Қазақстанның ғалымдары жергілікті материалдарды пайдаланудың жаңа технологиясын жасап жатыр
Қазақстанның ғалымдары жергілікті материалдарды пайдаланудың жаңа технологиясын жасап жатыр
460
оқылды

Құрылыс материалдар өнеркәсібі - кез келген ел экономикасының ірі құрамдас бөлігі. Бүгінгі таңда Қазақстанда ғана емес, әлем бойынша құрылыс материалдары индустриясы белсенді дамып жатыр.

Еліміздегі «Бизнестің жол картасы - 2025» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасының басым бағыттарында да құрылыс саласында жергілікті материалдарға басымдық беру көзделген.  Сонымен қатар құрылыс саласының қарқынды өсуі «Нұрлы жер», «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламалары, Жұмыспен қамтудың жол картасы шеңберінде ауқымды инвестициялармен, ірі әлеуметтік-мәдени іс-шараларды іске асырумен негізделген. Осы орайда қажетті құқықтық база құрылып, бюджет қаражаты есебінен қаржыландырылатын жобаларға қазақстандық құрылыс материалдарын қолдану міндеттелген. Бұл  жол құрылысы саласында отандық материалдарды импорттық материалдарға негізсіз ауыстыруды азайтады. Ал, енді бәсекеге қабілетті өнім жасау үшін құрылыс материалдары өндірісінің қазіргі заманғы жаңа технологияларын енгізу –  бүгіннің өзекті мәселесі. Соңғы жалдары Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институты осындай басымдық берілген бағыттар бойынша жаңа технологияларды ұсыну мен қолданысқа енгізу бойынша ізденіс үстінде. Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институты биыл қолға алған жаңа технологиялардың бірі жол төсемесі құрылымында пайдаланылатын, нақтылап айтқанда жолдың негізгі қабаттарында қолданылатын табиғи беріктігі төмен тас материалдардың тұрақтылығын арттыру. Мысалы, Қазақстанның көптеген өңірінде, әсіресе батыс өңірінде құрылымы кеуек болып келетін, беріктігі төмен табиғи материалдар бар, мысалы: әктас, ұлутас. Табиғатта минералдар ешқашан табиғи күйінде кездеспейді, олардың қоспалары кездеседі. Сондықтан негізгі материалдар мен тастардың өзін химиялық құрамына қарап: қышқыл тас материалдар және негіздік тас материалдар деп бөлеміз. Негіздік тас материалдардың беріктігі жаңағы бірінші топтағы материалдарға қарағанда  төмен, кеуектігі жоғары болады. Мәселен, жол төсемесінің негізіне, яғни топырақтың үстіне салғанда ылғалды сіңіріп алып, қыста қатқан кезде бұзыла бастайды. Атап айтқанда циклдық тоңу-еру процесі кезінде тез бұзылады. Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институтының президенті, профессор Бағдат Телтаев осы жол құрылымына зиянды процестің алдын алатын жаңа технология жасап жатқанын мәлімдеді. – Біздің қазіргі жаңа технологиямыздың бірі – жол құрылысына қолданылатын кеуек тастың әр түйіршігіне ылғал кіргізбеу, яғни сыртына изоляциялық қабат жасау. Осындай ғылыми зерттеумен химия ғылымдары мамандарымен бірігіп  айналысып жатырмыз. Осы изолоциялық қабат жасаудың екі әдісін, яғни екі құрамын таптық. Сол екі құрам да алғашқы зертханалық зерттеулер кезінде оң нәтиже берді. Алдағы уақытта осы әдісті жартылай өндірістік жағдайда тас материалдарды химиялық қоспамен,  құраммен өңдеу жұмыстарын қолға аламыз. Сонымен қатар, осы  жаңа технологияның өміршеңдігін дәлелдеу мақсатында тәжрибелік жол телімін салуға ниеттеніп отырмыз. Салынған тәжрибелік жол теліміне біздің ғалымдар мониторинг жүргізіп, қажетті ұсыным жасайтын боламыз, - дейді институт басшысы. Сондай –ақ, жаңашыл ғалым Бағдат Телтаев бұл технологияның экономикалық тиімділігіне тоқталып өтті. – Бұл технология экономика жағынан өте тиімді, оны әсіресе, жергілікті жолдарда көптеп қолдануға болады. Мысалы Батыс Қазақстан аймағын алатын болсақ, Ақтөбе облысындағы Бершігүрде орналасқан карьерден басқа еш жерде беріктігі жоғары тас материалдар жоқ. Неге Маңғыстаудағы әк тастарды жол құрылысына қолданбасқа? Біріншіден, тасымалдау шығындары азаяды. Екіншіден, қымбат  тасымал материалдарға деген тәуелділіктен арыламыз, - дейді ғалым. Кез келген құрылысты салу кезіндегі экономикалық тиімділік көбіне құрылыс материалдарын дұрыс қолдану мен таңдауға байланысты, ал оны алыстан арбаламай, жергілікті  материалдарға ауыстыру – күн тәртібіндегі мәселелердің бірегейі. Жалпы жол саласында жергілікті материалдарда қолдану – ел экономикасына оң әсер ететіні сөзсіз. Отандық ғалымдар ойлап тапқан жаңа технология өндірісте қолданысқа енгізілсе, жол саласындағы негізгі мәселелердің бірі шешілетініне сенім білдіруге болады.