Таразды «кедергісіз қала» деп атауға бола ма? Қалада мүмкіндігі шектеулі жандар үшін қаншалықты жағдай жасалған? Қоларбамен жүретін азаматтарға арналған пандустар мәселесі шешімін тапқан ба? Осы және өзге де сұрақтардың жауабын алу мақсатында «Nur Otan» партиясы облыстық, қалалық филиалдарының Партиялық бақылау комиссиясы мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңес мүшелері қаладағы әлеуметтік нысандарға рейд жүргізді.
«Кедергісіз келешек» партиялық жобасы аясында ұйымдастырылған рейд барысында комиссия мүшелері №16 орта мектеп пен №45 гимназиясында, теміржол бекеті мен ауруханасында, облыстық жасөспірімдер кітапханасы мен қалалық тұрғын үй қатынастары бөлімінде болып, ғимараттардың ерекше қажеттілігі бар жандарға қолжетімділігін зерделеді. Аталған нысандарда арнайы пандустар орнатылғанымен, бірқатары талапқа сай келмейтіні анықталды. Сондай-ақ кей мекемеде мүмкіндігі шектеулі жандардың емін-еркін жүріп-тұруына жағдай жасалмағаны белгілі болды. Кемшіліктер бойынша мекеме басшыларына бірқатар ұсыныс айтылып, тапсырма берілді. Кедергісіз орта қалыптастыру бағытындағы бұл мәселе «Nur Otan» партиясының тұрақты бақылауында болады.А.ЖАСАНҰЛЫ