Франция одақтастарына қатты ренжулі. Аустралия Франциядан алдын ала келіскен 12 сүңгуір қайықты сатып алудан бас тартты. Оның орнына АҚШ-тан суасты қайықтарының басқа түрлерін сатып алмақ. Франция келісімшартты бұзған Аустралияны, бұл шешімге ықпал етіп, клиентті тартып алған Американы және тасада тұрып, жаңа әскери одақты құруға жанама себепші болған Ұлыбританияны айыптайды. Алайда бұл даудың бір басы Қытайға тіреледі. Неге?
Әңгімені әріден бастасақ, 2016 жылы Франция мен Аустралия келісімшарт жасасады. Ол бойынша, француздар аустралиялықтарға Barracuda санатындағы 12 дизель-электрлі сүңгуір қайық соғып беруі тиіс болған. Шарт құны ол кезде 31 млрд еуро еді, кейін 56 млрд еуроға дейін өсті. Келісім 50 жылға есептелген болатын. Егер қос тарап міндеттерін орындағанда француздың Naval Group компаниясы 2040 жылға дейін тапсырысты орындаушы еді. Құжатқа Аустралия тарапынан сол кездегі премьер-министр Малкольм Тернбулл қол қойды. Бір қарағанда, екі ел арасында берік әріптестік орнап, Франция олжаға кенелгендей болған. Алайда 2018 жылы билікке жаңа премьер келді, Скотт Моррисон. Екі үкіметбасы да Аустралияның Либералды партиясының өкілдері болса да, Моррисон биыл қыркүйек айында кезінде Тернбулл қол қойған келісімшартты бұзу туралы шешім қабылдады. Неге? Бірден-бір себеп – Аустралия, Ұлыбритания, АҚШ AUKUS атты жаңа әскери блок құруға шешім қабылдады. Қазіргі мәлімет бойынша, одақ Қытайдың Оңтүстік – Қытай теңізінде ықпалының артуына қарсы бағытталған. Әрине, бұл жөнінде ресми түрде жарияланбаса да, негізгі мақсат осы болып отыр. Яғни, жаңа әскери пакт аясында Аустралия француздың дизел-электрлі сүңгуір қайықтарынан бас тартып, оның орнына АҚШ-тың атом сүңгуір қайықтарын сатып алмақ. Қандай себеп болса да, Франция өз тарихындағы ең ірі әскери-өнеркәсіп келісімшартынан айырылып қалды. Сол себепті бірден Аустралия мен АҚШ-тағы елшілерін шақырып қалды. Британиядағы елшісі шақырылған жоқ. Халықаралық дипломатияда елшілерді уақытша болса да қайтарып алу радикалды шешімдердің бірі саналады. Оған қоса, ресми Париж өзінің наразылығын ашық жариялап, одақтастардан мұндайды күтпегенін жеткізді. Осы елдің Сыртқы істер министрі Жан-Ив Ле Дриан жергілікті БАҚ-қа берген сұхбатында: «Мен ашулымын, одақтастар бұлай жасамайды. Бұл арқамыздан жасалған соққы. Бұл – біржақты, болжанбаған, аяқасты қабылданған шешім. Месье Трамптың ісіне ұқсайды», – деп ызасын ашық жеткізіпті. Наразылықтың бір көрінісі ретінде Уашингтон қаласында Франция елшілігі Чесапик ұрысының 240 жылдығының құрметіне ұйымдастырмақ болған мерекелі іс-шара тоқтатылды. Аустралия да қарап қалмады. Олар жағдайдың осылай өрбитінін, Франциямен қарым-қатынасы бұзылатынын болжады. Бірақ премьер-министр Скотт Моррисон «Франция жақын одақтасымыз болып қала береді, мұның барлығын ұлттық қауіпсіздік мақсатында жасап отырмын», – деп мәлімдеді. Француз өнімінен бас тартудың тағы бір себебі – сүңгуір қайық бағасының о баста келісілген шектен екі еседей өсіп кетуі, 31 млрд еуродан 56 млрд еуроға бір-ақ шыққан. Оған қоса, қайықтарды жеткізу мерзімі де кешіктірілген. Бұдан бөлек, Франция дизел-электрлі типтегі өнім ұсынса, АҚШ атомдық суасты қайықтарын сатпақ. Әрине, соңғысының технологиясы күрделі есептеледі. Бүгінде атом сүңгуір қайықтары тек АҚШ, Ресей, Франция, Ұлыбритания, Қытай және Үндістанда бар. Аустралия бұл қайықты алғанымен, байытылған уранды өндірмеуге келіскен. Жалпы, атом сүңгуір қайықтары басқа типтегі қайықтарға қарағанда жылдамырақ, су астында ұзағырақ жүзеді және салмағы ауыр жүкті таси алады. Алайда келісімді бұзуға тек қайықтың мүмкіншіліктері ықпал етпеген секілді. Аустралия Қытайдың Үнді-Тынық мұхиты аймағында ықпалының артуына алаңдаулы. Өйткені Қытайдың әскери-теңіз флоты жыл өткен сайын күшейіп барады. Мәселен, қазір Қытайда суасты және суүсті қайықтарының саны 350-ге жеткен. АҚШ-та – 293. Тек сапа жағынан америкалық флот алда келеді, 11 атомдық авиатасымалдағыштың қуаты басым. Бірақ Қытай үшін бұл тек уақыт еншісіндегі мәселе сияқты, өйткені бұл типтегі ірі әскери кемелердің бірнешеуін құрастырып жатыр. Бұдан бөлек, бірнеше крейсер, эсминец, корветтерді соғуға кірісті. 2019 жылы Type 055 Renhai санатындағы алтыншы минатасымалдағышты пайдалануға берді. Мұндай флотқа ие Қытай ертең Аустралияға қауіп төндіруі мүмкін және оны қазіргі Франция құрықтай алмайтыны белгілі. Бұл тек АҚШ-тың қолынан келуі мүмкін. Ал егер Ұлыбритания жәрдемдессе, Аустралия тек қуанады. Яғни, неліктен америкалық қайықтардың таңдалғаны осыдан-ақ белгілі. Жалпы, құрамына Аустралия, Ұлыбритания, АҚШ кірген AUKUS әскери блогында үш елдің өз мүддесі бар екені анық. Аустралия теңіз арқылы шекараласатын «көршісі» Қытайдың күш-қуатына алаңдаулы. Ал АҚШ пен Ұлыбритания Батыс өркениетінің жетекші мемлекеттері ретінде Қытайды өз өңірінде тұсаулап, әлемдік державаға айналуының алдын алуды көздейді. Бұл мақсатта Тайуань мәселесін қолданбақ. Қытай Тайуаньды өзінің бір бөлігі санайды, бірақ тайуаньдықтар материктегі коммунистік Қытайға қосылғысы жоқ. 99 жылдан кейін Қытай құрамына қайта кірген Гонконгтың жағдайын былтыр көрді. Енді АҚШ Тайуаньды саяси тұрғыда қолдап, бірнеше халықаралық ұйымдарға мүше етіп жатыр. Бұдан басқа, әскери-теңіз флотымен де жарылқамақ. Әрине, Қытай AUKUS әскери блогының құрылуын қырғи-қабақ соғысының сарқыншағы, қару-жарақ жарысын қоздырушы бастама деп бағалады. Индонезия мен Малайзия да жаңа одақты сынға алды, олар өңірде қару-жарақ жарысы өрши ме деп қауіптенеді. Ал Тайуань АҚШ пен Аустарлияға алғыс айтты. Франция қыруар қаржыдан айырылған соң Аустралия бүкіл Еуропаның сенімін жоғалтты деп өз елінің емес, бүкіл континенттің атынан мәлімдеме жасап жіберді. Бұдан бөлек, Франция президенті Макронның Еуропаның қауіпсіздігін АҚШ-тан бөлек автономды түрде қалыптастыру керек деген ойының тағы бір рет дәлелденгенін еуропалықтардың есіне салып кетті. Жалпы, AUKUS әскери одағының пайда болуы, Аустралияның 12 сүңгуір қайыққа тапсырыс беруі, АҚШ-тың Тайуаньды жан-жақты қолдауы әлемдік саясатта ескі кикілжіңнің өршіп бара жатқанын көрсетеді. Негізгі себеп – Қытайдың қуаты артып келеді. Ал АҚШ пен Қытай арасындағы текетірес әскери-теңіз флот саласына көшсе, НАТО аясында Америка, Британия, Франция арасында жаңа дау басталды.Нұрмұхамед БАЙҒАРА