Парламент Мәжілісінің депутаты Жұлдыз Сүлейменова жаңа мектептер құрылысына кедергі болатын үш мәселені көтерді. Депутат ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Әлихан Смайыловтың атына сауал жолдап, мектеп құрылысына қатысты 3 ұсыныс айтты.
Жұлдыз Сүлейменованың айтуынша, орта білім беру объектілерінің құрылысына қажет қаржы жеткілікті мөлшерде бөлінбей келеді. Оған себеп мектеп құрылысының жан басына шаққандағы норматив есептеу әдістемесінің ескіруі."Қазір мектептер құрылысына жан басына шаққандағы нормативті есептеу әдістемесі 6 АЕК базалық тарифіне негізделген. 2019 жылы үшауысымды, апатты мектептерді және оқушы орындарының тапшылығын жою мақсатында мектептер салуға арналған базалық норматив республикалық бюджет комиссиясының шешімімен Үкіметтің қаулысына сәйкес 6 АЕК-ден 9 АЕК-ге дейін көтерілген. Яғни, 6 АЕК базалық тарифі мектеп құрылысын салуға жеткіліксіз екені 2019 жылдың өзінде белгілі болған. Осы кезге дейінгі есептеулер ескі нормативтермен жүргізіліп келеді. Биыл жалпы сипаттағы трансферттерден 200 мектептің құрылысына 95,7 млрд. теңге көзделген. Қосымша қаражат 53 млрд. теңге жұмыспен қамтудың Жол картасынан бөлінген, - деді депутат.Депутаттың айтуынша, қаражаттың аймақтарға дер кезінде жеткізілмеуінен 13 мектеп мерзімінен кеш берілмек. Бюджеттің дұрыс жоспарланбауы салдарынан жергілікті атқарушы билік органдары мектептерді уақтылы эксплуатацияға енгізуде қосымша қаражат іздеуге мәжбүр. [caption id="attachment_164739" align="aligncenter" > Жұлдыз Сүлейменова. Фото: Ж.Жұмабеков[/caption]
«Ең өкініштісі, жаңа бюджеттің жобасында осы жағдай қайталанып отыр. Мәселен, келесі жылға 200 мектептің құрылысына жалпы сипаттағы трансферттерден 104 млрд. теңге көзделген, бұл өткен жылмен салыстырғанда 44 млрд. теңгеге аз. Тек құрылыс материалдары бағасының 30%-ға өскенін ескерсек, бүгіннің өзінде бұл қаражаттың жеткіліксіз екені айтпаса да түсінікті. Қаражат тапшылығы кем дегенде 50 млрд. теңгеге жетті», - деді Жұлдыз Сүлейменова.Депутат мектептердің құрылысына қатысты екінші мәселені де айтты. Оның пікірінше, солтүстік және шекара аймақтағы өңірлерде де мектептер салу проблемасын оңтайлы шешу маңызды.
"Мектептердің құрылысына арналған трансферттерді есептеудің қолданыстағы әдістемесі оқушылардың контингентіне сүйенеді. Әрине, бұл - өте әділетті шешім. Дегенмен, бүгінде өнеркәсібі дамып, "Еңбек" мемлекеттік бағдарламасымен қоныс аудару қарқынды жүріп жатқан солтүстік және шекара аймақтағы өңірлерде де мектептер салу проблемасын оңтайлы шешу маңызды",- деді ол.Nur Otan партиясы фракциясы мүшесінің айтуынша, екінші мәселе - мектеп құрылысы стандарттарының ескіруі және мектептер салуға арналған типтік мемлекеттік жобалардың болмауы.
"Құрылыс стандарттарының жаңартылған білім мазмұны, инклюзия білім негіздеріне сай жетілдіру, сапалы білімге барлық оқушының қолжетімділігін қамтамасыз ету қажет. Nur Otan партиясы фракциясының мүшесі ретінде ҚР Үкіметіне 1000 мектепті салу жөніндегі кешенді іс-шаралар жоспарын қабылдауды, келесі жылдан бастап мектептер құрылысына 9 АЕК базалық тарифін енгізуді, сонымен бірге мектептерді құру стандартын өзгертуді ұсынамыз. Салынатын жаңа мектептер білім саласындағы жасампаз өзгерістерге жауап беруі қажет", - деді Парламент Мәжілісінің депутаты Жұлдыз Сүлейменова.Айта кетейік, Мемлекет басшысы 3 қыркүйектегі Жолдауында мектеп санын 800-ден 1000-ға жеткізуді тапсырған еді. Оның дерегінше, 2025 жылға қарай елдегі оқушы саны шамамен миллионға жуық болады.