Ауыр атлетикадан Қазақстан құрамасын жаттықтырған Алексей Ни ұлына Алпысбай деген есім берді

Ауыр атлетикадан Қазақстан құрамасын жаттықтырған Алексей Ни ұлына Алпысбай деген есім берді

Ауыр атлетикадан Қазақстан құрамасын 22 жыл жаттықтырған Алексей Ни ұлына Алпысбай деген есім берді, – деп жазады exk.kz. Ни ауыр атлетикадан Қазақстан құрамасын 1994-2016 жылдары баптады. 2016 жылы Рио Олимпиадасынан кейін қызметінен кетті. Нидің тұсында Қазақстан құрамасы ауыр атлетикадан Олимпиададан алты алтын, бес күміс, төрт қола медаль жеңіп алған.

— Алексей, Токио Олимпиадасы аяқталды. Қазақстан ауыр атлеттерінің нәтижесіне көңіліңіз толды ма?
— Екі спортшы барды, екеуі де жүлде әкелді. Оларға қандай кінә тағамыз. Артылған сенімді ақтады деп ойлаймын. Алтын алмағанымызды айтып тұрсаңыз, жалғыз ауыр атлеттер емес, басқаларына да алтын бұйырған жоқ. Қазақстан сегіз қола медальмен шектелді. Миллардтаған қаржы бөлініп жатқан боксшылардан чемпион шықпаса, бар-жоғы екі спортшы барған ауыр атлеттерден алтын күту қиын ғой.
— 22 жыл ұлттық құраманың бас бапкері болдыңыз. Енді немен айналысып жүрсіз?
— Осы күні Алматы қаласындағы Олимпиадалық даярлау орталығының ауыр атлетика бөлімінде қызмет етемін. Қызметім — бапкер-консультант. Білген түйген тәжірибемді жастарға үйретемін, ақыл-кеңесіммен бөлісемін. Дарынды жастар өте көп. Қазақстанда әу бастан бұл спорт түрінен дарынды балалар жетерлік. Қазірде олардың бір топ ізбасарлары өсіп келеді. Ұлттық құрамадан кеткен соң, көп уақытымды отбасыма арнайтын болдым.
— Отбасыңыз туралы айтсаңыз?
— Мен өзім үш рет отбасы құрған азаматпын. Кейбіреулер айтып жүргендей, ешкіммен көңілдес болып жүрген жоқпын. Заңды түрде үшінші рет үйленгенмін. Қазіргі жарымның есімі — Виктория. Өзім секілді кәріс ұлтының өкілі. Былтыр әйелім шекесі торсықтай ұл баланы дүниеге әкелді. Есімін Алпысбай деп қойдық. Өйткені мен алпыс жасқа толдым. Бірінші әйелімнен екі балам бар. Үлкен ұлым Владимир 34 жаста. Қазір шетелде тұрады. Кейіннен Айза есімді Қарағандының арғын руының қызына үйленгенмін. Одан Галина, Азалия есімді егіз қызымыз бар. Бөлек тұрсақ та, араласып тұрамыз.