Қыркүйектен бастап ЖОО оқытушыларының жалақысы өседі
Қыркүйектен бастап ЖОО оқытушыларының жалақысы өседі
©А.Ахметқазы
356
оқылды

Білім және ғылым министрлігі баспасөз қызметінің мәліметінше, енді оқытушылар ай сайын кемінде 200 мың теңге жалақы алады. Аға оқытушының еңбекақысы кемінде 230 мың теңге, қауымдастырылған профессор – 260 мың теңге, профессор – 350 мың теңге (ұлттық жоғары оқу орындарында 400 мың теңге) алуға тиіс.

Штаттағы оқытушыларға минималды жалақы мөлшерін белгілеу туралы тиісті бұйрыққа білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов қол қойған. Оқытушылардың жалақысы өскенімен, керісінше, оқу жүктемесі төмендетілді. Бір ставканың максималды көлемі бір оқу жылында 680 сағаттан аспайды деп бекітілді. Бұл оқытушылардың ғылыми қызметпен айналысуына мүмкіндік беру үшін жасалып жатыр.

"Жоспарлы түрде оқытушылар үшін жайлы жағдай жасап, педагогтердің мәртебесі мен еңбекақысын арттырып жатырмыз. ЖОО оқытушыларының жалақысы да жоғарылайды. Осылайша, жоғары оқу орындары тарапынан сапалы жұмысты, ал оқытушылардан оқу процесіне жауапкершілікпен қарауды талап етеміз", – деді білім және ғылым вице-министрі Қуаныш Ерғалиев.

Енді әр университет жалақыдан бөлек, басқа да ынталандыру төлемдерін белгілеп, оқытушылардың белгілі бір жетістігі үшін қосымша ақы төлей алады.