Раxымжан Отарбаевтың күнделіктерінен...
Раxымжан Отарбаевтың күнделіктерінен...
526
оқылды

Қаламгер Раxымжан Отарбаевтың өмірден өткеніне де 3 жылдан асты. 19 қазан жазушы, драматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерінің туған күні. Жазушының сәулелі сәттері жазылған күнделігінен оқырманға үзінді ұсынуды жөн көріп отырмыз.

  «Жүз қызға ғашық болдым мен» деген Расул ағам. Балалық шақта, желкілдеген жі­гіт кезде әдемі қыздарға қызыққан да шы­ғармыз. Құмартқан болармыз. Бұйыр­ма­ған ас екен. Атын атап, түсін түстеп қай­те­міз. Алды әже болған шығар. Қызды біреу та­бады, қызығын біреу көреді. Жалғыз ұлым Ермерейге «Жүз қызбен жүр, жүз бірін­шіге үйлен» дейтінім бар. «Ақылының түрін. Өзің сондай болғансың» деп шешесі ой­байлайды. Қайтейін. Өзің жетпегенге ба­л­аң жетсе екен деп тұрасың ғой… *** Біреу итін өтірік айтақтап, әбден ығыр ет­се керек. Қойына қасқыр шауып, ай­тақ­та­са аттап баспайды дейді. Сонда әлгі: – Олла-билла айтақ, – деп айқайлайтын кө­рі­неді. … Айтақ көбейген заман ғой. Қайсысына ша­ба берерсің. *** Бір құрдасым қатты сырқат еді. Қа­тер­лей үйіне бардым. Екпетінен түсіп уһілеп жа­тыр. Жағдай мәз емес. Не деуге болады? Жұ­батар сөз жоқ. Сосын ақырдым. – Сен сияқты ер азамат жерге қарап тоң­қайып өлмейді. Көкке қарап шалқайып өле­ді. Көтер басты, – деп. Өзімше дем бер­ге­нім. Көпшікке жантайып жатып, шай ішіп, маңдайы жіпсіп кәдімгідей марқайып қал­ды. *** Азаматының алдын кеспей, бетінен қақ­пай, тілеуін тілеп, жоғын түгендеп, үзіл­ге­нін жалғап, сынғанын бүтіндеп отыратын жең­гелеріміз қалды ма екен? Тірісінде бюст қояр едік. *** Ғұн бабалар қытайларға: «Мықты бол­саң­дар қала, қорған салмаңдар. Ол – қор­қақ­тың ісі. Ашық майдан даласында кез­де­сейік» депті деседі. Қара жерді төсеніш, көк аспанды жамылғы көріп жауына жа­лаңаш шапқан сол көкелеріміз ақыры та­рыдай шашылып кеткен жоқ па? *** Жарықтық әкемнің бір сөзі әлі күнге қа­бырғама аяздай батады. – Қаншама кітап жаз­дың, балам. Сонда да әкеңе дұрыстап бір хат жазбай қойдың-ау, – деген. *** Бір адам құдық қазады. Мың адам су іше­ді. Сауап – қазғандікі, рахат – ішкендікі. Сол сауабы түскір бізге де бұйырар ма екен? *** Асанәлі аға (Әшімов) әңгіме арасында: – Өзбекке бір орын керек болса, мақ­тап-мақтап өсіріп жіберіп, сол орынға өзі оты­рады. Қазақ болса жан-жағынан ор қа­зып, кресло иесін омақастырып жығып ба­рып алады, – деп еді. Асекем білмесе айта ма? *** Сәкен Сейфуллин өмірінің шындығын біл­гісі келген адам – Тұрсынбек Кәкішевтің кітаптарын оқысын. Кереметтей тұлғаның бар өмірі, қызметі, ғашықтығы, трагедиясы сон­да. Одан қалса менің Сәкен мен Се­ребрякова жайлы жазған «Мен сізді сатқан жоқпын» деген спектаклімді көрсін. Әдемі шапанға жамау жапсырғандар кө­ки береді. *** Кәрі әжемнің санаулы ғана тісі қалған. Оның өзі қызыл еті қашып, әр жерде бір сой­диып тұрады. Жай тұра ма, сырқырап екі-үш күн ауырады. – Қой, құрсын, болмады. Не тамақ іш­кізбейді, не ұйықтатпайды. Жұлшы, – деп кө­кеме шағым айтады. Шалы да соны күтіп отыр­ғандай текемет астынан ұзынша қай­рағын алады. Қалтасынан бір жіңішке жібек жіп табады. Әжемнің аузын аштырып, әлгі жіпті ауырған тіске қазықбау шалып бай­лайды. Бір ұшын ұзынша қайраққа бекітеді. Сол кезде әжем қорқып көзін жұмып, басы қал­тақтай бастайды. Көкем үнсіз есік жаққа қа­райды. Сосын қайрақты бар күшімен құ­лаштап зытырып кеп жібереді. Есікке қарай ал­дымен қайрақ ұшып бара жатады. Соңын­да жіп, жіптің ұшында тіс. Әжемнің басы да бі­раз жерге барып қайтады. – Ойбай, бұл кісі аяйтын ба еді? – деп со­сын әжем бажылдап жастыққа жата кете­ді. – Өлтіре алмай жүр ғой… Балалық қой, ол кезде көкемді шынында да тіс дәрігері деп ойлайтынмын. *** – Алдыңнан күліп шығатын адамы, үріп шы­ғатын иті жоқ ауылды көрдім. *** Әдебиетте біз уызына жарыған тұлға­лар­дың сарқытын іштік. Ендігілер нені жа­лап-жұқтар екен?! *** Бір адам өледі. Жанын алған періштеге ай­тады. «Өмір жолымды өзім көруіме бола ма?» деп. Періште тәй-тәй басқанынан ең соң­ғы иек қаққан сәтіне дейінгі жүріп өткен жо­лын көрсетеді. – Неге екі із қатар жүріп отырған? Мен жал­ғыз едім ғой, – дейді. Әлгі періште: – Қа­сыңда мен келе жаттым, – дейді. Адам: – Кейбір жерде жалғыз із бар. Бі­реуі қайда? – дейді. Періште: – Сен кейбір кезде маған ұстат­пай қашып кеткенсің, – дейді. Осы әпсана рас болса, періштеден біз де бір­деңе сұрармыз-ау. Тек ылғи жалғыз ізге жо­лығып масқара боп жүрмесек… *** Өтірікке ескерткіш қойсақ, қай қалаға орнатар екенбіз?.. *** Екі жақсы тауға шықса – құдаласып түсе­ді. Екі жаман тауға шықса – қуаласып түседі. *** Арқасына алтын артқан кез келген есек пат­ша сарайына еркін кіреді. Бұл – әпсана. Өз басым патша сарайын да, кіріп-шығып жүр­ген есектерді де көп көрдім. *** Көре-көре кезбе болдық, сөйлей-сөй­лей езбе болдық. *** Ақ қағазға сөз ойып шаршадым. *** Адамның бір қызығы фото деген. *** Адам жаны түсініп болмайтын құбы­лыс­қа толы ғой. Алматыда «Жалын» жур­на­л­ында проза бөлімінің меңгерушісі боп жұмыс жасап жүрдім. Өлгім келді. Өзімді алып қашып көп алдадым. Ішкі дүнием кө­нер емес. Ақыры мынау түкке татымайтын дү­ниеде өмір сүрмей-ақ қояйын деп шеш­тім. Онда «Көк базардың» алдындағы «Алма­тыэ­нергоның» екінші қабатында отыратын­быз. Сенбі күні жұмысқа келдім. Келер ал­дында «Көк базардан» бір бума жібек жіп са­тып алдым. Кабинетіміз үлкен. Жаңадан жөн­деуден өткен. Отыра қап ауылдағы апа­ма, бас редакторымыз Мұхтар Шахановқа қош­тасу хат жаздым. «Ешкімге өкпе-рені­шім жоқ. Жер басып жүруге зау­қым да, әлім де жоқ. Мені кешіріңіздер» деге­нім есімде. Бұрышта жылу беретін 15-тік тұрба тұра­тын. Соған жібек жіпті байлап, мойынға сал­дым. Екі рет төмен сырғып кетті. Ша­масы тұрба ақ сырмен сырланған, жіп болса жібек. Салмағымды көтере алмады. Сол кезде телефон шырылдап қоя берсін. Есім ауып тұрып көтерсем, ешкім үндемейді. Ба­са салды. Ойланып отырып қалдым. Ал­ғашқы келген ой – мені о дүниеге жібергісі кел­мей тұр-ау». Екіншіден, шыны керек, үшін­ші мәрте асылуға дәтім бармады. Бетім қай­тып қалыпты. Артынша өмір сүруге, жазуға деген құш­тарлығым кереметтей оянды. Мынау өмір­дің қызылды-жасылды қызығына қойдым да кеттім. Бәлкім бір менің емес, талайдың барып ті­реліп қайтқан тұйығы шығар. Ол оқиға қа­зір де мені толғантпайды. Толғантаты- ны – осыны бір жылдан соң жақын деген до­сыма сыр шертіп айтқанмын. Ол сонда не деді десеңізші? Рахымжан, білмегенсің ғой, жіптің ұшын сулап байласаң сырғымайтын еді, – де­ді. Солай… солай… солай!.. *** – Ұлым Ермерей үйленді. Айнұр деген жақ­сы келін түсірдік. Тойға ағалардан Әб­діжәміл Нұрпейісов, Асанәлі Әшімов, Ес­мұқан Обаев, Мұхтар Шаханов, Есен Тас­қынбаев, Асаубай Майлыбаев, Несіпбек Дәутаев, Құлбек Ергөбек, Бекет Тұрқараев, Амангелді Селбаев, Есберген Әжібеков, Қабдырахим Жаңбырбаев, ақын Ақұштап Бақтыгереева, облыс әкімі Нұрлан Ноғаев бас­таған жақсы-жайсаң қатысты. Жұбайым Сәуле екеуміз ортаға шығып, қадірлі қонақтарға қош келдің айттық. Ба­лаларымызға тілек білдірдік. Сондағы сөзім ел-жұртқа кеңінен тарап кетіпті. Біреулер әртүрлі қисында айтып жүр екен. Өз аузым­нан естіңіздер. – Кітап жазам, оны шығарам дедім. Пье­самен айналыстым, спектакль қойғызам де­дім. Бар ғұмырым осымен өтіп барады. Мы­на шешелеріңе жұрттың күйеуі сияқты жақ­сылық жасаған адам емеспін. Алдымен осы­ны сыйлаңдар. Ұлым, саған кішкене ке­зің­де шапалағым тиген шығар. Өмірдің темірден де қатты соққысы болады. Соған дайын жүрсін дегенім. Келін, айналайын, мы­на алас-күлес заманда саған не ақыл ай­тайын? Байыңа ие бол, – дедім. Бар-жоғы сол! Жалған, жылтырақ сөз айта алмадым. *** «Мыңмен жалғыз алыстым кінә қойма» деп оқушы кезімде Абай өлеңін саудыратып оқып жатқанмын. Атам пеш түбінде қамшы өріп отырған. Құлағы түрік екен. Қайта оқыт­ты. Сақалын сауып ойланып қалды. – Бәлкім, мың емес, мұң болар? Мың­мен алыс­қаннан гөрі мұңмен алысқан күш­тірек, – деп қалсын. Анығын кім білсін. Десе де атам уәжі есім­нен кетпейді. *** – Баяғыда біреу әннің сөзін бұзып айтып немесе даусы жетпей қақалып-шашалып жатса «әжептәуір ән еді, пұшық шіркін қор қыл­ды» десетін. Қазірде экран мен сахнаны өңшең пұ­шықтар жайлап алды. Қой, десең құтырып кетеді. *** Біреу қазалы болса «Сұм ажал» деп сөй­лейтіндер көбейіп кетті. Әрине, жас па, жа­самыс па, өлімнің жолы ауыр. Алланың әмі­ріне адам боп қарсы тұра алмайсыз. Лаж жоқ. Десе де, өлім – Жаратқанның бұйрығы. Де­мек, Алланың ақ жолы. «Сұм ажал» деп біз сол бұйрыққа қарсы келіп, кермал сөз ай­тып жүрген жоқпыз ба? Ойланайық. Екіншіден, қаралы жерге кеп, көңіл де­меген азаматтардың дені «Қайырлы бол­сын» деп жатады. Өлімнің қайырлы, ша­па­ғатты болғанын қайдан көрдік? Баяғының шал­дары «Ақырының қайырын берсін» деп жа­татын. «Ақырының»… Ұмытпайық! Жа­ман­дықтың соңы, ақыры жақсылыққа ұлас­сын деген лебіз.

Дайындаған Г.ТҰРҒАНБАЙҚЫЗЫ