Жолы болмаған Жол картасы

Жолы болмаған Жол картасы

Кейінгі жылдары елімізде «Жұ­мыс­пен қамтудың Жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы жүзеге асы­рылып келеді. Бағдарламаға жыл сайын қазынадан қыруар қар­жы бөлінеді, ал ат­қарушы билік оған жұмыссыздыққа қарсы күресуге арналған үздік жоба ретінде шаң жуыт­пайды. Бірақ жағдай шын мә­нінде мақтанарлық емес? Неге?

Бағдарлама бойынша жұмысқа орналасқандар үш-ақ пайыз

Еңбекпен қамтудың 2020-2021 жыл­дарына арналған Жол картасының негізгі мақ­саты – халықты жұмыспен қамту, жұ­мыс­сыздықтың ушығып кетуіне жол бер­­меу және елді мекендердің инф­ра­құры­лымын дамыту. Бұл мақсаттарға был­тыр мемлекеттен көп ақша бөлінді – 1 трил­лион теңге! Үкімет пен бағдарлама әкім­шілері жариялаған ақпаратқа сенсек, Жол картасының шаралары республика бойынша 88 қала мен 1 901 ауылдық жер­лерді қамтыған. Соның арқасында 239 мың­ға жуық адам жұмысқа орналастыры­лып­ты-мыс. Шенеуніктердің сөзін тың­дасаң, аузыңды ашып, көзіңді жұмасың. Ал енді бұл сандардың сырына індетіп үңіл­сеңіз, жағаңызды ұстайсыз. Мәселен, жұ­мысқа орналасты деген 239 мың адам­ның тек 6 600-і ғана тұрақты жұмыспен қам­тылған, бұл 3%-дан аз. Жұмыссыз­дар­дың негізгі бөлігі 1-2, әрі кетсе, 3 айлық қыс­қа мерзімді маусымдық жұмыстарға жұ­мылдырылған. Сөйтіп, қысқа мерзім өт­кеннен кейін баяғы «таз қалпына» қайта түседі. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өткен Үкіметтің кеңейтілген оты­рысында Премьер-Министр Асқар Ма­мин «Жұмыспен қамтудың Жол кар­та­сы» мемлекеттік бағдарламасы биыл тағы жал­ғасын табатынын, оған бюджеттен 300 миллиард теңге бөлінетінін айтты. Нәти­же­сінде, 41 мың адам еңбекпен қамтылып, оның 28 мыңы тұрақты жұмыс орны бол­мақ. Мемлекет басшысы пандемия қаупі сейіл­мей тұрған кезде халықтың әлеуметтік хал-ахуалын төмендетіп алмау үшін мұн­дай шаралардың өте маңызды екенін айта келіп, тек сол ақшаның құмға сіңген судай ізім-қайым жоғалып кетпеуі керегін де ес­кертті. «Бағдарлама тұрғындарды жұ­мыс­пен қамту және іскерлік белсенділікті төмендетпеу тұрғысынан маңызды рөл атқарады. Алайда ондаған, жүздеген мың жұмыс орны ашылып жатқаны туралы ақпарлардың нақты жағдаймен сәйкес кел­мейтіні де анықталды. Көпшілік азамат тек қағаз бетінде жұмысқа орналас­тырыл­ған. Бірыңғай ақпараттық жүйеге кейбір адамның аты-жөні бірнеше рет енгізілген. Мұндай 15 мыңнан астам факт әшкере болды. Сондай-ақ жұмысқа орналастырыл­ды деген адамдардың үштен бірі зейнетақы қорына жарна аудармаған», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Бұл туралы мәселені мәжілісмендер де кө­терді. Олардың есебінше, «Жұмыспен қам­тудың Жол картасы» бойынша құрыл­ған жұмыс орындарының 86%-ы уақытша.

Қағаз жүзінде еңбекпен қамтылғандар

Сонда қалай болғаны?! «Еңбек және ха­лықты әлеуметтік қорғау министрлігінің есебіндегі адамдар жұмысқа құжат жүзінде ға­на орналасып, шын мәнінде жұмыс іс­те­мейді, не болмаса көлеңкелі экономикаға кеткен. Соның салдарынан азаматтардың кірі­сі есебінен бюджетке төленуі тиіс мем­лекеттік салық төленбейді және бұл олар­дың болашақтағы әлеуметтік төлемдері мен зейнетақы көлеміне кері әсер етеді»,– дейді Мәжіліс депутаты, «Nur Otan» пар­тиясы фракциясының мүшесі А. Нуркина. Мәселен, Қарағанды облысының ең­бекпен қамту орталығы аталмыш бағдар­лама бойынша маусымдық жұмыстарға орналастырдық деп тұрақты жұмысы бар адамдардың да, ортаңқол кәсіпкерлердің де аты-жөнін жазып жіберген. Кейінірек Антикор тізімдегі адамдардың нақты жұ­мыстарға орналастырылмағанын, тек қағаз жүзінде орналасқанын анықтады. Енді ақпарда еңбекпен қамтылды деп жалған көрсетілген осы адамдарға мем­лекеттен бөлінген жалақының қай қалтаға түсіп кеткенін құзырлы органдар тексере­тін болады. Мұндай мысалдар жалғыз-жарым емес, өте көп. Бағдарламаның қаржысы үне­мі және үздіксіз ұрланып отырған. Бас про­куратураның былтырғы есебінде, «Жұ­мыспен қамтудың Жол картасы» бағ­дарламасы бойынша жұмысқа орна­ластырылғандар жөнінде 6 мың жалған факті әшкереленгені айтылады. Жолы болмаған Жол картасы бойынша ақша табудың тағы бір тәсілі – атқарыл­маған жұмыстар үшін ақша алу. Мәселен, бағдарламаның кейбір әкімшілері ат­қарыл­маған жұмыстарды жасалды деп жалған акт толтырып, сол бойынша мем­лекеттің ақшасын тегін иемденіп отырған. Мы­салы, осы жылдың ақпан айында Ақ­мола облысы Бурабай ауданының авто­мо­биль жолдары және жолаушылар көлігі бө­лімінің бастығы жеке компанияның дирек­торымен сөз байласып, Жол картасы бағдарламасына бөлінген 106 миллион тең­гені жымқырып кеткен. Тергеу орган­дарының мәлімдеуінше, ол ақша Щучье қаласының жолдарын жөндеуге берілген, бірақ жол жөнделмеген, ал ақшаны әлгі екеуі жалған акті жасап, бөліп алған. Мұндай мысал көп. Алматы облысында да, Қарағанды облысында да осындай схе­мамен бюджеттің миллиондаған қаржысы қол­ды болған.

Кемшіліктен көз сүрінеді

Есеп комитеті «Жұмыспен қамтудың Жол картасы» бағдарламасына аудит жүр­гізген кезде бірқатар кемшілікті айқын көр­сетіп берді: адамдарды қысқа мерзімге (1-2 ай) жұмысқа орналастыру; жұмысқа ор­наластырылғандар бойынша монито­рингтің жасалмауы (еңбекпен қамтылды дегендердің 34%-ның зейнетақы жарнасы төленбеген); тіпті жүзеге асырылды деген жо­балардың өзі елді мекендердің инф­ра­құрылымын жақсартуға еш әсер етпеген. Тәуелсіз сарапшылардың айтуынша, «Жұ­мыспен қамтудың Жол картасы» бойын­ша құрылған жұмыс орындары не­гізінен құрылыс және тұрғын үй-ком­му­налдық шаруашылық салаларындағы жұ­­­­мысшыларға ғана ұсынылады, ол бұл саланың жоғары білікті мамандарының сұранысын ескермеген. Өйткені бағдар­лама әкімшілері тұрақты жұмыс орын­дарын құруға, инфрақұрылымды дамытуға мән беріп отырған жоқ, олар үшін ең бас­тысы, көрсеткішті көтеру маңызды. Жобалар бойынша жұмыстарды орындауда мердігерлерді қалай іріктеу жүр­­гізілетіні де түсініксіз. Мысалы, Пав­ло­дар облысында жұмыспен қамтудың Жол картасын іске асыруға қатысқан 97 субъектінің 82-сі салықшы есебінде сол облыста тіркелген, ал олардың 42-сінің ба­лансында жобаны жүзеге асыру үшін қа­жетті учаскелері, мүлік объектілері, кө­лік, тағы басқа негізгі құралдары жоқ. Бұл жағдайдан қаржылық және сыбайлас жем­қорлыққа қатысты заңбұзушылықтар болуы мүмкін деген болжам жасауға бо­лады. Жол картасының салық қайтарымы мәселесіне келсек, іске асырылған жоба­лар шеңберінде төленген салықтар бар бол­ғаны 5,5 млрд теңгені құрайды, яғни са­лық жүктемесінің коэффициенті 1% - дан кем. Яғни, бұл көрсеткіш те өте төмен. Сөйте тұра, осы осы сәтсіздіктердің бә­ріне қарамастан Жол картасы бойынша бір адамды жұмысқа орналастыру үшін бюд­жеттің 4 миллион теңгесі шығын­да­латынын естігенде шалқамнан түсе жаз­да­дым. Желге ұшқан қайран ақша! Бағ­дар­ла­маның нәтижесі өте төмен болса да, оны осы күйінде жалғастыра беру, сөйтіп бюд­жеттің миллиондаған қаржысын орынсыз шашу кімге тиімді? Қаржы министрлігі был­тырғы жылды қорытындылаған есе­бінде «Жұмыспен қамтудың Жол картасы» бойынша жалпы сомасы 7,2 миллиард теңгенің 20 мың заңбұзушылығын анық­таған.

«Еңбек» бағдарламасының нәтижесі де күмәнді

Әңгімеміз толымды болуы үшін ха­лық­ты жұмыспен қамтуға арналған тағы бір мемлекеттік бағдарлама «Еңбек» туралы аз-кем айта кеткен жөн. Ол бойынша 2020 жылы 131 млрд теңге бөлініп, кейін пан­де­мия кезіндегі шектеулерге байланысты жұ­мыс орындарын сақтау шараларын кү­шейту мақсатында тағы 50 млрд теңге қо­сымша қаржы қарастырылды. Еңбек жә­не халықты әлеуметтік қорғау министр­лігінің есебіне сенсек, былтыр аталмыш жо­баның арқасында 437 мың адам жұ­мысқа орналасқан, оның 319 мың тұрақты жұ­мыс орны көрінеді. Енді екі бағдарлама – «Еңбек» пен «Жұмыспен қамтудың Жол картасы» бағдарламаларының нәти­же­сін салыстырып қарайтын болсақ, ал­дыңғысына жалпы сомасы 181 млрд теңге бө­лініп, 319 мыңы азамат тұрақты жұмыс­пен қамтылған да, екіншісіне одан 5,5 есе көп, 1 триллион теңге бөлініп, 48 есе аз, яғни 6,6 мың азамат қана тұрақты жұмысқа ор­наласқан! Аталған цифрлардағы осы сәй­кессіздік күмәнді ойларға жетелейді әрі оның себеп-салдарын анықтауды талап етеді. Осыған орай Үкімет басшысы Асқар Ма­минге депутаттық сауал жолдаған бір топ мәжілісмен, «Nur Otan» партиясы фрак­циясының мүшелері «Еңбек» пен «Жұмыспен қамтудың Жол картасы» бағдарламаларының тиімділін арттырып, қа­ғаз бетінде емес, нақты іс жүзінде тұрақ­ты жұмыс орындарын көбейту керегін ай­тады. Сондай-ақ «Еңбек» пен «Жұмыс­пен қамтудың Жол картасы» бағдар­ла­ма­ларына қатысушы жұмыс берушілер мен жалдамалы азаматтардың міндетті са­лық тө­лемдері мен зейнетақы жарналарын тө­леу бойынша жалпы үкіметтік мони­торинг жүйесін қалыптастыру керегіне баса назар аудартады. Бұл жүйе міндетті зейнета­қы­лық жарналардың түсімін автоматты түрде тек­сере отырып, жалған жұмысқа орналасу тура­лы деректерді бірден анықтауы тиіс бола­ды. Мәжілісмендер егер кәсіпорындар мін­детті салық төлемдері мен зейнетақы жар­наларын төлеу бойынша қолданыстағы заң­дарды бұзатын болса, олардың атал­мыш мемлекеттік бағдарламаларға қаты­суы­на тыйым салынуы қажет деп санайды. Сөзімізді қорытындылай келе «Жұ­мыс­пен қамтудың Жол картасы» мемле­кет­тік бағдарламасы мен «Еңбек» бағдар­ла­масы о баста жоспарланған респуб­ли­каның инфрақұрылымын жақсарту, жұ­мыссыздықтың алдын алу жөніндегі мақ­сатына жете алған жоқ, ал оған бөлін­ген қыруар ақша қолды болды деп нақты айтуға болады.

Дәулет АСАУ