Білім күні: биыл қанша бала мектепке барады?
Білім күні: биыл қанша бала мектепке барады?
Фото: twitter.com
1,166
оқылды

2021-2022 оқу жылында жалпы, 3,6 млн бала білім алады. Оның 380 мыңға жуығы 1-сыныпқа барады.

Жаңа оқу жылында 1-сынып оқушыларына арналған салтанатты жиын мектепте өтеді. Биыл мектеп табалдырығын аттаған балаларға «Әліппе» беріледі. Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринованың айтуынша, жаңа оқу жылында 7 400 мектепте 3,6 млн оқушы дәстүрлі форматта сабақ оқиды. Оның ішінде 380 мыңға жуық оқушы мектеп табалдырығын бірінші рет аттап отыр. Түлектер саны –165 мың. Жыл бойында 3,6 млн оқушыға жалпы 367,7 мың мұғалім білім береді. Оның ішінде 12 мыңнан астам мұғалім еңбек жолын енді бастайды. Елімізде 3 ауысыммен білім беретін 300-ден астам мектеп бар. Биыл 3,6 млн оқушының 2 223 455-і қазақ тілінде білім алады.

«Ана тілінде оқитын ұлты қазақ балаларының саны – 85%. Мектеп жасындағы ұлты қазақ балалардың саны – 2 568 068. Олардың 2 173 141-і қазақ тілінде оқиды» делінген ресми мәліметте.

Пандемияға байланысты білім беру мекемелерінің қызметкерлері және баланы білім ордасына алып келген адамдар мен студенттер Ashyq қосымшасын қолданады. Сыныпта бір бала ауырса, сол сынып ғана қашықтан оқиды. Ashyq арқылы тексерістен өткенде ата-анасының «қызыл» мәртебесі анықталса, студент немесе оқушы қашықтан оқиды.