Ғылымды дамытуға серпін береді
Ғылымды дамытуға серпін береді
279
оқылды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған «Халық бір­лігі және жүйелі реформалар – ел өр­кендеуінің берік негізі» атты Жолдауында елдің экономикалық және әлеуметтік-саяси дамуының маңызды бағыттарын белгілеп бергені анық. Ғылым саласының өкілі ретінде мені еліміздің ғылыми әлеуетін нығайту шараларына Мемлекет басшы­сының ерекше назар аударғаны қуантты.

Кез келген мемлекеттің дамуы үшін ғылым саласы айрықша рөл атқарады. Сондықтан Білім күнінде жасалған Жолдау аталған бағыттағы жұмысқа тың серпін берері сөзсіз. Өйткені Президент ғылым саласында жаңаша көзқарасқа жетелейтін басымдықтар туралы ашық айтты. Оның ішінде ғылымды дамытуға қатысты заңнамаға өзгерістер енгізу, еліміздің жетекші ғалымдарын лайықты жалақымен қамтамасыз ету, іргелі зерт­теу­лермен айналысатын жетекші ғылы­ми-зерттеу институттарын ашық іріктеу негізінде тікелей қаржыландыру және мемлекеттік гранттық қаржыландыру мер­зімін бес жылға дейін ұлғайту шара­лары көптеген ғалымды бейжай қал­дырған жоқ деуге болады. Бұл Президент тапсырмалары мемлекет тарапынан ғы­лымды қолдау шараларының жүйесін оң­тайландырып, экономиканың өсуіне әсер ететін ғылыми-зерттеулер мен инно­вациялар деңгейінің жоғарылауына ықпал етпек. Соңғы жылдары ғылымды дамытуға енгізіліп жатқан жаңа мүмкіндіктер мен атқарылған іс-шаралар туралы көптеген мысал келтіре аламыз. Мәселен, кейінгі екі жылда ғылымды қаржыландыру екі есе өсті. Өткен жылдан бастап Білім және ғылым министрлігінің ғылыми ұйымда­ры­ның базасын жаңарту мен нығайту үшін жаңа бюджеттік бағдарлама жұмыс істеп жатыр. БҒМ тарапынан ұйымдас­тырылатын гранттық және бағдарлама­лық-нысаналы қаржыландыру конкурсы жыл сайын өткізілетін болды. Ғалым­дарды, олардың ішінде жас зерттеушілерді қолдау үшін жеке бағдарламалардың енгізілуі де көңілге қуаныш ұялатады. Сон­дай-ақ БҒМ-нің қазақстандық ғы­лымның жаһандық бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған іс-шаралар ке­шенін ұсынатын 2025 жылға дейінгі ғы­лымды дамытудың тұжырымдамасын ғылыми қауымдастықпен ашық және өте белсенді талқылауы мемлекеттің ғылыми-зерттеулердің ауқымды дамуына мүдделі екенінің бірден-бір дәлелі. Мемлекет басшысы ғалымдардың алдына «уақыт талабына сай болумен қатар, әрқашан бір адым алда жүріп, тың жаңалықтар ұсына білу» міндетін қойды. Бұл кәсіби зерттеушілер қауымдас­тығының бүгінде қажет нәтижелерді ұсынуға қаншалықты дайын екеніне байланысты. Ал әлеуметтік-гуманитар­лық білімге келетін болсақ, ол әлеуметтік үдерістерді басқарудың және елдің рухани атмосферасын қалыптастырудың көп­теген құралының қажетті негізіне айналуы тиіс. Осы орайда БҒМ Ғылым комитетінің Философия, саясаттану және дінтану институты қазір елдің қоғамдық дамуы бойынша зерттеулерді жаңа сапалы деңгейге жеткізуге бағытталған «2025 жылға дейінгі трансформациялар страте­гиясын» жүзеге асыра бастағанын айта кетуіміз керек. Бүгінде әлеуметтік-саяси жаңғыру, ұлтаралық және конфессия­аралық қатынастарды дамыту, зайырлы және діни құндылықтардың теңдігі, тә­уелсіз Қазақстандағы ішкі саяси тұрақ­тылық қағидаларын жүзеге асыру тәжі­рибесі секілді өзекті мәселелер ғалым­дардың ерекше назарында тұр. Президент ел үшін ғылым саласының маңызын нұсқап, мемлекет қашанда ға­лымдарға қолдауды күшейте беретінін жеткізді. Енді ғылыми қауымдастық та заманауи сын-қатерлерге жауап беруге дайын екенін дәлелдей білу қажет деп есептеймін.

Шолпан ЖАМАНБАЛАЕВА, Философия, саясаттану және дінтану институты бас директорының орынбасары, әлеуметтану ғылымдарының докторы, профессор, ҚЖМ ҰҒА академигі