«Nur Otan» партиясының «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір» сайлауалды бағдарламасының Жол картасында аграрлық секторды дамыту бойынша нақты тармақтар көрсетілген. Оның жүзеге асырылуын ШҚО мәслихатындағы «Nur Otan» партиясы фракциясының депутаттары мен қоғамдық кеңестің мүшелері бақылауда ұстайды.
6 қазан күні Zoom платформасы арқылы онлайн режимде «Nur Otan» партиясы Шығыс Қазақстан облыстық филиалы жанындағы аграрлық секторды дамыту бойынша өңірлік Қоғамдық кеңестің отырысы өтті. Жиын барысында азық-түлік қорларын қамтамасыз ету және әлеуметтік маңызы бар өнімдер бағасының өсуіне жол бермеу, сондай-ақ ішкі нарықты отандық тағамдармен толықтыру бойынша қабылданып жатқан шаралар талқыланды. «Облыс аумағында 44 әлеуметтік дүкен және 465 әлеуметтік бұрыш жұмыс істейді, онда негізгі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары ең төменгі сауда бағамен сатылып жатыр. Осыған орай жергілікті ауыл шаруашылығы өндірушілерге өз тауарларын үстеме бағасыз өткізу үшін тұрақты негізде 576 жеңілдікті сауда орны беріледі», – деді ШҚО Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы мемлекеттік сауда саясатын іске асыру бөлімінің басшысы Анна Жанайдарова. Оның айтуынша, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының негізсіз өсуіне жол бермеу бойынша тұрақты түрде өңірлік штабтардың отырыстары ұйымдастырылады. Жыл басынан бері мұндай 234 отырыс өткен. Сондай-ақ санитарлық-гигиеналық талаптарды сақтай отырып, жүйелі түрде ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері өткізіледі. – Бағаларды ұстап тұру және ішкі нарықты әлеуметтік маңызы бар азық-түлікпен қамтамасыз ету мақсатында биыл Семей қаласында майлы дақылдарды қайта өңдеу зауытын, жұмыртқа бағытындағы құс фабрикасын және көтерме-тарату орталығын салу бойынша үш инвестициялық жоба іске асырылды. Сондай-ақ жыл соңына дейін Глубокое ауданында майлы дақылдарды қайта өңдеу кешенінің құрылысы бойынша 1 жоба және Өскемен қаласында ірімшік өндірісін кеңейту бойынша 1 жоба пайдалануға беріледі,– деді жиынға қатысқан ШҚО Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысы орынбасарының міндетін атқарушы Ертай Қуанышбаев.Дәулет АСАУ