Қазақстан 2022 жылы ТМД елдерінің білім беру саласындағы ынтымақтастық кеңесіне төрағалық етеді
Қазақстан 2022 жылы ТМД елдерінің білім беру саласындағы ынтымақтастық кеңесіне төрағалық етеді
©news.mail.ru
604
оқылды

Қазақстан 2022 жылы ТМД елдерінің білім беру саласындағы ынтымақтастық кеңесіне төрағалық етеді. Сондай-ақ елімізде ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің мұғалімдері мен білім беру саласы қызметкерлерінің VII съезі өтеді.

Мұндай шешім биыл Арменияда өткен ТМД елдерінің білім беру саласындағы ынтымақтастық кеңесі отырысының қорытындысы бойынша бірауыздан қабылданды. Оған Қазақстан, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Армения, Беларусь, Тәжікстаннан кеңес мүшелері, сондай-ақ ТМД Атқарушы комитетінің өкілдері мен басқа да шақырылған тұлғалар қатысты. Қазақстанның атынан ҚР БҒМ Білім және ғылым саласында сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрайымы Гүлзат Көбенова барды. Талқылау барысында кеңеске қатысушы елдер Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің жоғары және орта білім беру жүйесіндегі жұмысын атап өтті. Мәселен, жаңа білім беру бағдарламаларын енгізу, академиялық адалдықты қамтамасыз ету шеңберінде қабылданған заңнамалық нормалар, педагогтердің жалақысын жоғарылату, білім беру жүйесіндегі кадрлардың біліктілігін арттыру бойынша жұмыс, сондай-ақ білім беру процесінде цифрлық технологияларды пайдалану үшін заңнамалық нормаларды жетілдіру.

«Отырыста күн тәртібіндегі 19 мәселе талқыланды. Қатысушы елдердің білім беру саласындағы ынтымақтастығы бойынша мемлекетаралық бағдарламалар мен жоспарлары бекітілді. Енді мемлекеттер білім алушылар және ғылыми-педагогикалық қызметкерлер арасында өзара алмасу бойынша жұмысты кеңейтіп, жоғары оқу орындары арасындағы ынтымақтастықты арттырады, сонымен бірге білім беру саласындағы өзара іс-қимылдың мемлекетаралық бағдарламаларын жасасады. Сондай-ақ интернет-ресурстарды пайдалана отырып, мемлекетаралық ақпарат алмасу ауқымын кеңейту, білім беру бағдарламаларын ілгерілету бойынша бірлескен іс-шаралар өткізу туралы шешім қабылданды», — деді Білім және ғылым саласында сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрайымы Гүлзат Көбенова.

Қазақстанда өтетін ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің мұғалімдері мен білім беру саласы қызметкерлерінің VII съезінің тақырыбы пандемиядан кейінгі кезеңдегі білім беру процесінің жаңа болмысы мен трансформациясына арналады.