Ауыл кәсіпкерлерін сорлатқан субсидия

Ауыл кәсіпкерлерін сорлатқан субсидия

Әдетте субсидия отандық өн­дірісті қолдаудың тиімді құ­ралы ретінде қолданылады. Алайда демеуқаржы ереже­лерінің бұлыңғырлығы мен ойын тәртібінің ұдайы өзгеріп отыруы осы игі мақсаттың берекесін қашырып біткен.

Ресми дерекке сүйенсек, мем­лекет агроөнеркәсіп кешенін да­мытуға деп соңғы бес жылда жеңіл­дікпен берілетін несие мен суб­сидияға 2,9 триллион теңге бөліпті. Бірақ осы ақшаның бірталайы діттеген жеріне жетпей, ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кет­кен. Мәселен, 2018-2020 жылдар ішінде мемлекеттік бағдарламаны іске асыруға қатысты 144 қылмыс­тық іс қозғалған, оның 57-сі сы­байлас жемқорлық қылмысқа қатысты. Ал субсидияны жымқыру бойынша 87 сотқа дейінгі тергеу жүргізілген. Оның барысында 2,1 миллиард теңгеден астам шығын келтірілгені анықталды. Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы халыққа арнаған Жолдауында агроөнеркәсіп кешеніне қатысты қоз­ғалған қылмыстық істердің жар­тысынан астамы субсидияны талан-таражға салуға байланысты екенін қынжыла жеткізе отырып, «бұған жол беруге болмайды» деп қадап айтқан еді. Бұл мәселені жақында Сенат депутаты, «Nur Otan» партиясының мүшесі Андрей Лукин Үкіметке жолдаған депутат­тық сауалында тағы көтерді. «Агро­өнеркәсіп кешені саласында жал­ған келісімшарттар жасалып, шын­дыққа жанаспайтын ақпарат бері­летіні жасырын емес. Соның сал­да­рынан қаншама қаржы желге ұшып жатыр. Субсидия беру меха­низмі ашық емес және ережелері де жетілдіруді қажет етеді. Дәл осы себептен бұл саланы сыбайлас жем­қорлық жайлаған. Оған жем­қорлық істерінің көптігі дәлел», – деді ол.

Береген қолым алаған

Әлбетте, мемлекеттік субсидия­ны жымқырған суық қолды жыл­постар міндетті түрде жазалануы тиіс. Бірақ бізде әдеттегідей «ар­тық қыламын деп тыртық қылды» демекші, құзырлы органдардың кәріне жемқорлар емес, ең бірінші шағын шаруашылығын күйттеп жүрген қарапайым фермерлер ілікті. Прокуратура 100-ден астам шаруаны 5 млрд теңге мемлекеттік демеуқаржыны заңсыз алды деп айыптап, бастарына әңгіртаяқ ойнатып отыр. Сөйтіп, субсидия шаруаның басына сор болып жабысқан. Бұл туралы Қазақстан кәсіп­керлерінің құқын қорғау жөніндегі өкілетті өкіл Рүстем Жүрсінов мә­лім етті. Оның айтуынша, проку­ра­тура республиканың барлық 17 өңірін­дегі әкімдіктерге агро­өнеркәсіптік кешен субъекті­ле­рінен миллиардтаған сома субси­дияны өндіріп алу туралы нұсқау түсірген. Осыған байланысты жер­гілікті Ауыл шаруашылығы бас­­қар­малары субсидияға бөлінген қаржыны жаппай қайтарып алу әрекетіне кіріскен. «Ауыл кәсіпкерлерінен субси­дияларды өндіріп алуға мемлекеттік аудиторлардың қорытындысы негіз болды. Сол бойынша 100-ден астам фермердің қазынаға 5 миллиард теңгені қайтаруы мін­деттелді. Мен бұл шешімді күмәнді әрі шаруашылық субъектілері мемлекет мүддесіне нұқсан келтірді деген айыптау орынсыз деп санай­мын. Себебі демеуқаржы мемле­кетке тиесілі «Аграрлық кредиттік корпорацияға» тікелей аударылған. Яғни, бюджет қаржысы мемле­кеттік заңды тұлғаның өзінде қалды», – дейді Рүстем Жүрсінов. Бұл жерде бар түсінбеушілік субсидия алу шартының бұлың­ғырлығынан туындап отыр. Мәсе­лен, құқық қорғаушының айтуын­ша, кәсіпкер жылыжай кешенін салатын болса немесе қолда­ныста­ғысын кеңейткісі келсе, Qoldau ақпараттық жүйесіндегі №17 жоба паспортын таңдауы шарт. Бірақ бұл тармақта шаруаға қажетті құрал-жабдықты субсидиялау жайы қарастырылмаған, тек «жылыжай құрылысы» және «жылыжайды ке­ңейту» функциялары көрсетілген. Сондықтан фермерлер Qoldau жүйесінде өтініш қалдырғанда «құ­рылыс» деген тарауды белгілеген. Ал «Аграрлық кредиттік корпора­ция» кредиттік комитеттің ше­ші­мінде заемның нысаналы мақсаты ретінде «құрал-жабдықты сатып алуды» көрсеткен. Тек­серушілердің кәсіпкерлерге тағып отырған жалғыз айыбы – осы. Мұны енді «тырнақ ішінен кір іздеу» демеске лажың жоқ. Бизнес-омбудсмен сол себепті Бас прокурор Ғизат Нұрдәулетовтің атына хат жазып, ауыл кәсіпкерлері субсидияны заңсыз алды деген айыптау бойынша жүргізілген тек­серіс нәтижелерін қайта қарауды сұраған.

Демеуқаржының шарты оңтайландырылса...

«Аграрлық кредиттік корпо­ра­ция» АҚ-ның «жемазық шығын­дарының құнын арзандату» бағыты бойынша субсидия алған ақтөбелік фермер Данияр Отарбаевтың да басындағы жайт осыған ұқсас. Оның орта кәсіпкерлік ныса­нына жататын шаруашылығы төрт түлікпен, сондай-ақ дәнді және бұршақ дақылдары және жемшөп өсірумен, сүт және сүт өнімдерін өндірумен айналысады. Фермерге 2020 жылдың соңында қолындағы 1 432 сиырдың жемазығы үшін мемлекеттен қомақты демеуқаржы берілген. Оның шарты бойынша кәсіпкер бағымындағы мал басын табиғи өлім-жітімді санамағанда, басқадай жолмен төмендетпеуге міндеттелген. Егер мал басының сақталуын қамтамасыз ете алмаса, субсидияны қайтарып беруі тиіс болған. Әйтсе де, жағдай әрқилы болады емес пе, қаржылық қиын­шылықтарға байланысты ол ма­лының 339-ын сатуға мәжбүр болыпты. Биыл шаруашылыққа тексеру жүр­гізген Мәртөк аудандық про­куратурасы сол үшін кәсіпкерден 5,9 миллион теңгені қайтаруды талап еткен. Фермер көрсетілген соманы қайтарып берген. Бірақ құзырлы орган оған қанағаттанбай, қосымша тағы ақша төлеуді мін­деттеген. «Прокуратура төлеген ақшадан басқа, тағы 30 миллион теңге субсидияны қайтаруды талап етіп отыр. Олардың бұл ісін әділетсіздік деп санаймыз. Мен былтыр 1 432 сиыр үшін субсидия алсам, биыл мал басын 1 523-ге жеткіздім. Яғни, сойған, сатқан сиырдың орнын толтырып қана қоймай, оны 91 басқа көбейттім. Бірақ Үкімет оны есепке алмайды. Себебі субсидия нақты сиырларға берілген. Ол дұрыс емес. Егер мемлекеттің де­меуқаржысы нақты бір сиырға белгіленбей, кәсіпорындағы жалпы аналық мал басына бекітіліп берілсе, онда қолындағы мал санын көбейткен фермерлерге субси­дияны кері қайтару талабы қойыл­мас еді», – дейді Д.Отарбаев. Өкінішке қарай, мемлекеттен субсидия берілгенде шарт бойынша әр малдың жеке нөмірі бекітіліп, құлағына белгі-сырғасы тағылады. Ал нөмір тағылған сиыр сойылып-сатылып кетсе, оған тағайындалған демеуқаржы қайтарылуы тиіс. Бұл жерде нөмір тағылған сиырдың кәрі ма, жас па, ол енді төлдей ме, төлдемей ме ол жағы ескерілмейді. Егер кәсіпкер мал басын көбейту үшін кәрі сиырдың орнын жаңадан туған жас қашар-құнажындармен алмастырса, бұл заңбұзушылық болып саналады. Мұндай логикаға сыйымсыз жағдайда фермерлер мал басын қалай көбейтпек? Бұл асылтұқымды мал өсірумен айна­лысатын басқа да фермерлердің басындағы жағдай. Оның үстіне, біз мысалға келтіріп отырған   ­Д.Отарбаев сатқан 339 сиырдың 19-ы ғана асылтұқымды және қазір бұлардың бәрі аман, ел ішіндегі басқа фермаларда бағылып, олар­дың малдарды асылдандыруға қатысып жатыр. Жоғарыда ай­тылған жайттардың бәрін қоры­тындылайтын болсақ, проку­ратураның фермерден субсидияны кері қайтарып алу туралы талабы жөнсіз. Кәсіпкер лауазымды тұл­ғалардың мал шаруашылығын дамытуға кедергі келтіретін осын­дай шалағай шешіміне наразы.

«Ойын тәртібінің» өзгеруінен опық жеді

Ал қостанайлық фермерлер биыл мемлекеттің субсидия беру шартының өзгеруіне байланысты демеуқаржыдан қағылған. Түсінікті болуы үшін мәселені басынан бастайық. 2016-2017 жылдары облыстың Федоров ауданындағы асылтұқымды мал басын өсіруші   ­­3 000-ға тарта шаруа өзара бірігіп, жеті ауыл шаруашылығы коопера­тивтерін құрған, сөйтіп мемле­кеттен берілетін субсидияға қол жеткізген. Бірақ 2021 жылғы 13 шіл­де күні асылтұқымды мал ша­руа­шылығын дамытуды субсидия­лау талабы өзгеріп, бұдан былай кооперативтер жеке мүлкі бар заңды тұлға түріне жатқызылған. Бұл жерде кооперативтердің балан­сындағы мал-мүлік жекелеген ша­руалардың жекеменшік мал бас­тары негізінде құралған бірлестік екені ескерілмеген. Аталған Ереже­нің 5 формасында селекциялық және асылтұқымды мал өсірушілер мемлекеттен субсидия алу үшін кә­сіпорынның есептік нөмірін көр­сетуі тиіс, ал кооперативтерде он­дай нөмір жоқ. Өйткені шаруа­шы­­лықтар бір бірлестікке бірік­кенімен, әркім өз малын өзі жеке ұстап, жеке бағады, сондықтан қол­даныстағы заң бойынша жеке шаруа­шылықтардың бәріне ортақ бір нөмір берілмейді. Бұл жағдайды осы құжатты қабылдаған лауазым­ды тұлғалардың түсінбеуі, білмеуі мүмкін емес. «Сөйтіп, Ауыл шаруашылығы ми­нистрлігі субсидиялаудың құ­қық­тық-нормативтік актісіне өз­герту енгізу арқылы асылтұқымды мал басын өсірушілерді демеуқар­жыдан қағып отыр. Қалыптасқан қағида бойынша барлық құқықтың актілеу жобалары ұлттық кәсіп­керлік палатасында және қоғамдық ұйымдарда сараптамадан өтеді. Бірақ мұнда ауылшаруашылық кооперативтеріне қатысты мәсе­лелер үстірт қаралғаны және бұл жобаларды кәсіби тұрғыдан сара­лай алатын маманның болмағаны көрініп тұр. Өйткені Үкімет тара­пынан қабылданып жатқан барлық іс-шаралар ауыл шаруашылығы кешені субъектілерінің жұмысын жақсартуға бағытталуы тиіс еді, ал біздің жағдайда министрлік шы­ғарған шешім керісінше фер­мер­лерге кесірін тигізіп тұр»,– дейді кооператив төрағасы Мырзахмет Өксікбаев. Айта кетейік, асылтұқымды мал өсіруші 3 000 шаруа бүгінге дейін Үкімет берген субсидияны қолда­рындағы аналық сиырлар мен төл­дерін көбейту үшін жаратып кел­ген. Бұл қаржы негізінен жемшөп сатып алуға жұмсалатын. Өйткені кооператив шаруашылықтарының көпшілігінде өздеріне тиесілі жеке шабындықтары мен жайылымдары жоқ, әрі малдың қоңдылығын ке­міт­пей ұстап тұру үшін диірмен­дер­ден жем сатып алу, түрлі дәрумен беру қажет. Мұның бәрі қыруар ақша, мемлекеттік субсидия осы керектердің бір бөлігін ғана жа­батын, ал қалған ақшаны шаруа адамы өз қалтасынан шығаратын. Ал Ауыл шаруашылығы министр­лігінің фермерлері осы демеуқар­жының өзінен айырылып отыр. Фермерлердің енді шаруашы­лық­тарын шайқалтпай ұстап тұруы үшін малдарының бір бөлігін саудаға шығарып, сойып сатудан басқа амалдары қалмаған. Сөйтіп, құзырлы органның ойланбай жа­саған қадамынан асылтұқымды мал басының бірталайы пышаққа ілінетін түрі бар.

Дәулет АСАУ