Жарылмайтын жаңғақтар
Жарылмайтын жаңғақтар
164
оқылды
Дүниеде жарылмайтын жаңғақтар болады.  Қатты жаңғақтар.  Жерге бір ұрасың, жарыла ма екен деп таңданып тұрасың, жарылмай ды. Көшеде кетіп бара жатқан біреуді тоқтатып алып: «Кешіріңіз, шекеңізге жаңғағымды жарып алайыншы» демейсіз ғой. Адамдар да жаңғақ сияқты. Шекелері шатпақ  болса да, біреулер қақ маңдайдан атпақ болса да, жолдары болып, желіп жүре береді. Бірдеңе сұрасаң, ыржалақтап күле береді, сөйтіп олар халықты алдап, өмірін сүре береді. Оларда жүрек жоқ, өйткені қарындары тоқ. Мінездері май, астыларында тайраңдаған тай. Қазіргі заманда,  дін мұсылман «аманда» табан астында тақияңды теріс қаратып, өзіңе ащы тұз жалатып, жай ғана саусақтарыңды санатып, Алдар Көсенің көк есегіне мінгізе салатындар көбейді. Екі күннің бірінде «Апатай!» деп алданып қалатындар, ойпырмай, сонда да, сол сүмелектерге имандай нанатындар көбейді.  Елордада жыл басында автосалон ашылды. Жұрттың бәрі желмен ыққандай, бәрі сонда ағылды. Өйткені,  «блатной»  блогерлер мен танымал тәртіпсіз әншілер арзан көлік  «көз алдыңызда»  деп жарнамалап жатты. – Мынау қандай машина? ‒ деп сұрады көлік сатып алғысы келген жігіт ағасы қызығып кетіп. – Сондай машина. Жүр десеңіз жүреді, күл десеңіз, күледі. ‒Қойыңызшы. Күлегеш машинаның керегі жоқ. ‒Сізге әзілдеп жатқаным ғой, ‒ деді менеджер жымиып. Жымиысының өзі жайлы, қалбалақтап, қолын ұсынып еді, жүдә майлы екен. Жігіт ағасы секемденіп қалды. Бірақ, сыр бермеді. Менеджер біраз уақытқа дейін басқа біреумен сөйлесіп,  мұның қасына келмеді. – Әу жігіт, қанша тұрады? – Сонша тұрады. – Аа, әйнегінде жазулы тұр екен ғой.  Неге арзан? – Халықтың қамы.  Моторы  аттай. – Өзі ше? – Су жаңа заттай. – Күші қандай? – Алты аттың, он екі есектің, қырық қораздың күші бар. – Өзіңіз тым әзілкеш екенсіз. – Көліктер көп сатылып жатыр. Соған мәзбін. –  Шынында, сол күні көліктер өте көп сатылды. Жұрт қайдан білсін, мына топырлаған менеджерлердің де, соның ішінде Сырдың суы сирағынан да келмейтін Айдос алаяқтың «Маңғыт, ауыздарыңа саңғыт!»‒деп қаша жөнелетінін. Қазір осы үрдіс сәнге, «Ойбай, алданып қалдым!» деген сөздер әнге айналды ғой. Сөйтіп, елордада төрт жүзге жуық адам «Қыық, вом, вооооомсыз» қалды. Балалар тілімен айтқанда. Ақшаларын санап берген, бірақ көліктері жоқ дейміз бе. Бұл жарылмайтын жаңғақ бастарда о баста  сатылатын көліктері де болмаған ғой. Не деген жаңғақ жұтқандар еді десеңізші? «Көлік сатып алып береміз!» деп қалай сендірді десеңізші? Жинағандары жылан жалағандай, сағымдары салы суға кеткен жәбірленушілер саны  төрт жүзден асып кетті. Халықты қан қақсатқандар жеті миллиард теңгені  «Тілдерінің астына» салып кетті. Әлібек Төлеуов, жәбірленушілердің бірі: – Бүкіл жерде авто салондарды қарадық. Ол жерлерде екі ай, үш ай күтесің деді. Сосын «Колесо» интернеттен көресің деді. Осы «Нұр авто»  бір ай ғана шыдаңыздар деген соң, жетіп келейік. Біз келгенде адамдар нөмірге де тапсырыс беріп жатты. Кәдімгідей. ХККО‒ ның адамы отырды. Сондайларды көргеннен кейін бәріміз ойладық, рас шығар деп. Сол жерде қаншама адам жүрді. Елу төрт миллион теңге салған  кісілер де болды. Он екі, он алты, одан да көп салғандарға куәмін. Ия, Берік деген қаржы директорын ұстап алып, суға салсаң, батпайды екен. Әшейін қалқып жүре береді екен. Сонда дейміз, мұндай алаяқтарға қашан түбегейлі тоcқауыл болады? Жарылмайтын  жаңғақ бастар қашан жарылады?

Ратқұм МІРЕШ