Керделі ауылына көгілдір отын берілді

Керделі ауылына көгілдір отын берілді

Бүгін Нартай Бекежанов ауылдық округінің тұрғындарына көгілдір отын берілді. Аудан әкімі Нариман Мақұлбеков Керделі ауылының тұрғындарын  құттықтап, газ құбырын салтанатты түрде ашты.

Мерейлі сәтке аудандық мәслихат хатшысы Т.Жағыпбаров, «Nur Otan» партиясы Шиелі аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Б.Сыздық, Еңбек ардагері А.Баукенов, Еңбек ардагері Қ.Оспанов пен БАҚ өкілдері қатысты. Бұған дейін көгілдір отынға Шиелі кенті мен Байтерек, Жаңатұрмыс, Бидайкөл ауылдық округтері қосылған. Ал бүгіннен бастап Нартай Бекжанов ауылының тұрғындары  көгілдір отынның игілігін көрді. Желтоқсан айына дейін Қодаманов ауылын «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында газбен қамтамасыз етіп, 525 үй от жағу бейнетінен құтылады. Жыл аяғына дейін тұрғындардың 65 пайызы көгілдір отынмен қамтылмақ.

– Өздеріңіз білесіздер, бұған дейін жыл сайынғы есепті кездесуде ауыл халқының көтеріп жүрген ең өзекті мәселесі ауылға көгілдір отын тарту болатын. Бүгінгі қуанышты жаңалығымыздың бірі – Керделі ауылдық округінің тұрғындары көгілдір отынға қол жеткізіп отыр. Бұл жобаға өңірлерді дамытудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасы аясында құны 374,6 млн теңге қаражат қаралып, жоспар бойынша 540 үй табиғи газға қосылады. Құрылыс жұмыстарын жүргізген бас мердігер компания «Транс Азия Констракшн» мекемесіне және құрылысшыларға барша ауыл тұрғындарының атынан және өз атымнан алғысымды айтамын, – деді аудан басшысы.

Сонымен қатар, облыс әкімінің қолдауымен жол картасы бағдарламасы аясында Ақмая және Алғабас ауылдық округтеріне газ құбырын жүргізіп бастау үшін 745 млн теңге қаржы бөлініп, жақын арада құрылыс жұмыстары басталатын болады. Мұнан бөлек Бестам, Ақтоған, Жиделіарық, Еңбекші Алмалы, Телкөл елдімекендерін газдандыруға ЖСҚ әзірленіп, 4 елді мекеннің мемлекеттік сараптама қорытындылары алынса, 2 елді мекеннің құжаттары сараптамаға тапсырылды. Сөз соңында аудан басшысы Нариман Мақұлбеков Мемлекеттік бағдарламалар аясында алдағы уақытта да ауданымызда мұндай игілікті істер өз жалғасын табатынын айтты. Ауданға қарасты елді мекендердің әлеуметтік-экономикалық және инженерлік инфрақұрылымын дамытуда ауқымды жобалар жүзеге асырылуда. Жыл сайын жергілікті жұрттың қажетін ескеріп, олардың жайлы тұрмыс кешуіне қажетті ауызсу, газ тарту, жол салу секілді мәселелер кезең-кезеңімен шешімін тауып жатыр.