Рақымшылық: қанша адам абақтыдан шығады?

Рақымшылық: қанша адам абақтыдан шығады?

Елімізде 64 мекеме мен 16 тергеу изоляторында 34 мың адам бар. Оның 30 мыңына сот үкімі шыққан. Мәжілісте рақымшылық жасау туралы заң жобасы талқыланды.

Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың айтуынша, заң жобасының мақсаты – аса ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыс үшін жазадан босату және кейбір ауыр, аса ауыр қылмыстар үшін жаза мерзімін қысқарту.

«Рақымшылық ардагерлер, кәмелетке толмағандар, жасы үлкендер, бірінші және екінші топтағы мүгедектер мен қоғамға қауіп төндірмейтін адамдарға қолданылады», – деді министр.

Бүгінде 64 мекеме мен 16 тергеу изоляторында отыз төрт мың адам бар. Оның отыз мыңына  сот үкімі шыққан. Қалған 4 мың адам тергеуде қамауда. 93%-і ауыр және аса ауыр қылмыс жасағаны үшін қамауда отыр. 45%-і оның алдында бірнеше рет сотталған. Сонымен қатар, 32 мың адам пробациялық бақылауда тұр.

Министрдің айтуынша, жоба бойынша 2 236 сотталушы мен пробациялық бақылауда тұрған 11 310 адамға рақымшылық жасалады. Нәтижесінде, 1 мың адам қамаудан бостандыққа шығады, 3818 адам пробациялық бақылаудан босатылады. 1294 сотталушының, пробацияда тұрған 7492 адамның жаза мерзімі қысқартылады.

Сонымен қатар сотқа дейінгі тергеудегі бес мың қылмыстық іс қысқартылады. Оның ішінде, 1674 адам қылмыстық жауапкершіліктен босатылады. 1471 адамға сот органдарының жаза мерзімін қысқарту немесе босату ережелері қолданылады.