңге сұхбат алушылардың еңбекақысына ке­теді екен. Санаққа 32 мыңнан аса адам тартылады. Олардың жала­қысы 83-125 мың теңге аралығында бо­лады. Сұхбат алушыларға арнал­ған планшеттерге 1 миллиардтан аса теңге жұмсалған. 27 412-ден аса жинақ сатып алынған, оның ішін­де планшет, қалам, қуаттағыш, қорғаныс әйнегі мен қорап бар. Бір жиынтықтың бағасы – 39 603 теңге. Планшеттер бірреттік са­нақ­тан кейін мектептер мен ауру­ханаларға берілмек екен. «Элек­тронды статистика» ақпа­раттық жүйесін жаңартуға шама­мен 1 миллиард теңге жұмсалмақ. «Ұлттық статистика бюро­сының 10 жыл күткен көлік паркін жаңартуға 475,4 миллион теңге жұмсалды. Статистикалық ақ­паратты жинау үшін олар үнемі жол жүруі керек. Бұл үшін сенімді, өтімді және қымбат емес көліктер қажет. Сондықтан таңдау елде құрастырылған «Нива» көлігіне түсті – 139 автокөлік. Әрқайсысы – 3,4 миллион. Тағы 410 миллион теңге – жиналған деректерді өң­деуге. Бұл сомаға 1999 және 2009 жылғы санақ мәліметін цифрлан­дыру да кіреді», – делінген бюро хабарламасында. Іссапар шығындарына 360 мил­­лион теңге бөлінген. Іссапар­лардың мақсаты – сұхбат алушы­ларды оқыту. «Бір қарағанда, бұл сома көп көрінеді. Бірақ егер оны 32 000 сұхбаттасушыға бөлсек, бір адамға бар болғаны 11 250 теңге болады», – дейді ведомство өкілі.

Нұрлан ҚОСАЙ