Жаңа заң: адамнан мал қадірлі ме?
Жаңа заң: адамнан мал қадірлі ме?
©А.Ахметқазы
681
оқылды

Мәжіліске даулы заң жобасы түсті. «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы». Құжат «ит төбелестірудің» көлеңкелі бизнесін құртып тынбақ, оған түпкілікті тыйым салынады. Бірақ елде асылтұқымды иттер өсіру ісі дәл осы кәсіп арқасында өркен жайғаны мәлім. Жоба мал­ды сабауға жол бермейді, бұл қазақтың бәйгесіне нұқсан келтірмей ме? Алайда шенділердің дельфинарийлерге көңілі иіпті, адамның ықтиярына сөзсіз бағынып, акробаттық күрделі элементтерді орындауы үшін су жануарына зомбылық жасалатынын министрлік ескергісі келмеді.

Қоғамдық инспектор қоқан-лоқы жасамай ма?

Мәжіліс «Жануарларға жауап­кершілікпен қарау туралы» заңы­ның жобасын жаңа ғана жұмысқа қабылдап алды. Алда төменгі па­латада жұмыс тобы құрылып, онда депутаттар, мүдделі меморгандар өкілдері және қоғам белсенділері құжатты пысықтауға кіріспек. Дегенмен Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі бұл істі жеделдетуге ниетті. Заң қабылданбай жатып, ведомство­ның Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті кеше оған қатысты бірнеше норматив­тік-құқықтық актіні қоғамдық талқылауға шығарды. Арасында «Жануарларға қарау саласында қоғамдық бақылау жүргізу, сондай-ақ азаматтарға жануарларға қарау саласындағы қоғамдық инспекторлардың куәліктерін беру тәртібін бекіту туралы» бұйрық жобасы назар аудартады. Бұйрыққа бас эколог Серікқали Брекешев қол қойы­сымен, кез келген адам «жануар­ларға қарау саласындағы қоғамдық инспектор» атанып, тиісті куә­лікке қол жеткізе алады. Оған мемлекет өзгелердің жануарларға қаншалықты жауапкершілікпен қарап отырғанын тексеруге уә­кілеттік береді. Қоғамдық инспектор өзіне ұнамаған адамын жазалай алады: оның түсірген фотосуретіне не бейнежазбасына құзырлы орган тиісті ден қоюы шарт. Бұл ретте фото, видео фейк, монтаж болып шықса, инспекторды жазалау қағидаларда көрсетілмеген. Ал инспектор-белсендінің камерасының объективіне түсіп қалған адам біраз азап пен тау­қы­метке түсуі ықтимал: оған 3 мил­лион теңгеге дейін айыппұл са­лы­нуы мүмкін. Бұған қоса, оның бұл қылығы жайында жергілікті әкім­діктен бастап Үкіметке дейін ха­­бардар болады: «Қоғамдық инс­пек­тор қорытынды құжатты мем­лекет­тік билік органдарына, жергілікті өзін-өзі басқару орган­дарына, мемлекеттік және муни­ципалдық ұйымдарға, жекелеген жария өкі­леттіктерді жүзеге асы­ратын өзге де органдар мен ұйым­дарға қарауға жібереді. Қоғамдық бақылау нә­ти­желері міндетті түр­­де қаралуға жатады» делінген қағидаларда. Бас экологтің бұйрығы жоба­сында және ұсынылып отырған қағидаларда қоғамдық инспек­тордың тұлғасына қойылатын бірде-бір талап жазылмаған. Егер ол қылмыскер, бопсалаушы, пара дәметуші болса ше? Тіпті, жем­қорлығы не басқа да қылмыстары үшін сотталғандар инспектор бола алмайды деген бір сөз жоқ. Оның үстіне, биік лауазымды шенеунік пен меморганның мөрі қойылатын ресми куәлік кім кө­рінгенге берілуі ықтимал. «Қоғам­дық инспектор ретінде көмек көрсетуге ниет білдірген азамат Орман шаруашылығы және жа­нуарлар дүниесі комитетінің ау­мақ­тық органына қоғамдық инс­пектордың куәлігін беру туралы өтініш береді. Өтінішке жеке ба­сын куәландыратын құжаттың көшірмесі; өлшемі 3x4 см екі түрлі-түсті фотосурет қоса беріледі» де­лінген. Куәлік беру үшін осы жет­кілікті екен.

Адам сабағаннан мал сабаған жаман ба?

Сарапшылар бір көңілсіз бай­ламға келді: Қазақстанда адамнан гөрі малдың қадірі болғаны ма? Себебі адамға қарағанда малды сабағанға көбірек айыппұл са­лынады. Екі жыл бұрын отбасы­лық озбырларға жазаның жұмсар­тылуы қоғамда үлкен резонанс тудырды. Қазір Әкімшілік ко­декс­тің «Отбасы-тұрмыстық қаты­нас­тар аясындағы құқыққа қарсы әрекеттер» деп аталатын атышулы 73-бабына сәйкес, отбасын ой­рандаушылар енді ескерту жасау­мен не 5 тәулiкке әкiмшiлiк қамақ­қа алумен құтылады. Ал 73-1-бап­қа сәйкес, «Қысқа немесе ұзақ уа­­­қыт­қа еңбек қабілетін жоғалту­ға әке­летін, ден­саулыққа қасақа­на зиян келтіру» 15 АЕК (43 755 теңге) айып­­пұлмен жа­за­ланады. Ал жануарларды азаптағандар­ға жаза 120 АЕК-тен (350 мың тең­геден) басталып, 1 000 АЕК-ке (2 млн 917 мың теңгеге) дейін ба­рады. Келесі жылы АЕК мөлше­рінің 3 063 теңгеге дейін көтері­луі­не бай­ланысты айыппұл сомасы 3 миллион теңгеден аспақ.
Жасыратыны жоқ, адам­дар­дың, әсіресе үй жануарларына қа­талдық, қатыгездік танытуы бұ­­рыннан бар. Айталық, кеңес кезінде адамға өшін жазықсыз жануарлардан алып, ішіне ине, қармақ салынған ет не нанды аш итке тастап, қинап өлтіретіндер болды. Балаларды қорқыту үшін жасалса керек, кейде мектеп аула­сындағы турникке мысықтың өлек­сесін асып кететін. Ондай де­ректер газетте жазылмайтын.
Қазір әлеуметтік желі арқасын­да осындай деректер фото және басқа айғақтарымен жұртқа жария етіледі. Елорда тұрғыны Василиса қызымен келе жатқанда биік тұрғын үйдің жоғары қабатының бірінен лақтырылған мысықтың алдына топ етіп құлағанын әңгі­меледі. «Мысықтар қалай құласа да, төрт аяғымен тік түседі» деген стереотип шындыққа жанаса бермейді. Василиса миы шашылып қалған жануардың қиналып өлгенін және оны қызының көргенін айтты. Жануардың қай терезеден тасталғанын аңғара алмай қал­ғанына өкінеді. Жаңа заң осындай жауыздардың табанына тас қою үшін жазылған.

Тіршілік иесі – өмірдің киесі

Экология вице-министрі Әлия Шалабекованың айтуынша, жаңа заң жобасын қабылдаудағы мақ­сат – жануарларға адамгерші­лік­пен, мейіріммен қарауды құқық­тық реттеу, адамның бойына жа­нашырлық, қайырымдылық сияқ­ты ізгі қасиеттерді қалыптастыру. Жаңа заң жобасы бірнеше жаңашылдықты қамтиды: бі­рін­шіден, жануарларға қатынасты реттеу өкілеттіліктерін мемор­гандар арасында бөледі, яғни құзырбөліс жүреді. Екіншіден, жануарларды ұстауға және тасы­малдауға, сондай-ақ өсіруге және ветеринариялық қызмет көрсетуге қойылатын жалпы талаптарды белгілейді. Үшіншіден, жануар­лар­ға қатыгез қарым-қатынасты насихаттауға тыйым салады. Сонымен қатар жекелеген са­наттағы жануарларды, мысалы дельфин, піл, маймыл, тышқан, бас­қасын мәдени және ойын-са­уық, эксперименттік-зертханалық, қызметтік мақсатта, үй жағдайында ұстау, қараусыз, қаңғыбас жануар­ларға қарау кезінде қойылатын талаптар анықталған. «Қоғамдық инспекторлар» ұғымын енгізу ұсы­нылған. Ең бастысы, жаза түрлері ен­гізіледі. Әлия Шалабекованың түсін­діруінше, жануарлардың өмірі, денсаулығы және амандығы үшін иесінің жеке жауапкершілігі көзделген. Егер адамның жануарға жасаған қатыгездігінде қылмыстық жазаланатын іс-әрекет белгілері жоқ болса, әкімшілік жаза қолда­нылады. Егер қаскөйлік жануар­дың өліміне әкелсе, қылмыстық жаза тағайындалады. «Жануардың өліміне әкеп соқ­қан құқықбұзушылық үшін жаза қатайтылды: 120-дан 200 АЕК-ке дейін, ал қайталап бұзған кезде 1 000 АЕК-ке дейін айыппұл салы­нады не 1 жылға дейін бас бос­тан­дығынан айырылады. «Жануар­лар­ға жауапкершілікпен қарау туралы» заң жобасын қабылдау Қазақстанның прогрессивті, за­манауи мемлекет ретіндегі имид­жін нығайтады. Барлық тіршілік иесіне адамгершілікпен қарауға мүмкіндік береді», – деді экология вице-министрі.

Қазақстанның «киелі жануарлары» бекітілмек

Заң жобасының «экзотикалық» тұстары да бар: ол осы күйде қа­был­­данса, Қазақстанда ит пен мы­сықты жеуге тыйым салынбақ. Ал бұлар Корея, Қытай сияқты бірқатар азиялық елде жеңсік ас саналатыны белгілі. Түсініксізі сол, Қызыл кітапқа енген жануар­ларды жеуге еш шектеу қойыл­майды. Әйтпесе, ауқаттыларға арналған мейрамханаларында киік еті, тасбақа сорпасы, акула­ның жүзбеқанаты үлкен сұранысқа ие. Ал бұлар – Қызыл кітаптің «тұр­ғындары». заң «Министрлік етін тамаққа пай­далануға болмайтын жануарлар­дың тізбесі жобасын әзірледі. Оған біз үйде ұсталатын барлық үй жа­нуарын қосып отырмыз. Бұлар – ит, мысық, аламан (хомяк), ақ тыш­қан, тотықұс», – деді Алия Ша­лабекова. Біраз адам үйінде ұсақ балықтарды ұстайды, алайда оны жеп қоюға рұқсат сияқты: тізбеге балық кірмеген. Әлеуметтік желіде пікір білдір­ген қазақстандықтар мұны Үндіс­танның тәжірибесіне балады: үнді елінде сиыр «қасиетті жануар» деп танылған және оның етін жегендер заң бойынша қатаң жазаланады. Яғни, Қазақстанда ит, мысық, ала­­ман, ақ тышқан, тотықұс – «қа­сиет­ті жануар» атанбақ деп әжуа­лайды әзілқойлар. Олар сондай-ақ ауқатты адамдардың үйлерінде жолбарыс, қабылан, қолтырауын ұстай­тынын да бас экологтің есіне салды. Оларды жеуге неге тыйым жоқ? Дегенмен Экология минис­трінің орынбасары аталған тізім әлі нақтыланып жат­қанын жет­кізді. Толығуы мүмкін. Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифинг кезінде журналистер нақтылаушы сұрақ қойды: сонда құзырлы органдар азаматтың үй жануарын жеп қой­ғанын қалай біледі? Оны анық­таудың бірнеше тетігі бар көрінеді. Біріншіден, үйінде жануар ұстай­тын әрбір адам оны тіркеуге қоюға міндеттелуі мүмкін. Екіншіден, қоғамдық бақылау жүргізіледі. «Қараусыз жануарларды пана­ларда ұстау қағидаларында бір талап болады: азамат үй жануарын панадан асырап алса, онда пана өкілдері ол жануарға қандай кү­тім жасалып жатқанын, жаңа жағ­дайда оның өзін қалай сезі­не­тінін тұ­рақ­ты түрде тексеріп тұра алады. Өйт­кені бір адам панадан иттерді жеу үшін алып келген жағдай болды. Ал сатып алынған немесе сый­ға тар­тылған жануар­ларға кел­сек, бұл жерде көрші­лердің қыра­ғылығы қажет болады. Егер көр­ші­ңізде бұрын ит бол­ға­нын, бір күні оның жоғалып кет­кенін, бірақ көр­­ші­ңіз­дің оны іздеу бо­йынша шара қа­был­дамағанын байқаса­ңыз, онда сіз белсенділік таны­ту­ға тиіс­­­сіз», – деді Экология вице-министрі. Бұл жағдайда жануарды ұстау стандарттарын бұзу қатыгездікке теңестіріледі және тиісінше, жаза тағайындалады. Үшіншіден, әрбір үй жануарын міндетті чиптеуді енгізу жоспарланған. Заң жобасында иттер төбе­ле­­сі­не толық тыйым салынады, тек ит­пен саятшылық құруға рұқсат. Бірақ аңшылыққа арналған иттер арна­йы алаңда жаттығудан өтуі керек. «Жануарларға анестезиясыз операция жасауға тыйым салады деп жатыр. Әдетте сиырға, қой-ешкіге ұсақ операция, тұяғын қа­шау, аяғына кірген үшкір заттарды алып тастау, құрттау, атты тағалау және басқасы еш анесте­зиясыз жа­салады. Сол үшін енді бізді жа­залай ма? Сонымен бірге жануарға уақытылы көмек көрсетпегені үшін де жауапкершілік қарасты­рылыпты. Бұл заңның ақыры ауыл шаруашылығын тоқыратуға әкеліп соқтырмасын», – дейді фермер Бексұлтан Серікбаев. Ол герефорд сиырларын сатып алғанда тағылымдамадан өту үшін АҚШ-қа барғанын айтады. Сонда Американың кейбір штатында құзырлы органдар «қартайдың, жануарларға тиісті күтім жасауға қауқарың жоқ» деп жалғызілікті фермерлердің малын тәркілейтінін біліпті. Жаңа заңды қалқан етіп, бізде әлдекімдер шаруа қожалық­тарын рейдерлік басып алу әре­кетін жасамай ма деген алаңдау­шылығын білдірді. Ел тарихында алғаш рет қа­был­данғалы отырған заң жоба­сын­да шикі, түсініксіз, болашағы бұ­лың­ғыр тұстар жетерлік. Үкімет Пар­­ла­менттің екі аяғын бір етікке ты­ғып, тықақтамай, асықпай ­пы­­­­сық­таса жөн. Жануарларға аяу­шы­лық та­­­нытпайтын жеке­леген қас­кү­нем­дер үшін жалпақ жұртты жа­залаудың қажеті бол­маса керек.

Айхан ШӘРІП