"Бүйрегімді сатамын". Қазақстандықтар "қара базарда" ағзасын қаншаға саудалап жатыр?
"Бүйрегімді сатамын". Қазақстандықтар "қара базарда" ағзасын қаншаға саудалап жатыр?
Коллаж: А.Ахметқазы
3,523
оқылды

Жақында киберсарапшылар даркнетте Қазақстан азаматтарының дербес дерегі сатылып жатқанын айтып, дабыл қақты. "Қара базардағы" мұндай сауданы тоқтату үшін киберқауіпсіздікті күшейту керек. Ал онда қазақстандықтардың өзі ағзасын сатып жатса, не істеу керек? Aikyn.kz даркнетте ағзасын саудалап жатқан азаматтармен байланысып көрді.

"Қара базардан" ағзасын сатқысы келетіндерді табу қиынға соқпады. "Бүйрегімді сатамын", "Шұғыл, сыйақыға донор боламын" деген хабарламалардан көз сүрінеді. Ресейлік "Донорлар базасы" деген сайттан 20 шақты қазақстандықты тауып үлгердік, "ары қарай" батырмасын баса берсек, ресейліктердің арасынан 19-35 жас аралығындағы талай отандасымызды табуға болады. Олардың көбі бір бүйрегін немесе бауырының бір бөлігін сатпақшы.  width=  width=

Солардың бірі - Гүлжан (есімі өзгертілді). Оның айтуынша, 26 жастағы құрбысы бүйрегін сататыны туралы хабарлама беруін өтінген. Құрбысы Тараздың тумасы, тұрмысқа шықпаған. Ол бүйрегін 5,5 млн теңгеге сататынын айтты.

[caption id="attachment_166640" align="aligncenter" width="810"]донор, тараз Хабарлама скриншоты[/caption]  width= Қоңырау шалғанымызда Гүлжанның өзі де Алматының бір тұрғынына бүйрегін сатқанын айтты. Ота А.Н.Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығында болған.

"Өзім де 2019 жылы бір бүйрегімді әйел кісіге бердім. Қазір жағдайым жақсы. Операциядан кейін күтіну керек. Бірақ ауруханада екі аптадай жата алдым. Мұны заңдастыру үшін ол кісінің бауырымен заңды түрде некелестік. Міне, жақында ажырастық. Сіздің де ініңіз немесе ағаңыз болса, құрбыммен некелеседі. Сосын нотариусқа барып "жеңгесімін, бір бүйрегімді беруге келісемін" деген құжат жасатамыз", – деп жауап берді ол.

Ал талдықорғандық Алексей (есімі өзгертілді) хабарландыруды telegram-да былтыр қаңтарда жариялаған. Мессенджерден жазғанымызда, бастапқыда интернетте бүйректің 125 млн теңгеге сатылып жатқанын айтты. Бірақ оған шұғыл ақша қажет болғасын, бүйрегін 50 млн теңгеге сататынын айтты. Ол бұл ақшаға қарызын жауып, үй сатып алмақшы. Одан қалай заңдастыратынын сұрағанымызда "нотариусқа барып, өз еркіммен беретініміді жазып беремін", – деді. продам почку Даркнетте хабарландыру бергендердің көбі Алматыдан, Нұр-Сұлтаннан болып шықты. Сонымен бірге олардың қатарында Тараз, Қарағанды, Ақтөбе, Көкшетау қалаларының да тұрғындары кездеседі. Қазақстанда адам ағзасын, тінін сатуға, сатып алуға "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Кодекстің 209-бабы 4-тармағында тыйым салынған.  Айта кетейік, Қазақстанда донорлар жылдан-жылға азайып жатыр. 2020 жылы 300 шамасында ағза ауыстыру отасы болған.

Бірақ ағзаға мұқтаж азаматтар саны азаяр емес. Vlast.kz-тің дерегінше, елде 3440 адам ағзасын ауыстыру үшін кезекте тұр, оның 108-і бала. Еgov.kz мәліметінше, оның 91,5%-ына бүйрек, 4,4%-ына жүрек, 4%-ына бауыр, 0,1%-ына өкпе қажет.

ағза трансплантациясы

Қазақстанда ағзаны ауыстыру қанша тұрады?

Тірі донордан бүйрек алып, ауыстыру құны – 4,9 млн теңге, ал қайтыс болған донордың ағзасын ауыстыруға 2,7 млн теңге қажет. Ағзаны ауыстыру ақысын пациент қалтасынан шығармайды, қаржы бюджеттен трансплантация жасаған ауруханаға аударылады. Биыл сәуірдегі дерек бойынша, қазір елде 3 мыңнан астам ересек адам және 93 бала бүйрек ауыстыруға кезекте тұр.

Кімдерге донор болуға тыйым салынған?

"Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Кодекстің 209-бабы бойынша кімдер донор бола алмайды немесе мынадай жағдайда тыйым салынады:

- адамнан ағзасын (ағзасының бөлiгін) немесе тiнін (тінінің бөлігін) мәжбүрлеп алуға;
- адамның ағзаларын (ағзасының бөлiгін) және тiндерін (тінінің бөлігін) сатып алуға-сатуға;
- кәмелетке толмаған немесе әрекетке қабiлетсiз адамға;
- қайтыс болғаннан кейін донордан ағзасын және тіндерін шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға трансплантаттау үшін алуға;
- денсаулығының жай-күйі, жасы немесе өзге де себептер бойынша өзінің жеке басы туралы деректерді хабарлай алмаған және қайтыс болуын растау кезінде жеке басы анықталмаған адамдардан ағзаларын (ағзасының бөлігін) және тіндерін (тінінің бөлігін) алуға тыйым салынады.

- инфекция жұқтырған тірі кезіндегі донордан немесе қайтыс болғаннан кейінгі донордан ағзаларын (ағзасының бөлігін) және тіндерін (тінінің бөлігін) реципиентке трансплантаттау үшін алуға тыйым салынады.

Кім донор бола алады?

  • 18 және одан асқан жастағы адам;
  • әрекетке қабілетті адам;
  • реципиентпен (ағза трансплантациясын қажет ететін пациент) генетика байланысы бар немесе онымен тін үйлесімі бар адам;
  • жұп ағзаның (бүйректің) біреуін немесе ағзаның бір бөлігін (бауырды) алуға нотариалды куәландырылған жазбаша келісімін берген адам.

Қазақстанда тірі кезіндегі донордан ағзаны (ағзаның бөлігін) ауыстырып салу туралы шешімді Этикалық комиссия қабылдайды. Комиссия реципиент пен донордың генетика байланысын растайтын құжаттарды, медицина анализдерінің сәйкестігін, тіндер үйлесімін қарайды, шешім шығарады.