Әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы Португалияны жеңе ме? Игита жауап берді
Әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы Португалияны жеңе ме? Игита жауап берді
378
оқылды

Футзалдан Қазақстан құрамасының қақпашысы Игита әлем чемпионатының ширек финалында Иран құрамасын қалай жеңгенін және Португалия құрамасы туралы пікірін білдірді. Футболшы бұл туралы Sports True YouTube арнасына берген сұхбатында айтты.

Игита бірінші кезекте жанкүйер болған қазақстандықтарға алғыс айтты.

"Қазақстандықтардың энергиясы бізді жеңіске итермеледі. Олар біздің жеңгенімізді қатты қалады ... Ширек финалдан кейін қазақстандықтар да, бразилиялықтар да құттықтап, жазып жатыр, бірақ оларға жауап жазуға қазір мүмкіндігім жоқ, бәріне алғысым шексіз", – деді футболшы.

Игита Иран құрамасына қарсы ойынның қалай болғанын айтты.

"Бәрі біздің алаңда қалай ойнайтынымызды көрді. Енді мойындайтын болды. ... Екінші таймды ең болмағанда есепті теңестіру керек деген жоспармен бастадық. Барымызды салдық. 2:0 болып жеңіліп жатып, допты ойынға қосайын деп жатқанымда Дәурен Нұрғожин "бауырым, уайымдама, олар шаршады, біз жеңеміз" деді. Дәурен қандай кезде де эмоциясын мықты ұстай алатын жігіт, сол үшін одан мұндай сөз естігенімде шынымен бір өзгерістің болатынын сездім. ... Ойын кезінде нашар өнер көрсеттік деп ойладым. Бірақ кейін видеодан қарағанымда біз өте жақсы ойнағанымызды білдім", – деді Игита Қазақстанның Иран құрамасына қарсы ойыны туралы.

Ол журналистің "Қазақстан құрамасы ӘЧ-ның кубогін жеңе ала ма?" деген сұрағына жауап берді.

"Сен сұрап едің, бірден толқу басталды. "Кубок аламыз" деу қиын, құрама жеңіс үшін бар күшін салады. ... Португалия құрамасы Испанияға қарағанда әлдеқайда мықты. Иә, реванш болғанын қалайсың. Дегенмен қиын болатыны анық. Олар кейінгі әлем чемпионатында жартылай финалға дейін шықты, бір рет ӘЧ-ның қоласын жеңді. Сондықтан Португалия құрамасы өте жоғары деңгейде дамып жатыр. Дегенмен Қазақстан құрамасы да осал емес, біз де жылдан жылға күшейіп келеміз", – деді футболшы.

35 жастағы Игита Рио-де-Жанейрода туған. Қазақстанда тұрып жатқанына 12 жылдан асқан. Ол "Қайрат" футзал клубының қақпашысы. Айта кетейік, футзалдан Қазақстан құрамасы 2016 жылы әлем чемпионатының 1/8 финалында Испания құрамасынан жеңілді. 30 қыркүйекте Қазақстан құрамасы әлем чемпионатының жартылай финалында Португалия құрамасымен ойнайды.