Сыңғырла, күміс қоңырау!
Сыңғырла, күміс қоңырау!
700
оқылды

Ұстаздар мен оқушылар 1,5 жыл үзілістен кейін Білім күнін мектепте қарсы алады. Пандемияға байланысты көңілде күдік болса да, көп­шілігі мектепке баратынына риза.  Өйткені 1 қыркүйек ал­дындағы қарбалас, жаңа оқу жылына дайындық ата-ана мен балаға алабөтен қуаныш сыйлайтыны анық. Оның үс­тіне, биыл 1-сынып оқу­шы­лары «Әліппемен» қайта дос­тасып, «Ана тілін» парақтай­тын болды.

Біріншіге барамын

Биыл 3,6 миллионға жуық оқушы мектепке барады. Оның ішінде 380 мыңнан астамы 1-сы­ныпқа қабылданады. Мектептегі Білім күні іс-шарасына келсек, тек 1-сынып оқушылары үшін арнайы жиын өтеді. Қалған 2-11-сынып оқушылары үшін сынып сағаты ұйымдастырылады. Айталық, жаңа оқу жылының біршама ерекшелігі бар. Бірін­шіден, мектептер түгелдей сани­тарлық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Екіншіден, білім ошақтары Ashyq жүйесіне қосылған. Үшіншіден, оқушылар бастауыш, орта және жоғары сы­нып деп үшке бөлінеді. Бұл қалай десеңіз, әр топтың кіреберісі, үзілісі мен асханаға бару уақыты белгіленген. Мысалы, Алматы мек­тептерінде бастауыш сынып екінші сабақтан кейін, орта және жоғары сынып үшінші мен төртінші са­бақтан кейін асханаға барады. Әрқайсысына 20 минуттан үзіліс беріледі. Мектепке кіріп-шығу да осы тәртіппен жүзеге асады. Сон­дай-ақ еліміздің барлық өңірінде баласын онлайн форматта оқыт­қысы келетін ата-аналардың өті­ніші қабылданып жатыр. Бірақ нақты саны әзірге белгісіз. Иә, ата-ана үшін баласының мектепке барғаны ерекше қуаныш. Осыған орай халық саны тығыз орналасқан аймақтарда  1-сыныпқа баратын оқушы саны көп. Мәселен, Алматы облысында 47 мың бала мектеп табалдырығын аттаса, Шым­кентте 25 мың, елордада 24 мың оқушы біріншіге барады. Со­ның ішінде Нұр-Сұлтан қаласын­дағы контингенттің жыл сайын өсіп жатқаны тағы бар. Мысалы, өткен оқу жылында мектепті 7 мыңнан астам түлек бітірсе, жаңа оқу жылында 24 мыңға жуық оқушы 1-сыныпқа қабылданады. Жыл сайын мектеп табалдырығын аттаған оқушы­лардың саны түлектер санынан 3 есе асады. Осылай жалғаса берсе, 2030 жылға қарай Нұр-Сұлтандағы мектептерде 400 мыңға жуық оқу­шы білім алады. Әрине, бала санының көбеюі мектеп салу ісіне тікелей әсер етеді. Қала әкімінің айтуынша,  биыл шаһарда 15 жаңа мектеп бой көтереді. Яғни, 40 мыңнан астам оқушыға орын бар. Құрылыс сәтімен аяқталса, 2020 жылмен салыстырғанда жаңа мектеп саны 2 есе көбейеді. Мә­ліметке мән берсек, жаңа мектеп­тер­де айтарлықтай өзгешелік бол­мақ. Мәселен, оқушылар IT және STEM кабинеттерде оқушылардың 3D форматта объект жасап, ғы­лыми-техникалық білімін практи­када қолдана алады. Инклюзия, педагогикалық-психологиялық түзету кабинеттері де қоса жұмыс істейді.  Осылайша, алдағы 5 жыл ішінде елордада бас-аяғы 67 мектеп салу жоспарда тұр. Сонымен, 205 мың оқушысы бар Нұр-Сұлтан қаласында мұға­лім­дердің 99,7%-дан астамы, техникалық қызметкерлердің 98,9%-ы екпе алған. Барлық білім беру ұйымдарының Ashyq жүйесіне қосылғаны тағы бар. Елордадағы Білім басқармасының басшысы мектептердің жаңа оқу жылына сақадай-сай екенін айтты. «Дезинфекциялық іс-шаралар, ылғалды тазалау, үй-жайларды жел­дету және кварцтау, термометр, күн­делікті әлеуметтік қашықтық, мектеп мұғалімдері мен техникалық қызметкерлерді вакциналау, ауы­сымдық оқу процесін ұйымдастыру, асхананың, медициналық кабинет­тердің жұмыс режимі және бет­перде режимін сақтау жүргізіледі. Барлық білім беру ұйымдары сани­тарлық талаптарға сәйкес дезин­фекциялық құралдармен және дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етілген», – деді Нұр-Сұлтан қала­сы­ның бас санитар дәрігерінің орынбасары Жанна Пірәлиева.

Кварц сатып алу және акция

Мектептегі дезинфекция ша­расы да әлеуметтік желіде талқыға түсті. Өйткені ауыл-аймақтағы мектептерге, оның ішінде әр сы­ныпқа кварц, термометр, шелек, дозатор сатып алу жүктелген. Әри­не, мұғалімдер мұның бюджеттен бөлінетінін айтса да, басшылық ата-аналардан ақша жинауды талап еткен. Алайда орынбасарлар ата-аналардың әлеуметтік желімен жақсы дос екенін естен шығарған сыңайлы. Сол-ақ екен антисептик­ке дейін сатып алуға міндеттеген сома көрсеткіші жазылған қағаз желіні шарлап кетті. Осыдан кейін Білім басқармалары жауаптыларға қоңырау шалып, жинаған ақшаны таратып беруді тапсырған тәрізді. Осыдан-ақ ата-аналардың «мектеп басталды дегенше, ақша жинау басталды дей бер» деген сөзі еске түседі. Кварцқа ақша жинаудан кейін елді елең еткізген оқиға – мектепке дайындық акциялары. Түркістан облысының тұрғыны Ләззат Асанова Facebook желісінде аз қамтылған отбасы балаларына жыртық аяқкиім, үлкен өлшемдегі костюм-шалбар таратылғанын жазды. Айлуна Бүркіт есімді ата-ананың айтуынша, 7-сынып оқи­тын ұлына 52 өлшемдегі костюм-шалбар берген. Ақ көйлектің өл­шемі болса, 1-сынып оқитын ба­ла­ның өлшемімен бірдей. Жауап­тылар оған «Басқа жоқ, алсаң да, алмасаң да аласың» деген. Онымен қоймай «Өлшемі келмесе, той-то­малаққа апара саласыз» деп «демеу» көрсеткен. «Қаржы бөлуін бөледі, бірақ жауап­ты адамдар ретін келтіре ал­майды. 40 жыл ұстаздық тәжіри­бемде үнемі осындай келеңсіз жағ­дайды көріп келемін. Оқушы­ларға киім таратарда комиссия мүшесінде боламын. Жылдар бойы таратылатын киім сапасыз, оқу­шы­ларға шақ емес үлкен өлшемді киімдер, сапасыз күртелер, иісі шығып тұрған нашар аяқкиімдер келеді. Кейде тіпті әкелеріне шақ аяқкиімдер келгенін көрдік. Талай рет жиналыстарда «бөлінген ақша баланың ата-анасының жеке есеп­шотына аударылсын» деп ұсыныс айттым. Бұған назар аударып жатқан ешкім жоқ», – деген еді ұстаз Қадиша Елеунұрова. Иә, мұндай жағдай еліміздің кез келген өңірінде кездеседі. Бірде Нұр-Сұлтан қаласында тұратын көпбалалы ата-ана ха­барласып, киім алуға талон бер­генін, алайда акция жарамды дү­кен­дердегі киім­дердің сапасы на­шар екенін жет­кіз­ген. Осылайша, мектепке бара­тын төрт баласына талон жарайтын дүкендерден  іліп алар киім таппай қайтқан. Үкімет қаржы бөлмейді емес бөледі-ау, бірақ «тістегеннің аузында кете­тін» жағдаят көп.

Айзат АЙДАРҚЫЗЫ