Оқушылардың 11 пайызы кей пәнді қашықтан оқып жатыр
Оқушылардың 11 пайызы кей пәнді қашықтан оқып жатыр
Сурет: depositphotos.com
558
оқылды

Республика бойынша 300-ге жуық мектепте кей пәндер қашықтан оқытылып жатыр. Бұл мектептің үш ауысымды болуы және оқушылардың денсаулық жағдайымен байланысты, – деп мәлімдеді Білім және ғылым министрлігі мектепке дейінгі және орта білім комитетінің төрайымы Гүлмира Кәрімова. Бұл туралы Informburo.kz порталы жазды. 

"Ата-аналар, мұғалімдер және жалпы қоғамның қалауымен елдегі мектептердің басым бөлігінде штаттық форматта оқу жоспарлы түрде жүзеге асып жатыр. Санына келетін болсақ, мектептердің 86%-ға жуығы штаттық форматта білім беруде. Әрине, бұл қуантарлық жағдай. Өйткені, оқу жылының басталуы мен бүгінгі күннің есебін алсақ, бізде цифр өзгермеді. Әлбетте, штаттық форматта білім алу сөзсіз ыңғайлы. Әсіресе, 1-сынып оқушылары үшін. Олар жаз уақытында мектепке баруға қатысты көп ойланған болатын. Ата-аналар да министрлікке көптеген сұрақ жолдады. Оқушы мектепке барған кезде сыныптастарымен бірге бір сыныпта отырып, мұғалімнің қандай екенін көреді, осының өзіндік ерекшелігі бар. Ең бастысы, бұл білім сапасына үлкен оң әсерін тигізеді", – деді Гүлмира Кәрімова.
Мұнымен қатар, комитет төрайымы кей мектептерде пәндер қашықтан оқытылып жатқанына тоқталды. Бұл бірінші кезекте мектептің сыйымдылығына байланысты.
"Елімізде 300-ге жуық мектепте кей пән қашықтан оқытылып жатыр. Олар үш ауысымды мектептер. Мектеп қуаты мен сыйымдылығына байланысты осылай болды. Оқушылардың 11%-ы қазір кей пәнді осылай қашықтан оқып жатыр. Сондай-ақ, оқушыларымыз денсаулық жағдайына қарай және ауырғандармен байланыста болғандар да осылай білім алып жатыр", – деді Гүлмира Кәрімова.
Еске салсақ, Мысыр университетінің қазақстандық студенттерге грант санын 2 есе арттырғаны туралы хабарлаған едік. Оқу орнының басшылығы Қазақстан тарабының наурыздағы ұсынысына орай оң шешім қабылданғанын хабарлады.