«Самұрық-Қазына» байлығын халықпен бөлісе ме?
«Самұрық-Қазына» байлығын халықпен бөлісе ме?
©А.Ахметқазы
527
оқылды

2021 жылдың бірінші жарты жылы бойынша «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар то­­­бының таза табысы 809 млрд теңге болды. Бұл былтырғы мерзіммен салыстырғанда 3,5 есе көп.

Дағдарысқа дағдармаған компания

Қаржылық көрсеткіштердің оңалуына мұнай бағасының ор­таша есеппен барреліне 67$ дейін өсуі, мұнай өңдеу көлемінің 13%-ға ұлғаюы, электр қуатын өндіру мен тасымалдау 22% және 20%-ға артуы, жүк тасымалының 3%-ға өсуі және контейнерлік транзит­тің 32%-ға көбеюі әсер еткен. Одан бөлек, биыл жолаушылар та­­­сымалында да ілгерілеушілік бар. Теміржол көлігімен тасымал­дау 46%-ға және ұшақпен тасы­мал­дау екі есе артқан. «Самұрық-Қазына» қорының эко­номика және қаржы жөніндегі басқарушы директоры Нәзира Нұрбаеваның айтуынша, болжам бойынша 2021 жылы Самұрық-Қа­зынаның жиынтық таза табы­сы 1,195 млрд теңгеге жетеді деп топ­шыланып отыр. Ол пандемия­ға дейінгі 2019 жылдың көрсеткі­ші­не жақын, әрі 2020 жылдың қор­тындысынан екі есе көп. Сарапшылардың пікірінше, жал­пы пандемия кезіндегі дағ­дарыс мұнай өнді­руші мемлекет­тер­ге екі еселенген соққы болып тие­ді. Оның бірі – жұрт қатарлы бар­­лық әлем елдеріндегідей іс­кер­лік бел­сенділіктің төмендеуі­мен байланысты бол­са, екіншісі – мұнай нарқының арзан­дауы. Қа­зақ­станда мұнай ел экспор­ты­ның 50 пайызын құрайтынын ес­кер­сек, оның кері әсері тіпті ора­сан. Ал дағдарыс жағ­дайында тұр­мысы тұралаған халыққа, кә­сіпорындарға, тіпті банктерге қол­дау көр­­сетумен байланысты мем­лекеттік сек­тордағы компа­ния­лардың шығыны, тіпті еселе­ніп артып, әдетте олар экономи­ка­ның басқа салаларымен салыс­тырғанда есін бәрінен кешірек жинайтын. Бірақ біздің жағдайда бәрі керісінше болып шықты. «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ-ның былтырғы қаржылық есебінің қоры­тын­ды­сына қарасаң, ұлттық компания дағ­дарыс­тың салқынын онша-монша сезбей де қал­ған сияқты. Компания тобындағы кей­бір құрылымдарының табысы, тіпті айтар­лықтай өскен. Табыстың өскеніне, әлбетте, тек қуанғанымыз дұрыс, тек ұлт­тық компа­ниялардың бюджет алдындағы өз міндет­темелерін де ұмытып кетпеуі керек-ақ.

Алмақтың салмағы бар екенін ұмытпаған жөн

Былтыр наурыз айында Президент Қа­сым-Жомарт Тоқаев ұлттық компа­ния­лар табыстың 100%-ын бюджетке төлеуге тиіс деген тапсырма берді. Өйткені соңғы жылдары бюджет тапшылығын жамаймын деп Ұлттық қордың қазынасы едәуір ойсырап қалған. Бұл шешім Ұлттық қорды аман сақтаудың бір амалы-дағы. Кейін министрлер кабинеті бастапқы жарнада мемлекеттің үлесі бар компаниялар 2020 жылы және одан кейінгі жылдары «жыл­дық шоғырландырылған таза табыстың ең кемі 70% сомасын бюджетке аудару ту­ралы» қаулы қабылдады. Мемлекет бас­шысы ұлттық компаниялардың диви­денд­тері бюджетті толықтырудың негізгі көзі болуы тиісін қадап айтты. «Ұлттық компаниялар мемлекетке тиесілі болғандықтан, олардың тапқан табыстары мемлекеттік бюджетке түсуі тиіс. Бұл тек дағдарысқа қарсы жасалып отырған шара емес, жалпы бұдан былайғы уақытта да ұлттық компаниялар тұрақты негізде бюджетті қалыптастырып отыруы тиіс»,– деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Сөйте тұра, «Самұрық-Қазына» АҚ өзі­нің еншілес компанияларының диви­дендке қатысты 2012 жылы қабылдаған саясатын өзгерткен жоқ. Бұл құжатта порт­фельді компанияларға дивиденд тө­леу көлемі сараланып төленетіндігі көр­се­тілген. Яғни, оған екі фактор әсер етеді – компанияның кемелділігі және қар­жылық-экономикалық жағдайы. Соны­мен қатар компанияның есепті кезең ішіндегі инвестициялық шығындары, ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конс­трукторлық жұмыстарға жұмсалған қар­жы, акционерлерге төленетін төлемдер ескеріледі. Есепті мерзім ішінде шоғыр­лан­дырылған таза шығыны бар компа­ниялар дивиденд төлеуден босатылады. Ал компаниялардың кемелділігін «Самұрық-Қазына» АҚ келесідей тәсілмен анықтайды: кемелденген – тұрақты табыс табатын және тұрақты табыс көзі бар кәсіпорындар. Мұндай компаниялардың нарықта тұрақты орны болуы тиіс. Ал дамушы компаниялар – енді қалыптасып келе жатқан кәсіпорындар. Ол тұрақты табысының жоғымен немесе кіріс көзінің көлемінің аздығымен өлшенеді.

Дивиденд төлеуден неге тарылады?

Қаржыгер экономист Гүлнұр Дубай­дың айтуынша, «Самұрық-Қазына» АҚ порт­фельді компаниялары 2021 жылы 307,9 млрд теңге дивиденд төледі, оның 161 млрд теңгесі Қорға аударылды («Сам­ұ­рық-Қазына» барлық компаниялардың 100% үлесін иеленбеген, сондықтан дивидендтерді толық көлемде алмайды). «Самұрық-Қазына» АҚ Компаниялар тобы құрамындағы ірі 14 компанияның 10-ы өткен жылды таза табыспен аяқтады, олардың 7-еуі дивиденд төледі. «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының өзі әзірге 2020 жыл үшін мемлекетке дивиденд төлеген жоқ. «Биыл Үкіметке ең көп дивиденд тө­легені – «Қазатомпром» ұлттық атом компаниясы. Ол акционерлерге 150 млрд теңге немесе өзінің шоғырландырылған таза табысының 68%-ын аударған. 2021 жы­лы компания жаңа дивидендтік сая­сат­қа байланысты (2021 жылы мамыр айында қабылданған) төлейтін дивиденд көлемін ұлғайтты. Енді еркін ақша айналымы ағы­мы есебінде (FCF) акция пакеттерін сату­дан немесе сатып алудан түскен кірістер, сон­дай-ақ жылдық жалпы акционерлер жина­лысынан кейін құрылған біріккен кәсіп­орындардың және қауымдасқан ұйымдар­дың дивидендтері де есепке алынатын болады. Бұған дейін бұл кіріс FCF есебінде есепке алынбайтын», – дейді Гүлнұр Дубай. 2020 жылы «Казатомпром» АҚ-ның кірісі 17%-ға ұлғайып, одан түскен таза та­быс 4%-ға артты. Компания акционер­лері (акцияның 25%-ы биржада сатылады) «Казатомпрома» АҚ акциялары құнының алдағы уақытта да өсе беретініне шүбә кел­тірмейді. Жыл басынан бері ком­па­нияның құнды қағаздары LSE саудасында 86%-ға қымбаттаған. «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ-ның ең аз дивиденд төлеген еншілес ұйымы – Samruk Kazyna Construction. Ол қазынаға ди­виденд ретінде былтырғы табысының тек 15%-ы көлемінде 6,8 млрд теңге аударған.

Заңмен міндеттелуі тиіс

Республикалық есеп комитеті «Самұ­рық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ-ның дивидендтік саясаты мемлекеттік кәсіпорындардың тапқан табысымен сәйкес емес деп көп жыл­дан бері сынап келеді. Есеп коми­тетінің 2020 жылғы бюджеттің орындалуы бойынша Үкімет алдында берген есебінде квазимемлекеттік сектордың 2015-2019 жылдар аралығында таза табысы төрт есе өскен, яғни 527,8 млрд теңгеден 1,992 трлн теңгеге жеткен. Ал сөйте тұра, 2020 жылы Үкіметке төлеген дивидендтерінің көлемі тек 142,7 млрд теңгені құраған, бұл таза табыстың 7%-ынан аспайды. «Мемлекеттік ресурстар шығындарын үнемді пайдалану жөніндегі міндеттерді ескере отырып, акционерлердің басқа мақсаттарға қаржы жұмсауын, дивиденд төлеуден босатылуын және оның төлемін кейінге қалдыру тәжірибесін жою керек деп санаймын. Ол үшін акционерлік қо­ғам­дардың мемлекетке төлейтін міндетті дивидендтер көлемін, оларды төлеу мер­зімін заңмен нақтылап бекіту қажет», – дейді Республикалық бюджеттің атқары­луын бақылау жөніндегі есеп комитетінің төрайымы Наталья Годунова. Оның айтуынша, дивидендтер пайы­зы­ның төмен болуына сонымен қатар мемлекеттің қажеті үшін алынатын түрлі алымдардың да кесірі тиіп отыр – әлеу­меттік нысандар құрылысына, бюджеттік бағдарламаларға жұмсалатын шығындар. Әдетте бұл шығындардың құны шамадан тыс көтермеленіп көрсетіледі. Мәселен, «Самұрық-Қазына» АҚ кейінгі бес жылда әлеуметтік құрылыстар салуға 366 млрд теңге немесе таза табыстың 14%-ын жұм­саған. Сөйте тұра, бұл нысандардың кей­бі­реуі мемлекет меншігіне берілмеген. Сөз соңында айтарымыз, «Самұрық-Қазына» АҚ мемлекеттің қыруар ресурсын иелене отырып, сол арқылы мол табысқа кенеле жүріп, бюджетке мардымды диви­денд төлемесе, дағдарыс кезінде әл-ахуа­лы төмендеген халыққа қолдау көрсетпесе, онда мұндай квазимемлекеттік сектордың елге керегі қанша деген заңды сұрақ туады.

Дәулет АСАУ