Желіде видео құттықтауымен танымал болған африкалықтар бұл жолы Ақтау қаласының әкімі Нұрдәулет Қилыбайға сәлем жолдап, қалаға орнатылған жасанды қызғалдақтар үшін рақмет айтты. Олар бұған дейін бірнеше қаланың әкіміне арнап видеожолдау, құттықтау түсірген. Африкалықтарға мұндай видеожолдау түсірту қанша тұрады?
Бейресми дереккөздің мәліметінше, видеоға түскендер - Конго демократиялық республикасының азаматтары.
Құттықтауларға, сәлем жолдауға тапсырыс Instagram-дағы Privet_iz_afriki парақшасында қабылданады. Видео түсіру, онда 1-2 сөз айтқызу, тақтаға жазу, билеу және суретін сүю құны 3500 рубль (21 мыңға жуық тг.) тұрады. Ал суретті басып шығару - 150 рубль (900 тг.), Happy birthday әнін айту - 200 рубль (1199 тг.). Егер видеоны Privet_iz_afriki парақшасына жариялауға рұқсат берсеңіз және қызмет ақысын криптовалютамен төлесеңіз, 10% жеңілдік бар.
Құттықтауды "жергілікті тұрғындар", "гавайлықтар", "денелілер", "сымбаттылар", "сұлулар" деген топтар түсіре алады. Сосын тапсырыс беруші таңдаған кез келген әнге билеп береді. Қазір олардың парақшасында 60 мыңға жуық жазылушысы бар. Олар құттықтаудан бөлек, сәлем жолдап, түрлі жарнама да жасайды.
Парақшасына қарасақ, қазақстандықтардан тапсырыс көп түсетінге ұқсайды. Ақтөбе, Алматы қалаларының кәсіпкерлері де кәсібіне жарнама жасатқан.
Жартылай жалаңаш жігіттер Өскеменнің әкімі Жақсылық Омарды "Үздік әкім" деп видео түсіріп, басы дауға қалған еді. Өскемен қаласының әкімдігі видеоға тапсырыс бергендерді іздеп, қылмыстық іс қозғайтынын хабарлады.
Кейін Өскемен тұрғыны әкім мен тұрғындардың көңілін көтеру үшін тапсырыс бергенін айтты.
Ақтөбе қаласының әкімі Асхат Шахаровты да туған күнімен құттықтап, Юрий Шатуновтың әніне биледі.
Осылайша бірнеше әкімді танымал еткен африкалық жігіттер Нұр-Сұлтандағы "Кіші Талдыкөл" оқиғасына да бей-жай қарамаған.
"Бізге бәрібір емес. Жақында біз Қазақстандағы "Кіші Талдыкөл" көлінің мәселесін естіп, көз жұма алмадық. Табиғаттың сыйын бағалау өте маңызды. Оның үстіне жануарлардың үйін тартып алуға құқығымыз жоқ", - деп фламингоның суретін көрсетіп, PSY-дың Gangnam Style әніне биледі.
Бұл видеоға кімнің тапсырыс бергені белгісіз. Бірақ тапсырыс берушінің Privet_iz_afriki парақшасына жариялауға рұқсат беріп, 10% жеңілдік алғаны айқын.
Айта кетейік, 2017 жылдары мұндай видео құттықтауларға тапсырыс қабылдау Қытайда танымал болған. Ондағы TaoBao интернет-дүкені африкалық балаларды түсіріп, бизнес жасаған. Балалар қызмет ақысының азғантай пайызын алып отырған.
Privet_iz_afriki парақшасының иесін анықтай алмадық. Дегенмен парақшаның админі ТМД елдерінің бірінен болуы мүмкін, себебі ол орыс тілінде сауатты жазып, сөйлейді. Төлемді криптовалютамен қабылдайтынына қарағанда, цифрлық валютаға да қызығатыны байқалады.