Облыс орталығындағы жеке үйлерді жыл сайынғы еріген қар және жерасты сулары басып қалу мәселесін шешу үшін жергілікті билік «Екінші Павлодар» шағын ауданында сорғы станциялары бар кәріз желілерінің құрылысын жүргізуде. Бұл азаматтардың Nur Otan партиясына өтінішінен кейін жүзеге асуда.
Нәтижесінде бүгінде құрылыстың 3 кезеңінің 2-і аяқталды, үйлерді ішінара қосу жұмыстары жүргізілуде. Ықшамауданның 17 көшесін қамту жоспарлап отырған кәріз желілерінің жобалық ұзындығы шамамен – 10 км. Сондай-ақ нұротандықтар атқарушы органдардың өкілдері, мәслихат депутаттары және шағын ауданның тұрғындары құрамына кірген жедел штаб құру туралы шешім қабылдады. Бүгінде 8 отырыс өткізілді.«Мамандар магистралды кәріз желілерін тексерді. Бірнеше жерде кәріз құбырлары бір-біріне жалғанбаған, сондай-ақ, тұтас құбырдың орнына көлбеуі сәйкес келмейтін бірнеше қысқа құбырлар орнатылған. Экономикалық тергеу департаментіне «DIKE» ЖШС мердігерлік ұйымына қатысты арыз жолданды. Жалпы, бұл мәселені шешу партия филиалының ерекше бақылауында болады», – деді партияның Павлодар қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Айгүл Мәлікова.
Еске сала кетейік, бұған дейін Nur Otan партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Байбек «Екінші Павлодар» шағын ауданының тұрғындарымен кездесіп, жеке үйлерді жыл сайынғы еріген және жерасты суларымен су басу мәселесін шешуді партиялық бақылауға алуды тапсырған болатын.